Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОРАЗА ҰСТАУШЫҒА КЕРЕК КЕҢЕСТЕР

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ "Мұнара" газеті 05.04.2022 3294 0 пікір
ОРАЗА ҰСТАУШЫҒА КЕРЕК КЕҢЕСТЕР

Алғаш ораза ұстаған жандар үшін керек кеңестермен бөлісуді жөн көрдік.

Әуелі ниетімізді дұрыстайық. Ислам дінінде ниеттің орны ерекше. Өйткені құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ниеттің маңызы жайлы былай дейді: «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты. Расында әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Кімде кім Алла және Оның елшісі үшін қоныс аударса, ол Аллаға және Оның елшісі үшін қоныс аударған болып саналады. Ал кім дүниеге қол жеткізу үшін немесе бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, оның қонысы сол көздеген мақсатта қоныс аударған болып саналады».

Өздеріңізге белгілі, Мекке мүшріктері мұсылмандарға қысым жасауын тоқтатпағандықтан, мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Ол кезде Алланың разылығы үшін Мәдинаға қоныс аудару үлкен сауапты іс еді. Алайда адамдар арасында әйелге үйлену үшін қоныс аударған бір кісі болды. Бұл туралы сахаба Абдулла ибн Мазғұд (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Біздің арамызда Умму Қайс деген әйелге құда түскен бір адам болды. Бірақ ол әйел өзімен бірге қоныс аудармаса, күйеуге шығудан бас тартқан болатын. Сөйтіп ол кісі Меккеден Мәдинаға қоныс аударып, сол әйелге үйленді. Кейін біз оны «Умму Қайстың қоныс аударушысы» деп айтатын болдық».

Бұл оқиға біз үшін үлкен сабақ болуы керек. Айтайын дегеніміз, оразаны салмақ тастау, денсаулықты түзеу немесе өзгелерден ұят болмасын деген ниетпен ұстамау керек. Біздің ниетіміз Алланың разылығы болуы керек. Ниет дұрыс болмаса, құлшылық дұрыс болмайды. Құлшылық дұрыс болмаса, жасаған амалымыз қабыл болмауы мүмкін. Сондықтан ең алдымен ниетімізді түзеп алғанымыз абзал. Шын мәнінде, Алла біздің күні бойы аш жүргенімізге мұқтаж емес. Оразаны ұстаудағы ниетіміз Алланың разылығы болуы керек.

Әр іске ықылас танытайық. Жәләлуддин Руми былай деген екен: «Сенің барлық іс-әрекетіңе ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл алады. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?!». Шын мәнінде, Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді. Сондықтан біз ораза кезінде барлық сауапты амалды тек шынайы ықыласпен орындауымыз керек. 

Сәресін жіберіп алмайық. Сәресін ішуде береке бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сәресін ішіңдер! Расында, сәресінде береке бар» деген. Сәресін ішкен адам күні бойы сергек жүреді. Халқымыз «Ас – адамның арқауы» деген болатын. Сәресі ораза ұстаған адамға көмектеседі. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сәресін ішкен адамға рақымдылық танытады» делінген. Алланың рақымына бөленуді қаласақ, сәресін ішуді ұмытпайық.

Ізгі, тақуа адамдармен бірге ауыз ашайық. Ізгі адамдармен сұхбат құрудың маңызы ерекше. Өйткені адам баласы жақсы кісімен сұхбаттасқан сайын одан ғибрат алып, жақсы нәрселерді үйренеді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят) деп әмір еткен. Осы аятта аталған шыншылдар дегеніміз – мүминдердің арасындағы таңдаулы жандар. Бір ғұлама «Руханияты жаныңды шаттандырмайтын және айтқан сөзі сені Алла Тағалаға жетелемейтін адаммен ешқашан дос болма» деген екен. Ғұламаның бұл сөзінен тек жақсы сөз айтатын әрі бізді жақсы амалға итермелейтін адамдармен ғана дос болу қажеттігін түсінеміз.

Оразаның артықшылығы туралы кітап оқиық. Аллаға шүкір, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен көптеген кітап жарық көруде. Солардың ішінен ораза туралы, Рамазан айының артықшылығы жайында жазылған кітаптарды таңдап, үлкен жігер алатын аят-хадистерді, ғұламалардың ғибратты сөздерін оқып, рухани тұрғыдан азық жинап, мейлінше көбірек мәлімет алғанымыз абзал. «Білгенге маржан, білмеске арзан» дегендей, адам білген сайын әр нәрсенің, Алланың әмір еткен әрбір парызының қадір-қасиетін терең түсіне береді.

«Намаз оқымасам, оразам қабыл бола ма?» деген күмәнді ойдан аулақ болайық. Намаз оқымау ораза ұстамауға кедергі келтірмеу керек. Өйткені екеуі де – Алланың мұсылман баласына бұйырған парыз амалдары. Кейбір кісілер «Мен намаз оқымаймын, ұстаған оразам қабыл бола ма?» деген сұрақты көп қояды. Мұндай күмәнді ойдан барынша аулақ болыңыз. Мүмкін ораза ұстау арқылы намаз бастап кететін шығарсыз. Бәрі бір-біріне байланысты. Адамның тақуалығы артқан сайын Алланың әміріне бойсұна береді. Сондықтан намазды себеп етіп, қасиетті Рамазан айында ауыз бекітпеуге болмайды.

Қасиетті айда Құранға көңіл бөлейік. Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы».

Құран оқылған үйде Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған үй ерекше нұрға бөленеді. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді».

Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Егер Құранды өз нұсқасында оқи алмасақ, оның қазақша мағынасын оқуға болады. Оған да Алла сауап жазады.

Рамазанда әрбір сәтті сауапты іске айналдырайық. Ораза кезінде уақытты босқа кетірмей, әрбір сәтті сауапты іске айналдырғанымыз жөн. Тіпті жолда кетіп бара жатып, Аллаға мақтау айтып, кешірім тілеу де – құлшылықтың бір түрі.      

 

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру