Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАН МЕН ТӘНДІ ТЫНЫҚТЫРУ ЖАЙЫНДА

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 29.07.2024 1431 0 пікір
ЖАН МЕН ТӘНДІ ТЫНЫҚТЫРУ ЖАЙЫНДА

Әр адамға өзінің қызметінен үзіліс жасап, күнделікті қарбалас тіршіліктен көңілін басқа арнаға бұрып отыруы қажет екенін білеміз. Қызмет кезінде жетістікке жету, дамып отыру әлбетте керемет, дегенмен, адамның ойына тек жылы төсегінде жақсы демалу немесе шетелге барып демалу туралы ойлар жиі келетін болса, оның қызметі, барлық армандар мен жоспарлары кейінге қалатыны анық. Сондықтан, өз ісіңізде шыңға жету жолы тынымсыз еңбек ету арқылы өтпеуі керек, әйтпесе сіз өзіңізді жайсыз сезініп, ісіңізде ешқандай құлшыныс қалмауы мүмкін.

Осы орайда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын Исламда орта жолға, ұстамдылыққа шақырған. Өйткені Ислам – періштелерге емес, тамақ ішіп, қоғамдағы қарапайым адами істермен айналысатын адамдарға арналған дін. Яғни, Ислам діні адамдардан ойы мен сөзі тек тақуалықпен дұғада болып, тек Жаратушы туралы ойлары басым болуын, тек Құранды тыңдап, бос уақыттарын мешіттерде өткізуін талап етпейді. Оның үстіне, Ислам діні Алла Тағала адамның бойындағы қуану, күлу, көңіл көтеру, ішіп-жеу сияқты қажеттіліктерге тыйым салмайды.

Бірде бір сахаба Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың атымен ант етемін, мен өмірімнің соңына дейін күндіз ораза ұстаймын, түнде намаз оқимын!» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сен бұған шыдай алмайсың, ораза ұста, бірақ кейін оразаңды аш, намаз оқы, түнде ұйықта. Айына үш күн ораза ұста, өйткені әрбір жақсылық үшін саған он есе сауап жазылады және ол үздіксіз ораза ұстағандай болады», – дейді.

Әлгі сахаба: «Расында, мен одан да жақсы нәрсеге қабілеттімін!» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса үш күнде бір ораза ұстаңдар» деді. Ол тағы да: «Расында, мен одан да жақсы нәрсеге қабілеттімін!» дейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ендеше екі күн сайын ораза ұста, өйткені бұл Дәуіттің (Алланың оған сәлемі болсын) оразасы еді және бұл ең әділ ораза» деді.

Бұл хадистің басқа нұсқасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Және бұл ең жақсы ораза» делінген. Әлгі сахаба: «Расында, мен одан да жақсырақ нәрсеге қабілеттімін!» дегенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұдан артық ешнәрсе жоқ!» деп дауыстаған.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мұсылман үшін өшпес өнеге. Жалғыз болған кезде ол дүниеден толықтай бас тартып, аяқтары іскеніне қарамастан, көз жасын төгіп намазда тұрды. Ақиқатты жақтауға келгенде Алланың ұстанымында тұрып, ешкімге бағынбады. Күнделікті өмірде ол да басқалар сияқты өмірден ләззат алып, күлімдеп, әзілдесіп, бірақ әрдайым тура жолда болып ақиқатты ұстанды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайғыдан және оған әкелетін нәрселерден мүмкіндігінше аулақ болып, қуануға тырысқан. Алладан өзін қиыншылықтан сақтауды сұрап: «Уа, Алла, уайым мен қайғыдан Сенен пана тілеймін» деп дұға жасайтын.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзіл-қалжыңына келсек, бір күні оған бір қарт әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Алладан мені жәннатқа кіргізуін сұрашы» депті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Уа, бәленшенің анасы! Қарттар жәннатқа кірмейді!» дейді әзілдеп.

Әйел ешқашан жәннатқа бармайтынына сеніп, ренжіп, жылап жіберді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған сөзінің мағынасын түсіндіріп, қарттар қартайған кезде жәннатқа кірмейтінін, Алла оны қайта тірілтетінін және жас қыз қылып жәннатқа кіргізетінін айтты. Кейін оған мына аятты айтты: «Расында хұр қыздарын жаңадан жаратамыз. Оларды ер көрмеген қыздар етіп, жаратамыз. Күйеуін сүйгіш құрдас болады» («Уақиға» сүресі, 35-37 аяттар).

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнеге алған асыл және салих сахабалар да қалжыңдап, күліп, ойнап, көңіл көтеріп, өздері демалатын. Осылайша, олар адамға тән демалыс қажеттіліктерін қанағаттандырды, себебі адам баласы онсыз өз міндеттерін толық орындай алмайтын еді.

Әли ибн Әбу Талиб былай деген: «Жүректер шаршайды, денелер де шаршайды, сондықтан мәнді ләззат алыңдар». Сондай-ақ ол: «Арасында жүректеріңізді демалдырып, тынықтырыңыздар, өйткені шиеленіскен жүрек соқыр болады» деген. Мұсылманның демалуында, көңіл көтеруінде, әзілдесуінде немесе достарының ортасында көңіл көтеруінде еш айыбы жоқ. Алайда, бұл нәрселер оның міндетін ұмытып, байыпты істерді қалжыңға айналдырып, таңертең де, кешке де тоқтамайтын әдетке айналмауы керек. «Астың тұзы қанша болса, сөзіңде де әзіл тек сол мөлшерде болсын» деген сөз бар.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, демалу әр адамға рухани және физикалық тұрғыдан әрі қарай даму, өзін жетілдіру үшін өте маңызды екенін анық түсінеміз. Ең бастысы, жаңылмай, ақылмен демалу қажет. Шектен шықпауды да ұмытпау керек.

 

Естай қажы АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру