Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖҮРЕКТІ МЕШІТКЕ БАЙЛАЙТЫН АЙ

Естай Айтуғанұлы muftyat.kz 19.03.2024 650 0 пікір
ЖҮРЕКТІ МЕШІТКЕ БАЙЛАЙТЫН АЙ

Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырған. Ауыз бекіткен адам намазын мешітте оқуға тырысады. Өйткені жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылатын қасиетті Рамазан айында мешітте жамағатпен намаз оқудың орны ерекше. Сайып келгенде ораза мұсылман баласын мешітке жетелеп, Алланың үйінде бар уақытын құлшылықпен өткізуге тәрбиелейді.  

Қазақ халқы Құдайсыз қоғам құрғысы келген, атеистік идеологияға басымдық берілген замандарда иманына берік болды, аузынан Алласын тастамады. Дінге қысым жасалған зұлмат кезеңді бастан кешсе де, ұрпақты ізгілікке, имандылыққа тәрбиеледі.

Аллаға шүкір, қазір егемендігімізді алып, емін-еркін құлшылығымызды жасап жүрміз. Сонау 1990 жылдар басында елімізде мешіттер саны саусақпен санарлықтай ғана болса, бүгінде сәні мен салтанаты жарасқан, күмбездері көкке ұмтылған құлшылық үйлері көбейіп келеді. Тәуелсіздік алған күннен бері еліміздің барлық жерінде жаңадан зәулім-зәулім мешіттер бой көтерді. Қазір еліміздегі мешіттер саны 3 мыңға жуықтады. Мұның барлығы Алла Тағаланың біздің халқымызға берген теңдессіз сыйы. Бұл нығметтің қадірін білу – баршамыздың мұсылмандық міндетіміз. Жүрегі мешітке байланған адам көптеген игілікке кенеледі. Соның бірқатарына тоқталып кетуді жөн көрдік.

Мешітке барған адам тек Аллаға жалбарынып, Одан ғана сұрауды әдетіне айналдырады. Бұл әдет мұсылманның Аллаға деген сенімін одан сайын нығайта түседі. Қасиетті Құран Кәрімнің «Жын» сүресінде: «Мешіттер – Алла Тағаланікі. Сондықтан онда Алла Тағаладан өзгеге дұға етпеңдер», – деген аят бар. Бірде Ислам ғұламасы Салим ибн Абдулланың: «Алла Тағаланың үйінде тұрып басқадан сұрауға ұяламын», – деген пайымды пікірі баршаға өнеге болса керек. Нығметін бір Алладан сұраған қазақ халқы бұл қағиданы «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» немесе «Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады» деп әспеттеген.

Жүрегі мешітке байланған адам Алланың үйін көркейтуге, мүмкіндігінше уақытын сол жерде өткізуге тырысады. Хақ Тағала «Тәуба» сүресінің 18-аятында: «Алла Тағаланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне иман келтірген ғана көркейтеді», – деп баяндаған. Ислам ғалымдары бұл аятқа түрлі түсініктемелер берген. Дегенмен олардың пікірі «мешітте болу, мүмкіндігінше мешітте көп уақыт өткізу» деген мағынаға саяды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мешiтке баруды әдетке айналдырған адамды көрсеңiздер, оның иманды екенiне куәлiк етіңдер. Хақ Тағала айтады: «Ақиқатында Алла Тағаланың мешіттерін Хақ Тағалаға және Ақырет күніне иман келтірген, намаз оқыған, зекет бергендер көркейтеді», – деп өнегелі өсиетін қалдырған. Расында мешітке жиі баратын адамның иманы күшейеді. Демек мешітке баруды әдетке айналдыру – имандылықтың белгісі. Иманы күшейген адам Алланың үйін көркейтуге мейлінше үлес қосады.

Құлшылық үйіне баруды әдет ету – мешітке деген ерекше сүйіспеншіліктің нышаны. Ал мұның сыйы не болмақ? Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді». Барша мұсылман Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленуді қалайды. Соның бірден-бір жолы мешітті жақсы көру екен.

Мешітке баруды әдетке айналдырудың тағы бір артықшылығы – мешіттегілер періштелердің іздеген пендесіне айналады. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзі: «Мешітке жиі баратындар – мешіт тұрғындары. Ал періштелер олардың отырыстағы серіктері. Олар мешітте жоқ болса, періштелер оларды іздейді. Ауырса, барып жағдайын сұрайды. Бір ісі болса, сол істе көмектеседі. Мешітті мекен етуші үш нәрсенің біріне қол жеткізеді: діні үшін пайдалы бауырға, дана сөзге не болмаса өзі күткен Алла Тағаланың рахметіне». Осы ретте мына бір хадисті еске салғымыз келеді: «Ақиқатында мешіттер – Алла Тағаланың жер бетіндегі үйлері. Сондықтан да Хақ Тағала Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтеп жіберуге хақылы». Иә, әркім өз үйіне келген қонағына құрмет көрсететіні секілді Жаратушы Иеміз де өз қонағын міндеті түрде құрметтеп жібереді. Қалайша? Намазымызды, осында айтылып жатқан дұға-тілекті қабыл ету, мешітке келудің өзіне тән мол сауабын нәсіп ету, күнәнің кешірілуі – осының бәрі Алла Тағаланың құрметі.

Раббымыз мешiттерді жақсы көреді. Себебі мешіт – тақуалық мекені. Құлшылық пен Жаратушының рахметі жауған орын. Осы себептен бiз мешiттi тек намаз және Құран оқып, садақа беретiн орын деп түсiнбеуiмiз керек. Мешiт – ең алдымен Алланың әмiрiн орындау, дінді үйрену орны. Сондықтан садақа берумен қатар, мешітке құлшылық етіп, намаз оқу үшін келуі тиіс.

Құдайға шүкір, қазіргі күні елімізде дін өркендеп, мешіттер саны көбейіп келеді. Сол мешіттерді салып жатқан азаматтарымызға Алла Тағаланың разылығы болсын! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла Тағаланың есімі зікір етілу мақсатында мешіт салған адам үшін Хақ Тағала жәннаттан сарай тұрғызады», – деп өсиет қалдырған. Осы хадисте айтылғандай, мешіт салған бауырларымызға жәннаттағы Хақ Тағаланың өзі оларға сый еткен ғимараттарын нәсіп етсін!

Мешітке жиі бару жамағатпен бірге болуға тәрбиелейді. Үмбеттің маңызды сипатының бірі – жамағат болу. Яғни өзгелерден бөлінбеу, өзін басқалардан артық көрмеу, бір сапта тұрып намаз оқу, намаздан соң дұға еткенде сол тілекте серіктес болу. Дана халқымыз біртұтас болуды «көппен бірге көрген ұлы той» десе, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бөлінуден сақтандырып былай деген: «Намазды жамағат болып оқыңдар! Себебі бөлінген қойды бөрі жейді». Мешітке жиі барған мұсылмандар бір-бірімен тығыз араласып, бір-біріне деген бауырмашылдық сезімдері артады. Олар құдды бір үйдің баласындай араласып кетеді.

Мешітке жиі барған адам Алла үйін таза ұстауға мән береді. Өйткені мешіттің өзіне тән сипаты болады. Соның бірі – тазалық. Тазалық мешіттің келбеті болса, онда Алла үйін таза ұстаудың сауабы қандай болмақ? Абдулла ибн Аббас мына бір ғибратты оқиғаны баяндайды: «Мешітті жинастырып-тазалайтын бір әйел болатын. Ол қайтыс болғанда оның хабары Пайғамбарға айтылмаған еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған араларыңда қайтыс болған біреудің хабарын айтыңдар», – деді. Сонда оған мешітті тазалап жүрген әйелдің қайтыс болғаны жайында айтылады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жаназасын оқып: «Мен оны жәннаттан көрдім. Өйткені ол мешітті жинап тазалайтын», – деді». Мешітті тазалау – адам дәрежесін арттыратын амалдың бірі.

Мешітке жиі барған адам құлшылық үйінде дауыс көтермей сөйлеуге дағдыланады. Алла үйінде дауыс көтеріп сөйлеу жағымсыз амал. Өйткені адам өзінің қатты дауысымен өзгелердің намазына, оқып жатқан Құранына, ғибадат-құлшылығына зиянын тигізеді.  

Кейбір ғұламалар мешітте дауыс көтеруді екіге бөлген. Біріншісі – ілім үйрету, насихат ретінде қайырлы істерді үйрету мақсатында дауыстың көтерілуі. Бұған рұқсат берілген. Екіншісі – жәй бір сөздермен, әңгімелесумен дауыстың көтерілуі. Бұл – жағымсыз іс. Мешітте дауыс көтеріп сөйлемеуді дағдыға айналдырған адам былайғы өмірде де өзгелерге дауыс көтеріп сөйлемеуді әдетке айналдырады.

Алла қаласа қасиетті Рамазан айында бес уақыт намазымызды, тарауық намазымызды Алланың үйінде жамағатпен бірге өткізуге тырысамыз. Жүрегі мешітке байланған адамның құлшылығы мен тіршілігі үйлесім тауып, өнегелі өмір сүреді. 

Алла Тағала асыл дінімізге күш-қуат, мұсылмандарға ауызбіршілік, халқымызға ынтымақ бергей! Мешіттеріміз көркейіп, дініміз өркендеп, имандылыққа ұмтылған еліміздің мерейі үстем болғай! Әмин!

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №5, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру