Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстан әйелдерінің 11 пайызы шылым шегеді

19.03.2013 6035 0 пікір

Тауары қоғамға қауіп әкелсе де, жеп отырған нанынан кім оңайлықпен айырылсын. Бірі темекі өнімін заңды түрде сатылымға шығарса, бірі ептеп астыртын айласын асыруға тырысады. Көше қиылыстары мен мектеп аулаларын аңдып, тиын-тебен үшін жастарды жат қылыққа баулиды. Қазір орта буынды была қойғанда, жас буын арасында шылымқұмарлық артуда. Әсіресе, оған әйелдер әуес.

 
Қала тұрғыны:
Болашақ ұрпақ керек болғандықтан, қыздардың темекі шегуі дұрыс емес.
 
Қала тұрғыны:
Көшедегі темекі шегіп тұрған қыздар ерсі көрінеді. Оның үстіне қазақтың қызы болғанда.
 
Қала тұрғыны:
Ананың денсаулығына біз әрқайсымыз жауапкершілікпен қарасақ, біздің бұрымдыларымыздың тәрбиелеген балалары, бұрымдыларымыздан өсіп-өнген ұрпақ  салауатты болады.
 
Ерлер қауымының шылым шеккен нәзік жандарға қатысты пікірі осындай. Статистиканы бұзып, темекі тартуда оларды артқа тастаған шырайлылардың бұған уәждері әр түрлі. Бірі «толықтықтан арылу құралы», десе, бірі «жүйке тыныштандыру», ал енді бірі «зеріккенде ермек үшін», дейді. 25 жастағы Жанар да темекіні ерте бастапты. Қазір қарап отырып-ақ, күніне 2 қорап шылым шегеді.
 
Жанар, қала тұрғыны:
Мектепте оқып жүргенде, 9-шы сыныпта қыздармен қызығып бастағанбыз, темекіні. Ол кезде мектептің жанында еркін сатыла беретін, темекі. Мен 1-2 ай тастайын, деп көрдім, бірақ, бәрібір әдетке айналып кеткен. Кері әсерін көрген жоқпын, бірақ кейін болады ма, деп қорқамын.
 
Жабайы сауда арқасында жат қылықпен ерте ауызданған аруымыз қазір бұл әдеттен бас тарта алмай жүр. Айтар сылтауы анау. Ал, мына келіншек, ерік-жігерін еңсеріп, темекі тастағанның бірі. Қазір 2 ұл өсіріп, ана бақытын көрген ол, «ниет болса, жат қылықтан арылу оңай», дейді.
 
Гүлбану, қала тұрғыны:
Достарым, жора-жолдастарым темекі тартты, соған қызығып, еліктеп, бір сән болған сияқты болдым. Әйел адам болғаннан кейін дүниеге бала алып келу керек болды. Жоспарда болды отбасымда. Содан кейін мен бірден бел будым да, бірден тастадым темекіні.
 
Ет үйренген ескі әдеттен бас тарту қиын. Дегенмен, ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Әйтсе де, қазір қылықтылар қымсынбай жүр. Бұрын темекіні тығыла тартса, қазір ашықтан-ашық шегеді. Демократияның дөрекі әдетін сән көріп, жат қылықтың зардабынын жасқанбайды.
 
Тоғжан Хайдарова, Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының қызметкері:
Темекі - бұл әйел ағзасындағы қауіпті аурулардың асқынуына себепші болады. Шылым шегетін әйелдер ерлерге қарағанда өкпе ауруларына 5 есе жиі шалдығады. Инфаркт миокарды, тахикардия (жүректің жиі соғуы) сынды жүрек ауруларына ұшырау артып, ағза тез қартаяды.  
 
Ерлерге есе жібермей, езуге темекі қыстыратын қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға. Егер темекіні тастасаңыз:
 
24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды;
2 күннен кейін дәм мен иіс сезу жағдайы әдеттегі адамдармен теңеседі;
3 күннен кейін тыныс алу қалыпты жағдайға жетеді;
3 айдан кейін өкпе әдеттегіден 30 пайыз артық жұмыс жасайды;
1 жылдан кейін жүрек ауыру қаупі 50 пайызға азаяды;
10 жылдан кейін өкпе рагіне шалдығу қаупі темекі шекпеген адамдікімен теңеседі;
15 жылдан кейін жүрек пен қан қысымы ешқашан темекі шекпеген адамдармен бірдей болады.
 
Әр сұлу өз әдемілігін сақтау үшін, жат әдеттен бойын да, ойын да аулақ ұстағаны жөн. Өйткені, темекі - нәзік жандылардың өзін ғана емес, тегін де жұтады. Ал, әр ана – ел ертеңі.
 
Жазира ИСАЕВА
Дереккөз: kaztrk.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру