Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ИМАМДАРҒА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

Естай Айтуғанұлы muftyat.kz 05.06.2023 1609 0 пікір
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ИМАМДАРҒА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

Жуырда Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы өтті.

Форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысты.

Форумда «Қажының рухани келбеті» құжаты қабылданды. Бұл құжат қажылық құлшылығын жасауға ниеттенген әр адамға әдістемелік нұсқаулық деп айтуға болады. Шынында қажылықты туристік сапармен шатастырмау керек. Қажылық – жан-жақты дайындықты қажет ететін ұлы сапар. Сондықтан тұғырнаманың алғашқы тарауы «Қажылыққа рухани дайындық» деп аталады. Бұл тарау қажыға баратын адамның ниетін дұрыстауға, ұлы құлшылықтың маңыздылығын түсіндіруге арналған. Қажылық парызын өтегісі келген кісі әуелі ниетін дұрыстауы тиіс. Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды. Ал ниеттің орныққан жері – жүрек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» деген. Бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде.

Құжаттың екінші тарауы «Қажылық мәдениетін сақтау» деп аталады. Расында қажылықтың өзіндік ережелері, мәдениеті мен әдебі бар. Мұсылман қашан да әдептілігімен өз ортасына өнеге көрсетуі тиіс. Әсіресе қажылық кезінде төзімділік, ұстамдылық, адамгершілік сынды мұсылманға тән жақсы қасиеттер ауадай қажет. Тұғырнаманың үшінші бөлімі қажыларымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұлы сапарға барып келген кез келген мұсылман баласы «қажы» деген атқа лайықты өмір сүруі керек. Дәлірек айтқанда, бес парыздың бірі қажылық құлшылығын өтеп келген отандастарымыз қоғамда көркем мінезімен, өнегелі істерімен үлгі көрсетуі қажет.

Форумда біз, яғни имамдар үшін өте маңызды құжат қабылданды. Құжат «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл құжат дін қызметкерлері үшін аса маңызды. Ханафи мәзһабы бойынша намаздан кейінгі зікірлер, Аятул курсиді оқу, тәспі тартып, намаз дұғасын жасау, одан кейін Құран оқып, марқұмдарға сауабын бағыштау сынды тәртіптердің аталған құжатта толықтай қамтылғаны дұрыс болды. Өйткені бабаларымыз ғасырлар бойы осы тәртіп бойынша құлшылықтарын орындап келді.

Жасыратыны жоқ, дұға еткен соң бет сипау мәселесі де дауға айналған кездер болды. Шын мәнінде шариғатымызда алақан жайып дұға ету, дұғадан кейін бет сипау, Құран оқып, салауат айту сынды амалдар сауапты істер боп саналады. Бұған қатысты жамағат арасында түсінбеушілік әрекеттер орын алмауы тиіс деп санаймыз. Бұл мәселе де құжатта дәлелмен келтірілген екен. Сонымен қатар бес уақыт намаздан бөлек жұма, екі айт намазы, тарауық намазы, жаназа намазы және истисқа (тасаттық) намазының жамағатпен оқылу тәртібі де құжатта жан-жақты жазылыпты.

Форумда қабылданған келесі құжат «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» деп аталады. Құжатта рухани (діни және ұлттық) құндылықтардың маңызы, құндылықтардың қалыптасуы, діни құндылықтар және оның шариғаттағы орны мен қазақ халқының ұлттық болмысы, мешіттердің салынуы мен қызмет сапасын көтеру, діни оқу орындарын ашу, маман дайындау ісі, имандылыққа баулу шаралары мен жат ағымдардың алдын алу және оңалту, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлі, салт-дәстүрді жаңғырту, би-шешендер мен қазақ ойшылдарының, діни ағартушылардың мұраларын насихаттау, жастарды мемлекетшілдік пен отансүйгіштікке шақыру т.б. тақырыптар жан-жақты қамтылып, дәлелмен жазылған.

Форумда қабылданған құжаттарды ыждаһаттылықпен ел арасында, жамағат ішінде насихаттау аса маңызды іс деп есептейміз. Діни және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, діни құлшылықтарды шариғат талабына сай атқару ісінде, діни рәсімдерді бірізділікпен өткізуде дін қызметкерлерінің рөлі мен жауапкершілігі үлкен.

Форум соңында жиынның үндеуі қабылданып, діни және ұлттық құндылықтарды ел арасында белсенді түрде насихаттау, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде бес уақыт намаз, екі айт, қасиетті жұма және тарауық намазы сынды құлшылықтарды бірізділікпен өткізу, жамағат арасында түсініспеушілікке жол бермеу, бабалар салған діни мектепті дамыту мәселелері сөз болды. Қорыта айтқанда, форум барша имамға жаңа міндеттер жүктеді. Ал қабылданған құжаттар барша дін қызметкерлері үшін құлшылық рәсімдерін атқаруда шариғат негіздерін қамтыған нұсқаулық болды деп айта аламыз.

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру