Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ХАРАМ МЕШІТІНДЕГІ ӘЙЕЛ

ИБРАҺИМ Мұстафа www.muftyat.kz 12.10.2017 5319 0 пікір

Мекке. Харам мешіті. Ең қасиетті қала. Құран аяттары түскен құтты мекен. Қағбаны тауап етіп жүрген кісі көп-ақ. Шеттеу жерде құбылаға қарап молдас құрып, Құран оқып отырған араб жігітті анасымен жасты бейтаныс әйел кеп иығынан түртті

Бейне бір бұрыннан таныс кісідей жүзі жылы екен. Екі көзі жасқа толған. Жігіттің қолындағы Құран кітабын нұсқап, бар білгенінше «Сен Құран оқи аласың ба?» - деп сұрағысы кеп тұр. Әйелдің түр-әлпетінен батыс елінен келгені көрініп-ақ тұр. Жігіттің: «Иә, оқи аламын» дегені сол екен, әйелдің көздерінен жасы моншақ-моншақ боп төгіле бастады. Өзегін өртеген беймәлім дерттің бар екені анық. «Апа сізге не болды?» - дегенде, әйел: «Мен Құран оқи алмаймын. Шамам келмей жатыр», - деді де, өксігін тоқтата алмай егіліп жылай берді.

Әйелдің Құранға деген ерекше махаббатынан жігіт те толқып кетті. Тілі Құранды судыратып оқып жүрсе де, жүрегімен осыншама Алланың сөзіне ғашық боп көрмепті. Бір жағынан анасындай әйелдің Құранға деген махаббатына қатты қызықты. «Сіз Алланың үйі – қасиетті мешіттесіз. Құдайдан сұраңыз, Құран оқып үйренуге жәрдем тілеңіз», - деді. Әйел де лезде алақандарын жайып: «Уа, Алла! Құран оқуға зейінімді аша гөр, - деп қайталаумен болды. Соңыра: «Мен бұған дейін де көп әрекет еттім. Оқи алмай жатырмын», - деді.

Қари жігіт:

-         Құдай қаласа, Құранды әлі-ақ үйреніп, көп хатым жасайсыз, - деп жұбатуға тырысты. - Фатиха сүресін білесіз бе?

-         Иә, білемін, -деп бұған қоса бірнеше қысқа сүрелерді де санамалап жатты.

Екеуі жер бетіндегі ең қасиетті мекенде анасы мен баласы сияқты әңгімелесіп отыр. Әйел: «Құран оқымай өмірден өтемін бе деп қорқамын. Олай кетсем, одан асқан өкініш жоқ қой... Қияметте күнім не болады..?», - деді. Мұсылман емес елден келген әйелдің өмірдегі ең асқақ арманы – Алла Тағала сөзін оқып үйрену екенін көрген жігіттің жүрегі езілді, көздері еріксіз жасқа толды. Мекке қаласының тұрғыны болса да, Құранды мұнша жақсы көрмегеніне іштей қынжылды. Оның ана тілі – араб тілі. Күніге бес уақыт азан дауысын естіп, мешіттерде имамдардың Құран оқығанын көрсе де, қолына Құран алып, оны оқуға еш ынтызарлық танытпайтын отандастары барына таң қалды.

Жүрегі Құранға деген кіршіксіз махаббатқа толы ана сол сезімінің бір бөлігін жас жігіттің де көңіліне салып кеткендей болды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру