Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮБӘРАК АЙДЫҢ БЕРЕКЕСІ

Хасан АМАНҚҰЛ "Мұнара" газеті 04.04.2022 2113 0 пікір
МҮБӘРАК АЙДЫҢ БЕРЕКЕСІ

Рамазан айы – Алла Тағаланың мүмин пенделеріне берген үлкен нығметі. Бұл айда Раббымыздың мейірімі төгіледі. Әсіресе Оның біз үшін берілетін ғинаяты артады. Атап айтқанда...

  1. Рамазан айының бірінші түнінен бастап ғибадаттар жеңілдей түседі.

Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айының бірінші түнінде шайтандар және өз бетімен кеткен жындар кісенделеді. Тозақтың бір есігі қалмай бәрі жабылады, ал жәннаттың барлық есігі ашылады. Сондай-ақ әр түн сайын: «Уа, жақсылық істеуші, бағалай біл! Уа, жамандыққа бейім тұрушы, өзіңді ұста!» – деп жар салады. Әр түн сайын Алла Тағала көптеген пендені тозақтан құтқарады», – деген. Шайтандардың кісенделуі, шүбәсіз, ғибадаттардың орындалуын жеңілдетеді.

  1. Рамазанның оразасы күнәларға кәффарат болады, яғни оны жояды, тазалайды.

Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз, жұма намазы және Рамазан айы олардың кейінгісі келгенге дейінгі кіші күнәларды жуып-шаяды», – деген (Мүслим).

  1. Ораза ұстаған адамның тақуалығы артады.

Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», – деп бұйырады («Бақара» сүресі, 183-аят).

Алла Тағала осы аят арқылы ораза ұстаудағы негізгі мақсат тақуалыққа жету екенін баяндайды. Бірақ бұл күнә істеп те ораза ұстаса, тақуалыққа жетеді дегені емес. Тақуалықтың Алла Тағала алдында қаншалықты маңызды екені баршаға аян.

  1. Ораза арқылы Алла бұрынғы күнәларды кешіреді.

Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте былай айтылған: «Кімде кім Рамазан айының оразасын шынайы сенім әрі сауап үмітінде ұстаса, бұрынғы күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Мүслим).

Бұл хадистен оразаның қаншалықты үлкен ғибадат екенін, қате-кемшіліктердің кешірілуіне әсер ететінін түсінеміз. Бірақ бұл үшін екі шарт орындалуы қажет. Біріншісі – иман, ықылас. Екіншісі – Алладан сауап үміт ету керек. Аталған хадистегі «иманмен» деген сөз жайлы Хафиз ибн Хажар (Алла оны рақым етсін) «Рамазан оразасының парыз екенін мойындау» деген мағынаны білдіреді десе, «ихтисаб» деген сөзді Имам Хаттаби (Алла оны рақым етсін) «шынайы сеніммен сауап үміт ету, шын ниет және нәпсісін қатты қинамай ораза тұту» деп түсіндірген.

  1. Құран секілді ораза да қиямет күні өз иесін шапағат етеді.

Абдулла ибн Амрден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні ораза мен Құран өз иелерін шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым, мен үшін күндіз тамақтан және нәпсі қалауынан өзін тыйды, мені оған шапағатшы ет», – дейді. Құран: «Мен үшін түндерін ұйқысыз өткізді, мені оған шапағатшы ет», – дейді. Сөйтіп екеуі де өз иесін шапағат етеді», – деген. Демек кімде-кім шынайы ықыласпен және Алланың пенделерді көріп-біліп, бақылап тұрғанына сенім білдірген күйде ораза ұстаса, Қиямет күні ұстаған оразасы өзіне шапағатшы болады.   

  1. Рамазанның түндерін құлшылықпен өткізу алдыңғы күнәларына каффарат болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларды Рамазанның түндерін құлшылықпен өткізуге қызықтыратын, бірақ оны міндеттемейтін еді. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазанда иман және ықыласпен түнде құлшылық етсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Мүслим).

Рамазан айының түндерінде ғибадат ету – өте сауапты іс әрі күнәлардан тазару мүмкіндігі. Рамазан айында ұйықтамай оқылатын намаз «тарауық» деп аталады. «Тарауық» сөзі рақаттану деген мағынаны білдіреді. Жиырма рәкағат нәпіл намазды имамға ұйыған халде жамағатпен мешітте оқу ең үлкен сауапты істердің бірі саналады.

  1. Рамазан айында жасалған ұмраның сауабы қажылықтың сауабымен тең.

Абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ансарлық әйелдердің біріне: «Рамазан айы келгенде ұмра жаса. Өйткені бұл кездегі ұмра –қажылықпен бірдей», – деген. Бірақ бұл – мұсылманның өмірінде бір рет орындалуы міндеттелген қажылық ғибадаты өтеледі деген сөз емес. Бәлкім Рамазан айының шарапатымен әрбір жасалынған іске басқа уақытқа қарағанда бұл айда көбірек сауап, марапат берілуіне дәлел болады.

  1. Рамазан айында жасалған садақа ең абзал садақа саналады.

Әнас ибн Маликтен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында ең жомарт адамға айналатын, оның жомарттығы тағы да тасып кететін еді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең абзал садақа – Рамазан айында жасалған садақа», – дейтін (Тирмизи). Біз де ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі алып, Рамазан айында отбасымызға, туыстарымызға, ауылдағы жетім-жесір, кедей-кепшіктерге, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға шама-шарқымызға қарап, материалдық түрде жәрдем етсек, ауырып жатқандарды зиярат етіп қал-жағдайларын сұрасақ, көмектессек, өзіміздің кәмілдігіміз бен ғибратқа толы мұсылманшылығымызды көрсеткен болар едік.

  1. Ауызашар берген адам ораза ұстаушылардың сауабына тең сауапқа ие болады.

Зайд ибн Халидтен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте былай деп айтылады: «Кімде кім ораза ұстаған бір адамға ауызашар берсе, сол ораза ұстаған адамның сауабына тең сауапқа ие болады және бұл ораза ұстаушының сауабынан ешнәрсе азаймайды» (Тирмизи).  

Сахабалар мен бұрынғы мұсылмандардың әдеті, жолы осылай болған. Ибн Ражаб (Алла оны рақым етсін) Ибн Омардың (Алла оған разы болсын) әдеттерін еске алып былай дейді: «Ол әрдайым Рамазан айында міскіндермен бірге тамақтанатын. Оларды таба алмаса, тамақ ішпейтін. Тамақтанып тұрғанда біреу одан тамақ сұраса, оған өзі тамағын беріп, ешнәрсе жемеген күйі оразасын әрі қарай жалғастыра беретін».

Жаратушы Иеміз Рамазан айында шынайы ниетпен ұстаған оразамызды, түндерде оқитын тарауық намаздарымызды, хатым Құрандарымызды, қайырымдылық істерімізді және барлық ізгі амалдарымызды қабыл етіп, мүбәрак айдың қадір-қасиеті мен берекесін табуды нәсіп еткей! Әмин.

 

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру