Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызы арлы болған халықтың жігіті намысшыл

03.11.2014 6655 0 пікір

Ұлттық сипат, елдік дәстүрдің бізден алыстағанынан болар, қарындасқа сын айтсақ, "какое твое дело!" деп аузына құм құяды. Сен осы қарындас тұтқанмен, ол сені аға тұтып тұрған жоқ. Қазақ "қызға қызық үйден тыю" дейді. Тәпсірлеп көрейікші. Қыз қырық үйдің біреуіне ғана перзент. Қалғаны қаймана. Яғни, қыз ұяты − қауымның намысы. Қыз абыройын қорғау − барша қауымға міндет деген сөз. Қызғаныш өзіне аяулы болған дүниені өзгеге қимағандықтан болатын сезім. Біреу біреуден атақты, ақшаны, бақты қызғанады. Бұл − пендешілік. Ал елін, жерін, арын қору бар. Ол азаматтық! 

Қоғамда жік бар. Тілінің алалығына орай, тілектері басқа, мұраттары бөлек ұрпақ екіге бөлінгендей. Және екі шектен шығушылықты байқасыз. Бір жастар бар. "Түңліктен күн көріп, түтіктен су ішкен". Бар мұраты − сәннен қалмай мәшинесін, қалта телефонын, киімін ғана қызықтап, нәпсісін күйттеу. Ұлт, тарих, болашақ, ұрпақ деген ұғымдармен шатағы жоқ шата ұрпақ. Енді, ұлттық намысы бар болашаққа болжап қарайтын жастар бар. Оларға қарап Аллаға шүкіршілік айтасың. Бір қиыны анау мынаған менсінбей қараса, мынасы анаған жиіркене қарайды. Өйткені, ортақ мұраттастық жоқ. Бұл үлкен қауіп. Ұлт көз алдымызда жарылып барады.

Ұрпақтың гендік жадын оятатын ұлттық құндылықтар насихатталуы шарт еді. Алайда ата-бабамызды қынадай қырған Колчакқа деген құрметіміз Ресей фильмі арқылы күшеюде. "Черепаха-ниндзя", "Мики-маус", "Том и Джерри", "Хрюшаны" тамашалап өскен ұрпаққа тасбақа, тышқан, торай асыл түлігіндей аяулы болмақ. Шошқадан жиіркенбейтін қазақтар өсіп келеді. "Күңіреніп күн түбіне жортқан" бабаларының қадірін әспеттейтін, олардың мәрттігін, ерлігін, табандылығын, намысшылдығын бейнелейтін кинолар, кітаптар керек еді. Өкінішке орай, не болса соған таббынып, шоқпыт киген жабайылықты, арсыздық пен надандықты кино етіп ұрпақты қағынан жерітіп жатырмыз.

Соғыс жылдарында мынадай бір жағдай болған. Немістер тұтқынға түскен славян қыздарын ішкі Алманияға алып кетеді. Сонда ол қыздарың ары таза, пәк екенін білген фашистік Алманияның идеологтары: "Бұл халықты жеңу мүмкін емес. Өйткені, қызы арлы болған халықтың жігіті намысшыл болады" дегенді айтқан. Намысшыл жігіт өлімнен қорықпайды, өлімнен қорықпаған адам жеңілмейді. Өлермендіктің ар жағында намысшылдық жатыр. Намысшылдықтың ар жағында арлылық. Ал, енді осыншама ен байлықтың үстінде отырған қазақты құртудың ең төте жолы − ол арын алу. Арын ашудың жолы, ол "Келін", "Махаббат тәлкегі", "Әке қорлығы", "Тюльпан", ол − "Қарой". Сондай-ақ, ары ашылған соң, адам тыйымнан кетеді, намыс кетеді, намыс кеткен соң, ол елдікке бейқам қарайды, кез келген ұлтқа сіңуге дайын тұрады. Ондай ұлттың мұнайын, көмірін алу оп-оңай. Жалпы, сыртқы шапқыншылық бізге осылай жүруде. Мұны біреу біледі, біреу білгісі келмейді. Ал, бізде отаншыл ұрпақ бар. Қалыптасу, күшею үстінде. Көзін ашып жол көрсетер аға буында әрекет кем, абырой аздау. 

Бекболат Тілеухан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру