Кеше осы тақырыпта Ақтау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен республикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, белгілі қаламгер Жабал Ерғалиұлы, дініміз бен дәстүріміздің жанашыры Бекжан Тұрыс, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті өлкетанушы ғалымдар мен дін қызметкерлері қатысты.
Конференцияда арнайы баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Алаш даласын жіті зерттеген шетел ғалымдары 1879 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген еңбекте қазақ халқының күнделікті тыныш-тіршілігі жайлы былай жазады: «Қазақтардың күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам дауысын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі».
Осы жазба біздің болмысымызды, күнделікті тыныс-тіршілігімізді, мұсылманшылықты жақсы ұстанғанымызды айғақтап тұрғандай. Ендеше бүгінгі күннің басты мәселесі, ұрпақ алдындағы борышымыз – болмысымызды сақтап, қалпымыздан таймау деп атар едім. Ол үшін бала тәрбиесіне, жастардың құрған шаңырағының шайқалмауына өз үлесімізді қосу аса маңызды», – деп атап өтті.
ҚМДБ Төрағасы қазақ отбасындағы жас балалардың үлкендердің қолына су құйып, батасын алу дәстүрінің ұмыт бола бастағанын тілге тиек етті. Шын мәнінде, бұл дәстүр тазалық пен әдептің, тәрбие мен тағылымның негізі болатын. Асылында Ислам дініндегі шариғат заңдарын түсіндіретін кітаптардың көпшілігі ең әуелі «Тазалық» деген баптан басталатыны да біраз жәйттен хабар береді. Сондай-ақ тамақ ішерден бұрын және тамақтанып болған соң қол жуу дініміздегі басты әдептердің бірі саналады.
Қолға су құю қызметінің жас балаларға жүктелуі де тегін емес. Өйткені үлкен өмірге бет алған жас баланың үлкеннің батасын алуы өте маңызды. Батаменен ер көгереді деген қағида да осы жерде көрініс табады. Қолын жуған кісілер «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Бақытты бол!» деген дұға-тілектерін жаудырады. Көпшіліктің дұғасы қабыл деген сөз бар. Демек қолға су құюдың маңызы өте үлкен.
Бұл дәстүрдің мазмұнында кісі сыйлау, қонақ қадірлеу, үлкенге ізет көрсету сияқты көптеген мәні терең мінездер жатыр. Демек, бұл жоралғының жастарды тәрбиелеудегі рөлі де ерекше. Бұл ең әуелі «Тамақтанар алдында қолдарыңды жуыңдар» деген Пайғамбар өсиеті орындалатын сүннет амал.
Конференцияда сөз алған белгілі қаламгер Жабал Ерғалиұлы соңғы кездері жастар арасында ажырасу әрекеті жиі көрініс тауып жатқанын ашына жеткізді. Расында бұл қазіргі қоғамда өте өзекті мәселе. Бұл мәселеге дер кезінде назар адарған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, игі бастама аясында қазақ даласындағы отбасы институтын дәріптеуге көңіл бөліп келеді. Игі жұмыстардың нәтижесінде облыстық мешіттер жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары ашылды. Дін қызметкерлері бір жыл ішінде жүздеген отбасының ақ некесін сақтап қалуға ықпал етті.
Ал елімізге белгілі актер Бекжан Тұрыс ұрпақ тәрбиесін түземей қазақ даласындағы отбасы құндылығын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қазақ отбасындағы аналардың рөлі жайлы мазмұнды баяндама жасады. Бүкіл қазаққа төбе би болып билік айтқан Төле би бабамыдың келін таңдаудағы даналығын ерекше тебіреніспен сөз етті.
Бабамыз «Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдауға бекінген екен. «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел», – деп келінді өзі таңдауға бекінген екен.
Осындай ой құшағында жүрген Төле биді бір күні Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді.
«Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз» дейді Данагүл. Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би кейін құда түсіп, өзіне келін еткен екен. Сол Данагүл өз ауылына сыйлы, ақылды, дана келін ретінде ел есінде жатталып қалған.
Даналық мектебі болған Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген. Ер мен әйелдің жан дүниесінде осындай асыл қасиеттер болса, ол шаңырақ бақытқа бөленері хақ.
Дінімізде отбасына жақсы қарау – ізгі амалдың бірі. Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, былай деген: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)...» делінген («Бақара» сүресі, 187-аят).
Отбасына үлгі-өнеге көрсетуде ең бірінші ер азамат алдына жан салмауы керек. Ер адам ешқашан ұсақталмауы қажет. Ұсақталу – жігіттің қасіреті. Өзінің биік дәрежесінде қалған ер ғана отбасын, айналасын жақсылыққа жұмылдыра алады. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Еркектің көркі ақылында...» – десе, Бауыржан Момышұлының: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл...» – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Ғалымдарымыз әйелді жайқалып өскен гүлге теңеп, оны баптау бақташыға, яғни ер азаматқа байланысты екенін өсиет еткен.
Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау облысының бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру