Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ

Медет Құрмашұлы muftyat.kz 26.09.2024 1266 0 пікір
МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ

Мәуліт – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту рәсімі. Бұл мереке һижри жыл санауы бойынша рабиғул әууәл айына сай келеді. Сол себепті рабиғул әууал айын мұсылмандар Мәуліт айы деп те атайды. Яғни осы айда әлемдерге рахмет етіп жіберілген, соңғы пайғамбар, пайғамбарлардың төресі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз дүниеге келген. Алла Тағала Құранда: «(Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік», – деген.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін тойлау ұлы істердің бірі саналады. Анығында мәулітті ең алғаш атап өткен мәуліт иесі, адамзаттың ардақтысы – Пайғамбарымыздың өзі. Мүслимнің риуаятымен жеткен хадисте: «Алла елшісінен дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», – деп жауап берген. Хадисте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті осы күні Ұлы Жаратқанға шүкір ету ниетімен ораза ұстаудың сауапты іс екені айтылған. Яғни бұдан сол күнді атап өту деген мағына шығады. Әлбетте оны ораза ұстау арқылы өткізесің бе, әлде біреуді тамақтандырасың ба, үйге дастарқан жайып, мәуліт шариф оқытасың ба, Құран, хадистен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасынан жарыстар ұйымдастырасың ба, Алла елшісінің өмірбаяны, ахлақ-әдебі жайында уағыз-насихат немесе Пайғамбарымызға салауат айтасың ба, суреті әркелкі болғанымен бәрінде атап өту мағынасы бар.

Өйткені Ислам тарихындағы ұлы оқиғаларды уақытына сай ескеріп өтудің қағидасының негізін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі түзіп кетті. Бұхаридің риуаятында былай делінеді: «Пайғамбарымыз Мәдинаға келген кезде яһудилердің ашура күні ораза ұстайтынын байқады. Мұның мәнін сұрағанда: «Олардың ораза ұстайтын себебі, бұл күні Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарды құтқарып, дұшпандарын суға батырды. Осы нығмет үшін Аллаға шүкірлік ретінде ораза ұстап жатырмыз», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оларға қарағанда Мұсаға біз жақынбыз», – деп өзі ораза ұстады және басқаларды да соған бұйырды». Сонымен қоса осы атаулы күнге орай Алла елшісі мұсылмандарды отбасына, балаларға сусын мен тағам таратуға үндеді. Тіпті Алла Тағала Мұса пайғамбарға Алланың күндерін (яғни берекелі күндерді) қауымына ескеруін бұйырды. Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 5-аятында былай дейді: «Расында Мұсаны: «Еліңді қараңғылықтан жарыққа шығар, Алланың күндерін ескерт!» – деп, мұғжизалармен жібердік. Шәксіз мұнда бейнетке сабыр етіп, нығметке шүкірлік ететіндер үшін мол өнеге бар».

Мәулітті атап өту – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің, жақсы көрудің белгісі. Ардақты Пайғамбарымызға деген махаббат барлық нәрседен жоғары тұрады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім Мені баласынан, әкесінен және жалпы адамдардың бәрінен артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды», – деген екен. Осы хадисті естігенде Омар (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болып саналмайсың», – деп оған сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін түсіндіреді. Істің мәнін пайғамбардан үйренген ол жан-тәнімен: «Уа, Алланың елшісі! Сені енді жанымнан да артық жақсы көремін», – дейді. Алла елшісі оған: «Міне, енді сүйіспеншілік кемеліне келді», – деді.

Бұхаридің риуаятында былай делінеді: «Расында Әбу Лаһабқа Пайғамбарымыздың дүниеге келгені жайлы сүйінші хабар жеткенде қуанғанынан өзінің күңі Суайбаны азат еткені үшін әр аптаның дүйсенбі күні оның азабы жеңілдетіледі». Егер бір мұсылман емес адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туғанына қуанғаны үшін осындай жеңілдікке ие болса, онда Алла Тағаланы жалғыз деп сенген мүминге берілетін сый-сияпат аз емес деген сөз. Осыған орай Мұхаммад бин Насруддин Димашқи былай дейді: «Егер тозақта мәңгі қалатын «Екі қолы құрысын» деп, жаман атанып келген кәпір, Ахмадтың өмірге келгеніне қуанғаны үшін әр дүйсенбі күні оның азабы жеңілдейтін болса, онда Алланы бір деп біліп, өмірін Ахмадпен шаттандырған пенденің алар еншісі жайлы ойлаудың өзі артық», – деген.

Қорыта айтқанда, шариғатқа қарама-қайшы келмейтін әрбір жақсылық – діннен. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Исламда бір жақсы жол түзіп кетсе, оған оның сауабы және одан кейін онымен амал еткендердің сауабы болады, ал бұл олардың сауабын кемітпейді. Ал кім Исламда жаман жол түзіп кетсе, оған оның күнәсі және одан кейін онымен амал еткен адамдардың күнәсі болады, ал бұл олардың күнәларының ауыртпашылығын азайтпайды», – деді (Муслим). Мәулітте Құран оқу, хадистерді адамдарға жеткізу, кедейлерге тамақ беру, тәтті тарату, тағы басқа да рұқсат етілген істердің барлығы – сүннет. Оларды іске асырған адам мол сауапқа кенеледі. Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала бұл үмметті ешқашан адасудың үстіне жинамайды».

Ибн Абидин былай деп айтқан: «Пайғамбарымыздың туған күнін атап өту рұқсат екенін әрдайым білім жүрген ләзім. Бұл күні Алла елшісінің өмір жолы мен мұғжизаларын танып білу үшін жиналу – мұстахаб». Алла Тағала баршамызға Мәуліт мерекесін құтты етіп, жүрегіміздегі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатты арттырғай! Алла елшісін жақсы тану арқылы, оның сүннетімен жүруді нәсіп етсін! Адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың имамы Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болсын!

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №9, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру