Мұсылман көркем мінезімен, әдебімен, білімімен, әділдігімен, көпке үлгі болар тақуалығымен айналасына өнеге көрсете білуі керек. Осы ретте мұсылманға қажет қасиеттермен бөлісуді жөн көрдік.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз» («Нахыл» сүресі, 97-аят) деген. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешқайсыларың өзі үшін жақсы көрген нәрсені басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше, шынайы мүмін бола алмайды» деген. Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыз да адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген. Имандылықсыз тіршілік жоқ. Осыны ешқашан естен шығармасаңыздар. Имандылықты жанына серік етпеген адам адамдық қалыптан шығып, хайуанның күнін кешеді. Алла бізді ондай нәрседен сақтасын!
«Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұрады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады. Отаншылдық халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және мақтан тұтуымен тікелей байланысты. Дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деп, өзі туып өскен Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Тұрғылықты жерінде шекарасы айқындалған, мал-мүлік, ар-намыс пен сенім бостандығы қамтамасыз етілген ел – оның Отаны.
Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі жаулардан қорғау – парыз. Алла жолында, Отан үшін, дін үшін соғыста жүріп дүниеден өткен адамды «шейіт» деп атайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі түрлі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – деген. Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол Отанды қорғап, елді сүюге, тұрақты әрі бейбіт, ізгі қоғам құруға тәрбиелейді. Әйтеке би «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп халыққа қызмет ету жолында отаншылдықтың айнасы бола білді.
Білім алу – исламдағы басты парыз. Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аятында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Мемлекетті құраушы күш оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды.
Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда иман келтіру мен еңбек ету, ізгі іс істеу әрдайым қатар айтылған. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.
Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың жолы. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы», (Бұхари) – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді. Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың ...» (Имам Тирмизи) деген.
Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар дөрекі сөз айтпайтын және әдепсіз іс істемейтін» деп айтатын. Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде «тазалық – иманның жартысы» делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен аулақ болғаны жөн.
Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады ...» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетінін айтқан.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді. Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен. Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған. Әділдік – адам баласының жеке өмірінен бастап, отбасылық, қоғамдық және мемлекеттік қатынастар секілді барлық салаларда орын алуы тиіс.
Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру