Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАДІРЛІ АЙДА ҚАМСЫЗ ҚАЛМАЙЫҚ...

Нұрлыбек Шакизадаұлы muftyat.kz 31.03.2023 2049 0 пікір
ҚАДІРЛІ АЙДА ҚАМСЫЗ ҚАЛМАЙЫҚ...

Жаратушының пенделеріне берген шексіз нығметінің бірі – теңдессіз берекеге толы Рамазан айы. Күллі мүмін баласы асыға күтетін осы бір қасиетті айдың мәнін толық түсініп, қадіріне жету үшін адамға кемел иман қажет.

Бұл айдағы басты ғибадат – ораза. Бұл жай ғана ас-ауқаттан тыйылып, сусын-судан бас тарту емес, рухани кемелділікке ұмтылу. Осы орайда бабаларымыздың оразаны шынайы дайындықпен ұстаған жандардың мың жылқылы байдан кем емес екендігін жеткізген жырлары еске түседі.

Абылай ханның замандасы Шал ақын:

Қорқақ емей немене қашқан кісі,

Батыр емей немене шанышқан кісі,

Мың жылқылы байлардан несі кейін

Оразасын үйінен ашқан кісі, – деп жырласа, Шортанбай Қанайұлы:

Құбылаға бас қоймақ 

Мұсылманның тарығы.

Ораза, намаз қылғанның

Көңілінде Құдай барлығы.

Мал бақтырар пайдаға,

Зекетсіз мал айдама,

Қайыры жоқ ас сақтап,

Дәмді харам шайнама, – деп жақсылыққа үндеген.

Рамазан – мейірім, қайырымдылық, сабыр, кешірім, тақуалық және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Алла Тағала бұл айда ораза тұту жайында мүміндерге былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Бәлкім сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят).

Шынайы түсінген жандарға ораза ұстаудың рухани тұрғыдан және физиологиялық жағынан пайдасы өте көп. Рухани пайдасының бірі – адам баласы өзін сабырға, төзімге тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде, ас-сусыз аштықпен өткізеді. Ашуын тудыратын немесе нәпсісіне ауыр келер жағдай туындаса «Мен оразамын» деп, өзін сабырға жеңдіреді. Сабырлы, ашуын жеңе білушілерді Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар ашуын жеңушілер, адамдарға кешірім берушілер. Алла Тағала жақсылық жасаушыларды сүйеді», – деп Жаратушысына сүйікті болатынын жеткізген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде үмметін былайша сүйіншілейді: «Кімде кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп ораза ұстаса, бұрын-соңғы жасаған күнәлары түгел кешіріледі».

Жай ғана ойланып қарасаңыз, шынайы сеніммен бір ай ораза ұстасаңыз болғаны, әлемдердің Раббысы сіздің барлық күнәңызды кешіруге дайын. Бұл – тек Мұхаммедтің үмметіне берілген теңдессіз сый. Өйткені Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқан адамның Алла алдында мәртебесі биік екенін: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалы өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін» – деген. «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген. Ендеше, Алла Тағала пендесін жасаған күнәсына қарамастан кешірім беретін қадірлі айда қамсыз қалу ақылды адамның әрекеті емес. Рамазан айына немқұрайлы қарап, қам-қарекетсіз өткізген адам осы бір шексіз сый-сияпаттан құр қалмақ. Мұндай көл-көсір, берекелі уақытты тектен-тек өткізу ақыреттен үміті бар мұсылман үшін өкініш болары сөзсіз.

Осы бір қасиетті айды көру қаншама адамның тағдырына жазылмады. Алла Тағала осындай берекеге толы Рамазан айына жетуді бізге нәсіп еткендіктен, мүмкіндікті құр жіберіп алмайық!

Қабан жырау «Бақыт қайдан келесің?» жырында:

– Бақыт қайдан келесің?

– Ораза, намаз оқымас,

Алланың атын тоқымас,

Бейнамаздан келемін.

– Бақыт қайда барасың?

– Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған,

Ниетті елге барамын, – деген екен.

Ендеше, Алла Тағала баршамызға ораза, намазы бүтін, жақсылықта жарысқан, бақыт қонған ұрпақ болуды нәсіп еткей!

 

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,

Ақтөбе қалалық орталық

мешітінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №7, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру