Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тақуа әйелдердің өмірінен. Зейнеб- Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) екінші әйелі (4)

14.03.2014 8129 0 пікір

Зейнеб бинт Джахш (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Зейнеб есімді екінші әйелі... Исламды қабылдаған әйелдердің алғашқыларының бірі... Алла Елшісінің (с.ғ.с.) апайының қызы...

Ол ғибадат жасауға деген сүйіспеншілігімен және жомарттығымен ерекшеленген... Барлық кедейлер мен ғаріптердің анасы атанған, құдай жолына берілген әйел... Күн көрісін іс тігумен және іскерлікпен табатын және тапқан табысын кедейлердің қажетттіліктері үшін жұмсайтын кең пейілді әйел... Алла тағаланың әмірімен Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) жар болған бақытты әйел... Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін оған алқашқы болып қосылған оның әйелдерінің бірі... 

Ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгерден жиырма жыл бұрын туылған. Исламды алғашқы болып қабылдағандардың қатарынан. Оның шын есімі Барра. Алайда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оны «Зейнебке» өзгерткен. Оның әкесі Бани Асад тайпасынан шыққан Бурра, ал анасы Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) туған апайы Умайа бинт Абдулмутталиб  болатын. Зейнеб Абдулла бин Джахштың (р.а.) қарындасы болатын.

Ол Меккеден Мәдинаға алғаш көшкендердің қатарынан болатын. Мухаджирлердің алғашқысы. Ол тұрмысқа шықпаған болатын. Сондықтан Алла Елшісі (с.ғ.с.) оны өзінің асырап алған ұлы Зейд ибн Хариске (р.а.) күйеуге бергісі келеді. Ол осылайша, жаһилия заманынан қалған құлдарға деген жеккөрінішпен қарайтын салтты жойып, бәрінің Алланың алдында бірдей екенін көрсеткісі келеді. Сондықтан ол өзі Зейнебке құда түсуге барады.

Бірақ Зейнеб пен оның туысқандарына бұл ұнамайды. Басында азаттығы бар әйел азат етілген құлға күйеуге шыққысы келмейді. Бұл ұсыныс олар үшін мүмкін емес нәрсе болып көрінеді. Бұған қатысты ойын Зейнеб былай деп жеткізеді: «О, Алланың Елшісі! Мен сенің апайыңның қызымын ғой. Мен оған күйеуге шығуға келіспеймін. Өйткені мен Құрайыш тайпасынанмын». Міне дәл осы кезде Ахзаб сүресінің 36-аяты түседі:

 «Алла (Т.) және Елшісі, қашан бір іске үкім берсе, Мүмін ер және Мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады» (Ахзаб, 36-аят).

Сол кезде Зейнеб бинт Джахш (р.а.) Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) тағы да былай деп сұрайды: «О, Алланың Елшісі! Сен менің Зейдке тұрмысқа шыққанымды шынымен қалайысың ба?» Елші (с.ғ.с.): «Иә» , деп жауап береді. Зейнеб: «Онда мен Алланың Елшісіне қарсы шықпаймын», дейді де Зейдке (р.а.) тұрмысқа шығуға келісімін береді.

Алайда олардың некесі бақытты болмайды. Олардың арасында сүйіспеншілік сезімі мен өзара түсіністік пайда болмайды. Олардың бірлескен өмірі екеуіне де бақыт әкелмейді. Олар өз үйлеріне жайлылық пен бақытты орната алмайды. Олар жиі-жиі ұрыса беретін болады. Өздерінің некесі ұзаққа бармайтынын түсінген Зейд ибн Харис (р.а.) барлық жағдайды Пайғамбарға (с.ғ.с.) айтып беруге шешім қабылдайды:

 «О, Алланың Елшісі! Мен әйеліммен ажырасқым келеді». Бұл сөздер Алланың Елшісін (с.ғ.с.) қатты қынжылтады. Пайда болуына өзі себепкер болған отбасының бүлінетіні оның ішін ашытады. Ол Зейдке: «Оны әйелің етіп қалдыр, ажыраспа, Алладан қорық!..» , деп райынан қайтаруға тырысады.

Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл отбасының бұзылмауы үшін бар күшін салады. Алайда ерлі-зайыптылар  арасында бір-біріне деген іңкәрлік пайда болмайды, олардың жүректері бір-біріне еш жылынбайды. Мұндай қарым-қатынасқа шыдау күннен-күнге қиындай түседі. Зейд (с.ғ.с.) отбасын сақтауға тырысқанымен, еш нәтиже шықпайды. Екеуінің де жағдайы адам төзгісіз болған кезде, Зейд (р.а.) некені бұзып, Зейнебті жібереді (р.а.). Олар бірлесіп бір жыл ғана тұрады.

Бұл жағдай Алла Елшісін (с.ғ.с.) қатты уайымға батырады. Ол бұл отбасының бұзылғанына қатты ренжиді. Өйткені ол барлық мүмкін болған тәсілдерді пайдаланып қоғамда қалыптасқан әділетсіз салт-дәстүрлерді жойғысы келген еді. Барлық әрекетінің осылай аяқталғанына байланысты ол енді Зейнебті (р.а.) қамқорлықсыз қалдыра алмады. Оны қалай жүзеге асыруға болады? Жаһилия дәуірінен қалыптасып қалған салт-дәстүр адамдардың санасын қара бұлттай торлап алған еді. Ол кезде олардың ешқайсысы да өзінің асырап алған ұлының бұрынғы әйеліне үйлену дегенді түсіне алмайтын еді. Алайда қоғамдағы осындай жалған пікірді Алланың тағаланың Өзі жойғысы келеді де, Ол Азхаб сүреснің 4-5 аяттарын түсіру арқылы бұл мәселенің шешімін жібереді:  

 «Алла (Т.) ешбір адамның кеудесінде екі жүрек жасаған емес. (Анамның арқасындайсың деп,) серт қылған жұбайларың, аналарың болмайды. Және асырандыларың; бел балаларың бола алмайды. Бұларың ауызша сөздерің ғана. Алла шындықты айтады да Ол тура жол көрсетеді. Оларды әкелерімен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ. Егер әкелерін білмесеңдер, сонда олар; дінде туыстарың, достарың. Ол жөнде қателессеңдер, сендерге кінә емес. Бірақ әтейге жүректеріңнен болса (болмайды), Алла өте жарылқаушы, тым мейірімді» (Ахзаб, 4-5-аяттар)

Осы аяттар түсірілгеннен кейін барлық азаттық алған құлдар мен асырап алынған балалар өздерінің нағыз ата-аналарының атымен аталатын болды. Ал әкелері белгісіз адамдар өздерінің бұрынғы қожайындарының достарына және мұсылман бауырларына айналды. Осыдан кейін мәселені шешудің жалғыз шынайы шешімін көрсеткен Ахзаб сүресінің 37-40 аяттары түседі:

 «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта өзіне Алла да бақ берген, сен де бақ берген Зәйітке: “Жұбайыңды ажыратпа, Алладан корық!”,- деуде едің; Алланың жариялайтын нәрсесін көңліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде қорқуға Алла лайық. Сонда одан Зәйіттің жұмысы біткен (ажыраған) кезде оны саған некелендірдік; мүміндерге, асырандыларынан босаған әйелдерді алуда бір кінә болмауы үшін. Алланың әмірі орындалады» (Ахзаб, 37-аят).

 «Пайғамбарға Алланың оған парыз еткен нәрсесінде оған айып жоқ. Бұрынғы өткендерге де Алланың жолы осы еді. Алланың әмірі тұжырымды бір үкім» (Ахзаб, 38-аят).

 «Сондай пайғамбарлар, Алланың нұсқауларын жалғастырып, Одан қорқады да, Алладан басқа ешбіреуден қорықпайды. Алла есеп көруде жетіп асады» (Ахзаб, 39-аят).

 «Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші» (Ахзаб, 40-аят).

Айша (р.а.) осы аяттарды естіген кезде былай дейді: «Шын мәнінде Зейнебке үлкен мәртебе көрсетілді және ол Алланың Елшісіне Жұмақта да әйел болады. Енді ол осы үшін бәріміздің алдымызда мақтана алады».

Алланың тағаланың әмірімен жүзеге асқан осы некелесу қоғамдағы қате салт-дәстүрдің түп-тамырымен құруына ықпал етеді. Адамдардың санасына әбден сіңіп қалған нәрселерді бұлтартпайтын дәлелдермен және барлығы үшін ашық мысалмен ғана жоюға болатын еді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Зейнебке (р.а.) үйленгендегі мақсаты да осы еді. 

Азхаб сүресінің 37-аяты түскен кезде Айша (р.а.) Алланың Елшісінің қасында болған еді. Міне сондықтан да Зейнебтің идда мерзімі (ажырасқаннан кейінгі отыратын мерзімі) біткен кезде Айша оған Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) ұсынысын жеткізу үшін барады. Алайда Зейнеб (р.а.) Алланың нұсқауын сұрау үшін намаз-истихар оқуым керек, деп жауап беруге асықпайды. Екі рәкаат намаз оқиды да ол : «О, Аллаһым! Егер мен оған лайықты болсам, онда мені оған бер», деп дұға жасайды. Содан кейін Алланың Өзі Елшісін (с.ғ.с.) Зейнебке үйлендіретінін жариялаған жоғарыда айтылған аяттар түседі. Мұны естіген Зейнеб барлық асыл бұйымдарын өзінен қуана-қуана шешеді де, оған осы қуанышты хабарды жеткізген өзінің күңі Салямға береді де, өзі Алла тағалаға алғыс білдіру үшін жерге иіледі.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен Зейнеб бинт Джахштың тойлары һижраның бесінші жылы болады. Ол кезде оның жасы отыз бесте болатын. Осыған байланысты ұлан-асыр той ұйымдастырылады.

Осы тойға Анас бин Мәліктің (р.а.) анасы Умм Сулейм (р.а.) мәдинаның құрмасын майға араластырып ерекше тағам әзірлейді. «Хайс» деп аталатын бұл тағамды Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) Анастың (р.а.) өзі алып келеді. Алайда бұл тамақтың аздығы сондай, ол екі адамға әрең жететін еді. Ал Алла тағала қалаған жағдайда ол толық бір әскерге жетеді.

Сол күні Анас (р.а.) бұған дейін көрмеген нәрсесін көреді. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Әбу Бәкірді, Омарды, Османды, Әлиді осында шақыр», дейді. Өз құлағына өзі сенбеген Анас (р.а.) өзіне айтылғанды орындауға кетеді.

Дегенмен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оған былай дейді: «Мешіттен көрген және жолда кездестірген адамдарыңның бәрін ертіп кел!». Анас (р.а.) қатты таң қалады. Бұл тамақ бәріне жете қояр ма екен деген оймен ол далаға шығады. Сөйтіп ол жолында кездескендердің барлығын тойға шақырады. Сонымен адамдар топ-тобымен Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) үйіне қарай ағылады.

Барлығы жиналған кезде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үстелдің үстіне тамағы бар табақты қояды. Алла осы тамаққа батасын берсін деп дұға жасайды да: «Дастархан басына он адамнан отырып алдыларыңдағыдан ауыз тиіңдер», дейді. Үстел басына отырғандардың барлығы тойғандарынша жейді.

Содан кейін Анас (р.а.): «Қонақтар неғұрлым тамақты көп жеген сайын, тағам көбейе берді, әлдекім оны астынан толтырып тұрғандай көрінді. Шақырылғандардың әрқайсысы тойғандарынша жеді, алайда мен тамақтың өзім әкелген мөлшерде қалғанын көрдім», деп әңгімеледі. Сол кезде Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Әй, Анас» үстелден тағамды ал», дейді.

Содан кейін мен тағамды үстелден алдым да, солардың үйіне қалдырып, өзім анамның үйіне қайтып келдім. Мен оған көргендерімнің барлығын айтып бердім. Анам маған: «Таң қалма. Өйткені егер Алла тағала осы тамақты барлық мәдиналықтардың жеп тойғанын қаласа, онда олардың бәрі ішіп-жеп тойған болар еді», деді. Бұл Алла Елшісінің (с.ғ.с.) муджизаларының (кереметтерінің) бірі еді.

Неткен наным!.. Неткен махаббат!.. Неткен құштарлық!.. Неткен қызмет ету!.. Неткен бағыныштылық!.. О, Жаратушы Аллаһым, біздің әрқайсымызға осындай наным, махаббат, құштарлық, қызмет ету мен бағыныштылық сыйлай көр!.. Әумин.

Зейнебтің (р.а.) тойы үйге шымылдықтың қажеттігі туралы аяттардың түсуіне де себеп болады. Тойға шақырылған қонақтар тарқаған кезде, әңгімеге берілген үш адам отыра береді. Олардың кетуін күткен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бөлменің ішінде әрі-бері жүре береді. Алайда олар оның бұл жүрісін түсінбейді. Сол кезде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қайтып келгенде қонақтардың ешқайсысын көрмейтін шығармын деп ойлап, әйелдерінің бөлмелерін аралауға кетеді. Міне осы жағымсыз оқиғадан кейін Ахзаб сүресінің былай деп айтылған 53-аяты түседі:

 «Әй мүміндер! Пайғамбардың үйлеріне сендерге рұқсат берілмейінше кірмеңдер де, тамақтың пісуін күтпеңдер . Бірақ қашан шақырылсаңдар; кіріңдер де, тамақ жеген кезде, дереу тарқандар, сөзге айналмаңдар. Расында бұларың Пайғамбарды қынжылтады әрі сендерден ұялады. Бірақ Алла (Т.) шындықтан ұялмайды. Егер Пайғамбар (Ғ.С.) дың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, далданың артынан сұраңдар; бұларың, сендердің де, олардың да жүректерінің тазалығы. Сондай-ақ сендердің Алланың Елшісін қынжылтуларыңа және одан кейін жұбайларымен әсте некеленулеріңе болмайды. Сондай істеулерің Алла қасында зор күнә» (Ахзаб, 53-аят).

Осы жағдайдан кейін Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) үйіне бөтен адамдардан оның әйелдерін, барлық мүміндердің аналарын жасырған шымылдықтар ілінеді. Осы мысал Ислам бойынша әйелге оның шынайы құндылығына сай қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді. Ол адам құндылығы мен абыройын  жүріс-тұрысқа осындай талап қою жолымен ғана қорғауға болатынын көрсетті. Олардың өмір сүру үлгісі діншілдіктің және тектіліктің үлгісі болды. Исламның сұлулығынан көз бен жан қуаныш пен тынығу тапты. Адамзат Исламның осы ұстанымдарының арқасында өз бақытына қол жеткізді. Тек солар ғана адамның нағыз құндылығын көрсетті. Адам адам болды.

Зейнеб бинт Джахш (р.а.) үнемі ғибадат жасаған. Ол нәпіл намазын көп оқып, көп ораза ұстайды. Бірде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) мешіттен бір арқанды байқайды. Ол: «бұл не?», сұрайды.  Ізгілікті сахабалар: «Бұл Зейнеб анамыздыкі», деп жауап беріп, оны ол намаз кезінде аяғы талған кезде ұстап тұратынын түсіндіреді. Бұл Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) аса ұнай қоймайды да, былай дейді:

 «Ғибадат жасаған кезде өзіңді бұлай қинауға боламйды. Арқанды шешіп тастаңдар. Намазды тек сергек, күштерің жететін кезде ғана оқыңдар».

Зейнеб адалдығын сақтайды. Әр адамның құқығын сақтайды. Шындықтан ауытқымайды. Бірде екі жүзділер Айшаға (р.а.) жала жабады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бұл туралы Омардың, Османның, Әлидің (р.а.) пікірлерін сұрайды. Ол Зейнебтің (р.а.) де пікірін сұрайды. Ол барлық адамзатқа ғибрат болған жауап қайтарады:

 «О Алланың Елшісі, мен өзім көрмеген  және бірінші айтқан адамнан естімеген нәрселерден өзімнің назарым мен құлағымды қорғаймын. Алла атымен ант етейін, Мен Айша туралы тек жақсы нәрселер ғана айта аламын».

Бұл жауапқа Алланың Елшісі (с.ғ.с.) де, Айша (р.а.) риза болады.

Зейнеб бинт Джаштың (р.а.) тағы бір керемет қасиеттерінің бірі ол өте жомарт адам болған. Ол осы дүниелік игіліктерге еш мән бермеген. Өз күн көрісін өзі тауып отырған. Ол тігін тігумен, ісмерлікпен айналысқан. Тері өңдеп, одан киім, тұрмыстық бұйымдар тігіп, оларды сатып отырған. Саудадан түскен ақшасын Алла жолында кедей-кепшіктеге үлестіріп отырады. Ол өмір бойы қайырымдылық жасаумен айналысқан. Қайырымдылық жасау оған үлкен қуаныш әкелетін болған. Оның жомарттығы туралы Айша (р.а.) былай дейді:

 «Мен өз өмірімде Зейнебтей игілікті, құдай жолына берілген, адал, жақындарының құқықтарын сыйлайтын және Алланың ризашылығы үшін кедейлерге құрбандық жасап отыратын адамды көрмедім».

Оның кең пейілділігі туралы тағы бір мысал:

«Омар (р.а.) билік құрып тұрған кезінде сахабалардың әрқайсысына ақшалай жәрдемақы тағайындайды. Зейнебке (р.а.) де осындай жәрдемақы тағайындалады. Көп ақшаны алған ол қатты таң қалады да былай дейді: «Алла Омарды кешірсін. Мынау біздің барлығымызға тиісті ақша ма?» Оған «Жоқ, Мұның барлығы сенікі», дейді. Ол «Субханаллах!», дейді де, бетін жамылғымен жауып тұрып өзінің қызметшісіне – Мынадан өз қолыңмен бір уыс ақша ал да, оны пәленше-түгеншелерге апарып бер. Содан кейін тағы да алып тағы тарат», осылайша ол жақындары мен жалғыз басты кісілерге таратып береді. Қаптың түбіндегі ақша біткенін байқаған қызметшісі: «О, анашым, Алла сізге аяушылық көрсетсін! Себебі мұның ішінде біздің де үлесіміз болды ғой». Сол кезде Зейнеб (р.а.) өзінің ақшасын қызметшісіне беріп, оны да таратып беруге бұйрық береді.

Омар (р.а.) Зейнеб бинт Джахштың (р.а.) жасаған қылығын білген кезде, оған тағы да мың дирхем әкеліп береді. Омар (р.а.) оның табалдырығында тұрып амандасып: «Мен сенің саған жібергенімді таратып жібергеніңді білдім. Ең болмаса мынаны өзіңе қалдыр», дейді.

Алайда бұл ақшаны да Зейнеб (р.а.) кедей-кепшіктерге үлестіріп береді. Содан кейін қолын аспанға көтеріп былай деп дұға жасайды:

«О, Аллаһым, Омардың жасаған жарылқаушылығын маған қатысты ете көрме. Өйткені бұл дүниеліктің бәрі сынақ».

Қолыңда барға қанағат жасау және жомарттық барлық уақытта ұлы қазына болып саналған. Кедей-кепшіктерді қуанту деген екі дүниеде де бақытқа ие болу дегенді білдірген. Сондықтан Зейнебке (р.а.) Алла үшін осы дүниелік заттарды құрбандық ету үлкен қуаныш болған.

Иә, оның бойында осы үздік қасиеттердің бәрі бар болған. Ол Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін оған әйелдерінің арасынан бірінші болып қосылған адам. Сондықтан ол өмірден өткеннен кейін де ол туралы: «Оған басқалардан бұрын қосылған ең ұзын қолдың иесі», деп еске алатын болған. «Ұзын қол» дегені оның жомарттығын білдірді.

Зейнеб бинт Джахштың (р.а.) шын жүректен Алладан сұрап айтқан дұғасы қабыл болады. Хижраның 20-жылы 53 жасында қайтыс болғанға дейін ол қайтып Омардан (р.а.) жәрдемақы алған емес. Оның жаназа-намазын Омар (р.а.) шығарады, сөйтіп оны Джаннат әл-Бақи зиратына жерлейді. Алла тағала оны бізге жақтаушы ете көрсін. Әумин.

muftiyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру