Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тақуа әйелдердің өмірінен. Кедейлер мен бишаралардың анасы Зейнеб бинт Хузейма (р.а.) (5)

15.03.2014 6188 0 пікір

Зейнеб бинт Хузейма мен Зейнеб бинт Джахш (р.а) – Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелі болу бақытына ие болған бақытты әйелдер. Олардың есімдері ғана бірдей емес, сонымен қатар, олар барлық мүміндердің анасы болу тағдырына ие болуға әсер еткен әдептіліктері жағынан ұқсас болған... Әрбір кедей мен жарым жан адам үшін олардың жомарттықтары, қайырымдылықтары, кең пейілділіктері, мейірімділіктері және жанашығыштықтары кеңінен белгілі болған.

Зейнеб бинт Хузейма (р.а.) Ислам келгенге дейін-ақ барлық адамға «Уммуль месакин» (Бишаралардың анасы) деген атпен танымал еді. Ол кедей-кепшіктерді тамақтандыратын. Ол қолында бар затын бишараларға таратып беріп отырған. Кедей-кепшіктерге жанашырлықпен қараған. Ол тіпті сондай кедейлерді өзі іздеп тауып, оларға өз көмегін ұсынған. Оның жүрегі қайырымдылық жасауға, жанашырлық пен мейірімділік көрсетуге ашық еді.

Ол Арабиядағы мықты тайпалардың қатарына жататын Амир бин Са’са’а тайпасынан шыққан. Оның өз тайпасының халқына ықпалы мықты болды, өз тайпасының халқының Ақиқат жолына түсуіне Зейнебтің өзі себепкер болды. Зейнеб бинт Хузейманың бірінші күйеуі Туфайль ибн Харис болған. Онымен ажырасқан Зейнеб Убайд ибн Хариске күйеуге шыққан. Бадр үшін болған шайқаста күйеуі қайтыс болып Зейнеб жесір қалады.

Хижраның үшінші жылы Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Амир бин Са’са’а тайпасына Исламға кіруге шақыру үшін бір топ адамды жібереді. Алайда олар жол бойында торуылға түсіп қалады да сатқындықпен өлтіріледі. Осыдан кейін мұсылмандардың бұл тайпамен қарым-қатынасы бұзылады.

Дегенмен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) осы үлкен, ықпалды әрі күшті тайпамен жауласқанды қаламайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) олармен қарым-қатынасты жақсартудың жолын іздейді. Зейнеб бинт Хузейманың жесір қалғанын білген ол оған құда түсу арқылы бұл тайпамен байланысын бекітуге шешім қабылдайды. Зейнеб өзінің көкесі Қабис ибн Амр әл-Хилялиден осы іске өзінің сенімді адамы болуын өтінеді. Ол Алланың Елшісімен (с.ғ.с.) төрт жүз дирхем махр төлеу туралы келіседі де, олардың арасындағы некені бекітеді.

Осыдан кейін Зейнеб бинт Хузейма (р.а.) барлық мүміндердің анасы болу құрметіне ие болып, Нәби мешітіндегі өзіне арнайы бөлінген бөлмеге орналасады. Оның бөлмесі Хафсаның бөлмесіне қатар орналасады. Аз ғана ғұмырында Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелі болу бақытына ие болған Зейнеб бинт Хузейма тақуалығымен ерекшеленеді. Ол өте көп құлшылық жасап, көп садақа таратқан.

Алайда оның бақыты ұзаққа созылмайды. Зейнеб (р.а.) пен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үш-төрт-ақ ай бірге өмір сүреді. Ол 626 жылы отыз жасында қайтыс болады. Оның жаназа-намазын Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) өзі оқиды. Ол әл-Бақи Жаннаты бейітіне жерленеді.

Зейнеб бинт Хузейма (р.а.) Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өзінің көзі тірі кезінде айырылған екінші әйелі болды. Осылайша Зейнеб (р.а.) бүкіл мүміндердің анасы Хадишаға (р.а.) қосылады. Алла тағала осы екеуін де бізге қорғаушы ете көрсін. Әумин.

muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру