Алқама есiмдi сахаба жiгiт өлiм аузында жатып «Алладан басқа Тәңiр жоқ» (Лә иллаһа илла Алла) деп кәлима келтiруге тiлi келмей, қиналып жатады. Мұны көрген Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалардан:
- Бұл жiгiт бiреудi ренжiтiп пе едi? - деп сұрайды.
- Иә, бұл жiгiт анасын қатты ренжiтушi едi,- деседi олар.
- Онда барып анасын алып келiңдер, - дейдi Алла елшiсi.
Анасы келедi. Оған Пайғамбар (с.ғ.с.):
- Балаңызға кешiрiм етiңiз, өлiм аузында жатыр, - дейдi.
- Кешiрмеймiн, - дейдi ашулы ана.
- Ендеше, қазiр ұлыңызды көз алдыңызда өртесе шығар ма едiңiз? Сiз кешiрмесенiз, оны о дүниеде тозақтың оты күтiп тұр. Ал сiздiң кешiрiмiңiз оны сол өрттен арашалап қалуы мүмкiн, - дейдi ол.
Сонда анасы:
- Қаншама көңiлiмдi қалдырып, жанымды ауыртса да, туған баламды өртке қалай қияйын? Кештiм бәрiн де, - дейдi.
Сол сәтте ғана Алқаманың тiлi икемге келiп, кәлимасын қайтарып барып көз жұмыпты.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру