Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйелдерге 20 кеңес

19.12.2014 15934 0 пікір

Құдіреті шексіз Алла Тағала Құранда: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен.

Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар», -дейді («Рум» сүресі, 21-ші аят). Яғни, әйел – тек бір Аллаға құлшылық ету және ерінің тыныштық табуы үшін жаралды. Осы екі міндетті атқарып өткен әйел – екі дүниеде де бақытты. Оның жәннаты немесе тозағы, ақыретте намазбен бірге сұралатыны – жары. Тіпті, Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Егер біреуге сәжде жасауға рұқсат берілсе, әйелге еріне сәжде жасауға бұйырар едім»,- деген (Тирмизи). Осы бір аят пен хадистен кейін артық сөз қажет емес секілді. Айша анамыз (Алла разы болсын) соңынан ерген мұсылман сіңлілеріне күйеулеріңнің алдындағы міндетті білсеңдер, оның аяғындағы шаңды беттеріңмен сүртер едіңдер деп өсиет қалдырды. Біз сізге дәл осылай шаң сүртіңіз деуден аулақпыз. Алайда, жарыңыздың разылығын табу жолында көмегі тиер деген ниетпен төмендегі кеңестерімізді ұсынып көрмекпіз.

1. Жарыңыздың көзінше ешқашан дауыс көтеруші болмаңыз. Ол жоқта да бұл олқылықтан аулақ болған жөн. Қыз баласына тән нәзіктіктен таймаңыз. 

2. Күйеуіңіз ашуланғанда, отқа май құймаңыз. Мәселен, бокс алаңында міндетті түрде екі боксшы болады. Бір қатысушы жоқ болса, бокс жоқ. Яғни, сіз өзіңізді тыйсаңыз, оның ашуы да оңай басылады. Ашу келіп тұрса, отырыңыз немесе жатыңыз, тіпті болмаса, дәрет алыңыз. Жарыңызға да осыны еске салыңыз. Мұндай сәтте үйде барынша тыныштық сақтауға тырысып бағу керек.

3. Күйеуіңізден «Сен бүгін маған разысың ба?» деген сұраққа оң жауап алмай ұйықтамаңыз. Ол разы болса, Аллаға да ұнамдысыз.

4. Онымен қарым-қатынаста кішіпейіл болыңыз, қырсықтық таныту, өз пікіріңде қатайып тұрып алу ешкімге әбүйір әкелмейді. Оны ашуландырудың арты ұрысқа тіреледі. Шайтанның сүйікті ісі – араға от салу. Ұрыс-керістен қашумен айналысу керек. Күйеуіңіздің тарапынан ескерту келсе, екінші рет қайталанбас үшін, қорытынды шығара біліңіз.

5. Ол киінгенде әрдайым жанынан табылыңыз, керегін тауып беріңіз. Аяқ киімін тазалап, жағасын түзеңіз. Оны шығарып салуға көңіл бөліңіз.

6. Жарыңызбен тәһәжжуд намазына жиі тұруға тырысыңыз немесе парыз намаздарын бірге жамағат болып оқыған дұрыс. Бұл – ер мен әйел арасындағы рухани байланысты нығайтады, Алла мейірім пен махаббатқа жол ашады. Себебі, Алланы еске алумен жүректер тыныштық табады. Алладан екеуіңіз үшін әрдайым тілек тілеңіз.

7. Күйеуіңізден кешірім сұрағанын немесе ақталғанын күтпеңіз.  Иә, кейде оның иілуге тиіс кездері болады, бұл – оның көркем  мінез-құлқынан. Алайда, сәт сайын, сағат сайын одан бұл әрекетті күтпеңіз.

8. Оның сыртқы келбетін қадағалаңыз. Ол тазалығымен, жағымды иісімен жұмыс жасамаса, өз міндетіңізге алу керексіз. Әр кеш сайын киімдерін жуып, үтіктеп дайындап қойыңыз. Маскалар жасап, жылы ванна дайындаңыз, массаж жасаңыз. Сіздің тазалығыңыз – оның тазалығы. Ол ұқыпсыз жүрсе, кінә сізден болып тұр.

9. Күйеуіңізден алғыс күтпеңіз. Оны қуандыру үшін тосын сый жасасаңыз да, оның рақметінен үмітті болмаңыз. Олар эмоцияға берілмейді, сезімін іште сақтай алады. Ол үшін қапаланып, ісіңізге өкінбеңіз. Сіз не істесеңіз де Алла разылығын үшін істейсіз емес пе? Алла білсе, соның өзі жеткілікті. 

10. Оның көңіл күйіне ілесіңіз. Қуанса қуанып, мұңайса бөлісіп, жанынан табылыңыз. Сіздер – бір-бірлеріңізге киімсіздер. Киім ыстықтан, суықтан қорғайтыны секілді, бір-біріңізге сүйеніш болыңыздар. Оған «жақсы күйеу» екенін жиі айтып тұрыңыз.

11. Күйеуіңіз – Алла екеуіңіздің арасындағы «көпір» десе де болады. Оның алдындағы ықыласты амалдарыңыз – құлшылық. Құлшылық үшін сауап бар. Оның артында жәннат тұр. 

12. Күйеуіңіз бұйрық бергенде, немқұрайлылық танытып, кейінге қалдырмаңыз. Және өтінішін жақсы көңіл-күймен, жоғары құлшыныспен орындауға тырысып бағыңыз. Оған өтініш айтқыңыз келсе, бірден жағадан алмай, бірінші тәні мен жанының, нәпсісінің қажеттілігін қанағаттандырыңыз, сонан кейін ғана оңтайлы сәт тауып жеткізіңіз.

13. Сапардан, жұмыстан келгенде күлімсіреген жүзбен қарсы алыңыз. Ісіңізді тастай салып есіктен күтіп алу, құшақтау, дұға жасау оған жағымды әсер қалдырады. Оған бірден қиындықтарыңызды айтушы болмаңыз. Жалпы қандай жағдайда да тағдырға наз айтудан аулақ болған жөн.

14. Оның алдында барынша әдемі киініп, ұқыпты, таза болып жүріңіз. Жағымды иіске ерекше назар аударыңыз. Үйдің, төсек жабдықтарының тазалығын қадағалаңыз. Күн сайын таранып, теріңізді күтіңіз. 

15. Отбасылық қиындықтарыңызды, құпияларыңызды құрбы-туыстарыңызға айтушы болмаңыз. Расымен де көмек керек болса, білім иесіне жүгініңіз. 

16. Оның отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз, әрдайым жағдайларын сұрап, орайы келгенде сыйлық беріп тұрыңыз. Еріңіздің разылығына жететін жол – оның анасы. Енеңізбен әрдайым тату-тәтті болыңыз. Оған туыстарын, достарын жамандаушы болмаңыз. 

17. Ол сізге қызықсыз әңгіме айтса да, бас изеп, мұқият тыңдаңыз. Сөзін бөлмеуге әрекет жасап, арасында ғана сұрақтар қойып отырыңыз. Оған ұнайтынды, қызығушылығын ұнатуға талпыныңыз. Жасаған жақсылығы үшін әрдайым алғыс білдіріңіз. Әзілдесіңіз, жақсы көретініңізді айтыңыз. 

18. Оған ескертусіз сыртқа шықпауға тырысыңыз, қонақ шақыратын болсаңыз, қонақтар санын, тамақ мәселесін кеңесіңіз. Және оған да жақсы мұсылмандармен жақсы қарым-қатынас орнатуына жағдай жасаңыз. Қайырымды, сауапты істер жасауға ой салыңыз. Мұсылмандар – ізгілікте бір-біріне көмекші. 

19. Түрлі дәмді тағамдарды, оның сүйікті асын жасауды үйреніңіз. Күн сайынғы асты оның қалауын сұрау арқылы жасайтын болыңыз. Әрдайым халал азық-түлікті қолданыңыз. Оның уақытылы тамақтануын, уақытылы ұйықтауын қадағалаңыз. Уақытыңызды үнемдеңіз. Қазір ғаламтор беттерінен түрлі үйрену сабақтарын (тігін, массаж, қолөнер) тауып алуға болады, оларға сүйене отырып, қызықты әрі пайдалы іспен айналысыңыз.

20. Күн сайын жаңа білім үйреніп, күйеуіңізге жеткізіп отырыңыз. Бірге Құран оқып, тәпсірлеріне ой жүгіртіңіздер, білмегеніңізді одан сұраумен болыңыз. Ол сізге – жар, әке, бала, бауыр, ұстаз болу керек. 

Сахих хадистерде күйеуіңіз разы болмаса, Алла алдындағы құлшылығыңыз қабыл болмайтындыңы ескертіледі, ендеше, мүмкіндік барда қолдан келгенді жасаудан аянбаңыз.

asylarna.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру