Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Айна алдында ақтарылған ой (әңгіме)

12.09.2014 5130 0 пікір

Мақсат үйдегі үлкен айнаның алдына келіп жайғасты. Әуелі, өз болмысына барлай қарап алды. Қырықтың қамалын бағындырған сабазың өзін әлі де болса сері сезінетіндей. Айнаға ұзақ тесіліп қарап отырып, айнаның бергі жағындағы Мақсатпен арғы жағындағы Мақсат өзара ортақ бір тақырыпқа әңгіменің арнасын бұрды.

– Бұл өзі қалай болғаны? Қырыққа келіп қағынғаным ба, әлде желіккенім бе?! Бұл ойымды жұбайым мен ағайын-туыс қалай қабылдар екен? Егер әйелім естісе, бұлқан-талқан болып кетіп қалады-ау. Ағайын-туыстың құлағына жетіп жатса «қазақ байыса, қатын алады» деген мақал тура айтылған екен, байғұс-ау тоқал сенің не теңің, әуелі отбасыңды асырап алмайсын ба? Тіпті, асып-тасып бара жатсаң, бізге қол ұшын бермейсің бе деп жақындар күндеп шығады-ау. Жо-жооқ, оларға бұл жайында тіс жаруға әзірше болмас. Шақшадай басымның шарадай болғаны-ай!

Осылайша айна алдындағы көкемнің баласы Мәкең көп ойланды. Сосын айнаның арғы бетіндегісі бытылырақ даусын көтере былай деді:

– Құдай-ау тоқал алып жатқан жалғыз сен ғана емессің ғой. Бірі жария, енді бірі жасырын алып жатыр. Мына үлкен қалада сенің не істеп жүргеніңді кім білсін?! Қалтасына артық ақша түсе қалса, көңіл көтеру үшін де қыз іздейтіндер қаншама?! Ал, сенің ойың тіптен бөлек. Сен екінші етіп алғалы жатырсың. Әрбірден соң бұл қазаққа жат қылық емес қой. Бәйбіше, тоқал деген атаулар ата-бабаларымыздың бұл мәселеге қатысты ұстанымы мен көзқарасын көрсетіп тұрған жоқ па?!  

– Жарайды, дегенің болсын делік деді айнаның қарсы алдындағысы. Алайда, бәйбіше ше? Оны күн сайын яки күнара не деп алдай бермекпін. Бір күн, бір апта, бір ай мүмкін бір жыл алдап жүрермін. Ұрының арты қуыс демекші, қашанғы өтірік айтып жүрмекпін? Жо-жооқ, бұлай болмайды. Әйелден қорыққандықтан емес, мен әрдайым оған өтірік айта алмаймын. Күндердің күнінде артым ашылып қалса, не бетіммен қараймын.

– Қорықпасаң, ашып айт бәрін бәйбішеге. Құдай-ау, әкесі өлгенде де естіртпеушімеді.

– Ой, сенде айтасың-ау, егер тоқал алатынымды естісе, басымнан сипайды ғой деймісің. Жоқ әлде өзі таңдап әпереді деймісің. Сол мезет жиналып тайып тұрар. Мұны айтсам сүйіспеншілігіне су сепкенім емес пе?! Арамыздағы некеге сызат түсіп жатса, не болмақ?! Сүп-сүйкімді балапанымның жағдайы ше?! Жо-жооқ, оның біреудің есігінің алдында телміріп өскенін қаламаймын. Кеудемде жаным барында оған қамқор болып, тәлім-тәрбие беру менің әкелік борышым. Мен секілді оны кім еркелете алар дейсің?! Көзімнің қарашығы кішкентайымды жәутеңдетіп қоймаспын.  

Осылайша айна алдындағы арпалыста алуан түрлі ойлар ортаға салынып жатты. Айна алдында отырған Мәкең түсінігі мол, көпті көрген шалдың баласы. Тек қу нәпсіні ойлайтындардан емес ол. Дегенмен, жасы келгенде бір қызға көзі түсіп, көңлі ауып қалғаны. Бұл шынайы сезім екенін не алдамшы нәпсінің жетегі екенін өзі де нақты біле алмай дал болуда. Әу баста жұбайына «күйдім, сүйдім, қырық қызды қайнатып, бір қыз жасап берсе де, сенімен басқаны ауыстырмаспын» деп жүріп үйленген еді. Осы арада айнаның арғы бетінде отырған Мәкеңнің сырласы мынадай ой тастады.

– Өзің бір су жүрек неме екенсің ғой. Қатынмен ақылдасқан кімді көрдің? Тәуекел де. «Ер азығы жолда» деген халықтың баласы емеспісің. Егер де бәйбішеден асып, айта алмасаң жасырын ғана тұра бер. Онда тұрған не бар екен? Қазір заман басқа, материалдық жағдайын жасай алсаң, тоқал табылады тәйірі. Бүгінде бұл айып пе екен.

– Ммм, ақылға қонымдырағы осы секілді. Шындығында, әзірге жалпы жұртқа жарияламай-ақ тұра берсем қалай болар екенә? Бұдан басқа шешімді жол көріп тұрған жоқпын. Ал, солай еттім делік. Жоғарыда айтқанымдай қашанғы жасырынбақ ойнаймын. Тоқалмен адам қарасы аздау, көрінген кісі бара бермейтін орындарда ғана демалып, тамақтанасың. Өйткені, біреу-міреу танып қойса қып-қызыл өсектің астында қалатыныңды ойлайсың. Ел іші болған соң той-томалақ, өлім-жітім болып тұрады. Сонда ол өз ағайын-туысының той-жиынына сопиып жалғыз өзі барып тұра ма? Ол қыдырып, дүкен араламай ма? Қашанғы кісі көзінен тасаланып қашып жүрмекпіз? Кей-кейде тығылып түнде қасында болғанда ғана өзін әйелің ретінде сезіне алудан басқа амалы да жоқ. Ал, басқа уақытта менің төбемді көрсетуге батылым да жетпейді. Сонда әлгі молда айтқан әйелдер арасындағы әділдік қайда қалды?

Ой, тоба! «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» деген осы екен-ау. Сенен басқаға бұрылып та қарамаспын деген еркек атаулының 5-6 жыл өтпей жатып-ақ бүлініп шыға келуі несі екен, ә? Осы мен секілді таяз ойлап, қу нәпсінің ғана құлқын ойлайтындардың кесірінен қаншама әп-әдемі шаңырақтың шырқы бұзылып жатыр десеңші.

Пендесінің табиғатын жақсы білетін Алла Тағала еркекке төрт әйелмен некелесуге рұқсат еткен. Ендеше, рұқсат еткен адал нәрсені неге жасырын ұстау қажет? Иә, түнеугүні молдекең солай деген. Ислам – мұсылманға көп әйел алуды шектемейді және міндеттемейді де. Көрпеңе қарап көсіл деген болатын. Бұндай істе әділдік пен адалдық және жариялық басты қағидат ретінде есепке алынуы қажет. Бұларды орындай алмасаң өзің көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама деген де сол кісі еді. Бірақ, оған менің батылым жетер ме екен...

Айна алдында осылайша ақтарылып отырған Мақсатты есік қоңырауының ащы үні селт еткізді. Айнаның арғы бетіндегі Мақсатпен қоштасар-қоштаспай бергі беттегі Мақсат есікке қарай жүгірді. Есікті ашса, азық-түлікке толы сөмкені арқалаған жұбайы мен танауын тартып сүп-сүйкімді ұлы тұр екен. О, Жаратқан! Мені отбасыммен бақытты да баянды ғұмыр кешуді нәсіп ете гөр деп іштей күбірлеп, баласын құшағына басты.

Төлеби Оспан,
"Нұр Астана" мешітінің
наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі