Қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда барынша ізгі амал жасап қалуға тырысуымыз керек.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз болғандай ораза парыз етілді. Әрине, сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Рамазан айы – сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыртпалық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»(«Бақара» сүресі, 183-185-аяттар) деп әмір етеді.
Осы аяттар бізге біраз нәрседен хабар береді. Ораза бізге дейінгі қауымдарға парыз болған. Аяттың жалғасында Алла Тағала: «Әрине, сақсынарсыңдар...» дейді. «Сақтану» деген сөздің мағынасы тереңде жатыр. Мұсылман адам тәнін жаман нәрседен сақтаумен қатар, жанын да күнә істерден сақтау керек. Оразаның тәрбие тұрғысынан пайдаларының бірі – пендені жамандықтан сақтануға дағдыландыру. Бір ай бойы тәні мен жанын жамандықтан аулақ ұстаған адам қалған айларда да жақсы әдетке дағдыланып қалады.
Рамазан – пендені тақуалыққа тәрбиелейтін ай. Бір күні сахаба Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге қарсы сұрақ қойып: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?» дейді. Сонда сұрақ қоюшы адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап береді. Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) тағы да: «Олай болса сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп сұрайды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», – дейді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деп түсіндіріп берген екен...
Алла разылығы үшін ауыз бекіткен адам қателік жасаудан барынша тырысады. Тікені көп жерден аса сақтықпен өткен адам секілді Рамазан айында қателік жасаудан барынша сақтанады. Өйткені ораза ауыз бекіту, ішіп-жеуден бас тарту деген ұғымды ғана білдірмейді. Бүкіл болмысы мен уақытын Жаратушы Иенің разылығына арнаған пенде жамандық атаулыға жақындамауға тырысады.
Адам оразанынебары бір ай ұстайды. Осы бір айда түрлі сынақты бастан кешеді. Сынақты сабырға жеңдіріп, сауапқа ұмтылған пенде ғана игілікке кенеледі.
Алла Тағала өз пенделеріне қиындық қаламайды. Аятта: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер» делінген. Кәрілік жетіп қартайған қарияға, науқас адамға, емізулі баласы бар жанға ораза ұстау парыз емес. Алайда садақа беріп, жақсы амал жасаймын десе сауапқа кенеледі. Өйткені аяттың жалғасында: «Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы» делінген. «Мұтаффифин» сүресінде: «...Жарысушылар осыған жарыссын» деген аят бар. Демек мұсылман баласы қасиетті айда барынша жақсылықта жарысу керек. Аятта: «Рамазан айы – сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» делінген. Рамазан Құран айы болғандықтан, бұл айда көбірек Құраноқып, оған амал еткен абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін Құранды оқып-үйренуге, жаттауға, оған амал етуге үндеген. Хадистердің бірінде:«Сендердің ең қайырлыларың – Құранды үйреніп және оны басқаға үйреткендерің»делінген. Тағы хадис-шарифте: «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал, әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф. Ләм. Мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп», – делінген.
Рамазан – сабыр сыналатын сәт. Ораза ұстаған адам барлық сынақ пен нәпсіні сабырға жеңеді. Ауыз бекіткен адам біреудің дөрекі әрекетіне «Мен оразамын» деп жауап береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза – сабырдың жартысы», – деген. Сабырлы адамның әр амалына мол сауап жазылады. Алла Тағала Құранда: «Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады» («Зүмәр» сүресі, 10-аят) деп сабырлы құлдарын сүйіншілеген.
Алла Тағала баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізіп, ораза ұстап, сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосқай. Әмин!
Қуат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,
«Жәми» мешітінің бас имамы.
Жамбыл облысы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру