Қазақ халқы 1270 жылдан бері Ислам дінін ұстанып, өзінің рухани тірегіне айналдырып келеді. Қарахан мемлекетінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, діннің таралуына жағдай жасаса, 960 жылы Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Сол кезден бастап Мәуереннахр аймағы ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды.
Исламның келуі арқылы Орталық Азияда білім-ғылым қанат жайды. Мешіт-медреселер ашылып, білімнің таралуына жағдай жасалды. Медреселерде дін ғылымымен қатар филология, логика, математика, астрономия, медицина, философия секілді ғылым салалары оқытылды. Орталық Азиядан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Хусамуддин ас-Сығанақи секілді ғалымдар шықты. Сонымен қатар Бируни, Ибн Сина, Хорезми секілді ғұламалар шығып, өркениет тарихындағы өз орнын айшықтады. Олар Хақ дінге сүйене отырып, ғаламның тылсым құпиясын ашты. Олардың ашқан жаңалықтары мұсылман әлемін нұрландырып, сәулелендіре түсті.
Иә, Орталық Азиядағы түркі халықтары Ислам дінін қабылдау арқылы әлемдік өркениет пен ғылымға мол үлес қосты. Соның арқасында қазақ даласына Ислам өркениеті келді. Ұлы дала төрінде медреселер мен ғылым ошақтары бой көтеріп, ғылым, білім жаңғырды. Ислам қай жерге жетсе, сол жерді гүлдендірді. Белгілі тарихшы Лев Гумилев бұл жайында: «Ислам қоғамын қабылдағандар бұрынғы ескі әдетінен түбегейлі бас тартты. Алайда өзінің дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтады. Бұрын құл болғандар азаттық алды, себебі мұсылман тек Жаратушының ғана құлы бола алады. Азаттық алған әрбір мұсылман өзінің халқына қызмет етті. Ислам дінін көзінің қарашығындай сақтады. Олар отбасының ұйытқысы,
ғажап адамдарға айналды», – деп жазған болатын.
Сурет e-history.kz сайтынан алынды
Шынында Ислам өркениеті адамзатты жақсы жағынан өзгертті. Қазақ даласына дінмен бірге көптеген жақсылық келді. Бұл жайында шығыстанушы-ғалым, профессор Әшірбек Мүминов: «Ислам өркениетінің қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі ерекше болды. Сонымен қатар қазақ ойшылдары да Ислам өркениетін дамытуға үлкен ықпал етті. Қазақ халқы Исламды қабылдап қана қоймай, Ислам өркениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ топырағынан шыққан фарабилер, исфиджабилер, сығанақилар Ислам ғылымы мен білімін
әлемдік деңгейге көтерді», – деп жазды.
Расында Исламның келуі, қасиетті Құранның қазақ даласына жетуі арқылы білім көкжиегі кеңіді. Себебі Ислам – адамзатты білімге, оқуға үндейтін дін. Қасиетті Құранның алғашқы аяты: «Ей, Мұхаммед! Оқы! Раббыңның атымен оқы! Ол Алла, адамды ұйыған бір тамшы қан түйірінен жаратты. Оқы! Раббың аса жомарт! Ол адамға қаламмен жазу жазуды үйретті. Адамға білмеген нәрселерін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар) деп келді. Құран мұсылмандарды білімге ұмтылуға, ойлануға, зерделеуге шақырды. Бұған қасиетті Құрандағы «...Ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «...құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят) деген аяттар дәлел.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – мұсылман әйелге де, ерге де парыз», – деу арқылы сауатты болу, білім үйренудің мұсылман үшін үлкен міндет екенін үмбетіне өсиет етті. Біздің бабаларымыз да «Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын» деген өсиет қалдырған. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Әуелі үйренетін бір ғылымың, өзіңнің мұсылманша дін
ғылымың», – деген болатын. Демек ғылым үйрену – мұсылманның мұраты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы дүние салған соң, оның амалдары тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария садақа (мешіт, медресе, жол, көпір салу), пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ», – деген. Сондықтан шәкірттерге білімнің дәнін сеуіп, ғылымға баулу – Алла жолындағы жауапты да сауапты амал.
Өкінішке қарай кейінгі кездері дін мен білім-ғылымды бір-біріне қарсы қоятын жағдайларға куә болып жүрміз. Әсілінде дін мен ғылымды қарсылықты дүниелер ретінде көрсету сонау XVIII ғасырда басталған. Содан бері бұл тақырыпта талас көп. Алайда дінді ғылымға қайшы деп түсіну – қате пікір. Атақты ғалым Альберт Эйнштейннің өзі бір дәрісінде дінсіз ғылымды балдақсыз ақсаққа, ал ғылымсыз дінді таяқсыз соқырға теңеп, діннің ғылымға, ғылымның дінге еш зияны жоқтығын және бірінсіз бірінің нәтиже бермейтінін айтқан болатын.
Дін – ғылымды құлдыратушы емес, керісінше биіктетуші. Себебі Құранның мақсаты – ғылым. Адам қаншалықты Құдайды тануға ұмтылған сайын, соншалықты оның жаратылыстарының сырын біле түседі. Алла адамзат баласына Құдайды тану үшін ақыл берген. Ақыл – адамға берілген үлкен нығмет. Айналасына ақыл көзімен қараған адам Алланың ғылымын анық көреді. Бұл жайында Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді», – деп жазған болатын.
Жаратылыстың жұмбағын шешетін бір кілт болса, ол – білім. Білім-ғылым болмаса, көзіміз көрмейді, құлағымыз естімейді, санамыз қараңғы қалпында қалады. Себебі біз білім арқылы айналамыздағы құбылыстарды ғана емес, Құдайдың құдырет-күшін танимыз. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін жоғары қояды» («Мүжәдала» сүресі, 11-аят) деген. Демек мұсылман үшін иман келтіру қандай маңызды болса, білім алу да сондай маңызды. Себебі білім-ғылым – діннің ажырамас бір бөлшегі. «Шейіттің қанының тамшысынан ғалымның қаламының сиясының тамшысы әлдеқайда артық», – деген сөздің өзі ғылымның қаншалықты маңызды һәм қадірлі екенін аңғартып тұрғандай. Демек Ислам дін ғана емес, ол – өркениет, ғылым, білім. Дін мен ғылым – егіз ұғым. Екеуін құстың қос қанаты секілді қатар алып жүрсек, бір-бірін толықтырып, күшейте түседі. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Қол ұстасып Құдайға, Ғылым мен дін бірге бар», – дегені бекер емес.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы білім-ғылым саласын дамытуды әрдайым назардан тыс қалдырған емес. Бұл бағытта мүфтияттың Діни білім және кадр даярлау бөлімі жұмыс істеп келеді. Діни басқарма жанында болашақ имамдар мен теология мамандарын даярлап жатқан Нұр-Мүбарак университеті бар. Университетте Ислам ілімдері, тілдер және гуманитарлық пәндер деген екі факультет жұмыс істейді. Ислам ілімдері факультетінде исламтану, дінтану, теология мамандары дайындалса, тілдер және гуманитарлық пәндер факультетінде шетел филологиясы және аударма ісі, гуманитарлық пәндер кафедралары жұмыс істейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» жариялаған болатын. Осыған орай халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі бойынша бірқатар бастамаларды қолға алдық. Соның бірі ретінде биыл Діни басқарма жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Бұл орталық еліміздегі діни ахуалға тиісті талдау жасап және жоғарыда аты аталған қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеп, жарыққа шығаруға ықпал етеді.
Сонымен қатар бабаларымыз ұстанған сара жолды насихаттап, ұлттық және діни құндылықтарымызға негізделген дәстүрлі дініміздің негіздерін жеткізу, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау мақсатында бірнеше жобаны қолға алдық. Соның бірі ретінде жақында «MUFTIYAT» баспасынан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын жарыққа шығардық. Астана, Алматы және Атырау қалаларында кітаптың арнайы танытымын өткіздік. Бұл еңбекте асыл дініміз Исламның Қазақ даласына келу тарихынан бастап, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған шариғат парыздары, иман негіздері, сондай-ақ мұсылмандық әдеп жоралғылары қамтылды. Сондай-ақ жуырда «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томы, «Дін мен дәстүр» ІІІ кітабы жарық көреді. Бұл кітаптар дін мен дәстүрімізді дәріптеу, мұсылмандық мектебімізді насихаттау жолындағы іргелі істің бірі болмақ.
Қорыта айтар болсақ, біздің басты қаруымыз – білім. Асыл дінімізде ғылым-білім үйреніп, білгенін басқаларға үйрету сауапты амал саналады. Шәкірттерге білім беру – Алла жолында жасалған үлкен садақа. Махмұд Қашғари: «Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым», – десе, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», деген екен.
Білімді адамның бұ дүниеде де, о дүниеде де жүзі жарық болады. Себебі білім – бұл дүниеде бақытқа, о дүниеде жәннатқа жетелейді. Жаратушы Иеміз білімді жаю жолындағы ісімізге мол сауаптан жазып, еліміз бен жеріміздің болашағы үшін қызмет ететін зейінді де парасатты шәкірттер тәрбиелеуді нәсіп етсін! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №5, 2024 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру