Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПІТІР – МҰҚТАЖДЫ ҚУАНТАТЫН САДАҚА

Сансызбай ШОҚАНОВ muftyat.kz 14.03.2023 14285 0 пікір
ПІТІР – МҰҚТАЖДЫ ҚУАНТАТЫН САДАҚА

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ 

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. 

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб[1] мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп[2]. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.

Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді:

فرض رسول الله زكاة الفطر من رمضان صاعا من تمر أو صاعا من شعير على العبد الحر والذكر والأنثى والصغير والكبير من المسلمين وأمر بها أن تؤدى قبل خروج الناس إلى الصلاة

«Алланың Елшісі Рамазан айында пітір садақасын әр бір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрма немесе арпадан беруді міндеттедіӘрі оны адамдар айт намазына шықпас бұрын өтеуді әмір етті»[3].  

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадисте:

 فرض رسول الله صلى الله عليه وسلم زكاة الفطر طهرة للصائم من اللغو والرفث  وطعمة للمساكين  

«Алланың Елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақасын беруді рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен»[4], - делінген.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі[5].

2023 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:

Бидай 2 кг – 340 теңге.

Ұн 2 кг – 535 теңге.

Арпа 4 кг – 520 теңге.

Мейіз 2 кг – 4270 теңге.

Құрма 4 кг – 8090 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады[6]. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.  

Осыған орай 2023 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 535 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4270 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8090 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3000 (ұш мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. 

 

Сансызбай ШОҚАНОВ,

ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти

Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі

 

[1] Нисаб – шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері.

[2] Әл-ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 1/387.

[3] Бұхари, №1503.

[4] Әбу Дәуіт, №1609. Ибн Мәжә, №1827.

[5] Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи, 2/235. Мухаммад Мәжид Итр, әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, 285. Әл-Фәтәуа әл-һиндия, 1/210-211.

[6] Фәтху бәби әл-инәя, 1/554.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру