Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАҒДАРЫМЫЗ – БЕС БАҒЫТ

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ muftyat.kz 22.02.2023 4617 0 пікір
БАҒДАРЫМЫЗ – БЕС БАҒЫТ

 

Жыл басында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында бес бағытта жұмыс істеуді бекіткен еді. Бағдарымызға айналған бес бағыт дін жолындағы қызметіміздің жүйелі жүруіне әрі оң нәтиже береріне сенімдіміз. 

ҚМДБ Төрағасының бастамасымен 2023 жыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп аталды. Отыз үш жылдық тарихы бар ел мұсылмандарының қарашаңырағы қай кезде болмасын адамдарды жақсылыққа шақырып, қоғамды ізгілікке баулып келеді. Осы орайда игі істер атқарудың жаңа кезеңіне аяқ басқан дін қызметкерлері 2023 жылы «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағытында жұмысқа кірісті. Енді осы бес бағыттың маңызына тоқталып өтейік. 

Ата дініміз Ислам мен ұлттық салт-дәстүріміз қазақ халқы үшін құстың қос қанатындай болып кеткелі талай заман өтті. Екеуінің бірін алып, бірін қалдырып қойғанның жетістікке жеткенін көрмедік. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз әрдайым асыл дінімізбен біте қайнасып келеді. Ендеше дін мен дәстүр ұғымының бес бағытта алғашқы болып аталуы да тегін емес. «Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, батагөй ақсақалдарымыздың қатысуымен өтетін «Ақ бата» бата беру сайысы осы бағытта атқарылатын ауқымды іс-шараның бірегейі. 

Бұдан өзге Бас мүфти бастамасымен Рамазан айы қарсаңында Жарапазан айту эстафетасын, «Дін мен дәстүр» тақырыбында республикалық жыр мүшәйрасын және әйелдер арасында интеллектуалды сайыстар, мешіт жамағаты арасында ұлттық және сүннетке сай спорт турнирлерін өткізу осы жылдың еншісінде. Мұның бәрі – дін мен дәстүрді бұқараға насихаттаудың қазіргі заманғы әдістері. 

Ізгі қоғам құру – адамзат тарихында күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаратын тұлғалары бар қоғам әрдайым алға озбақ. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары» деген еңбегінде: «Бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл әлем қайырымды болмақ» дейді. 

Діни басқарма да қоғамға ізгілікті насихаттап, жақсылықты жаю мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды бастап кетті. Бұл жөнінде Бас мүфти бағдарлық баяндамасында «Ізгі қоғам» бағыты бойынша да бірқатар игі іс-шаралар атқарамыз. Бұл бағыт бойынша алдымен арнайы құжат дайындап, «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбында республикалық конференция ұйымдастырамыз» деген болатын. 

ҚМДБ Төрағасы, Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ихсан ілімін көпшілікке насихаттау жалғаса бермек. Игі істі шынайы ықыласпен атқару, тек Алла разылығын көздеп орындау дін қызметкерлеріне ауадай қажет қасиет. Ихсан және насихат бағытында атқарылатын жұмыстар имамдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені халық ең алдымен, әсіресе уағызшы имам ретінде танылған дін қызметкерлерінің насихатына жүгінеді. 

Осы орайда Діни басқарма уағызшы имамдарымызды қолдау мақсатында республика көлемінде «Көркем уағыз айтудың әдебі», «Республикалық дала семинары», «Қоғамның дерттері» және тағы басқа  тақырыптарда түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отыр.

Қай саланы болмасын оның кәнігі маманы ғана өрге сүйрей алатыны бесенеден белгілі. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы білімді кадрлардың көптеп шығуына баса мән беріп келеді. Діни оқу-ағарту бағытына сәйкес жыл басынан бері Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей қолдауымен мүфтиятқа қарасты 9 медресе-колледждің арнайы пәндерден дәріс беретін 132 ұстазына қосымша жалақы және үздік 200 студентке стипендия беріліп келеді. Мұның бәрі діни саланы алға сүйрейтін кәсіби мамандар қатарын көбейту мақсатында қолға алынып отыр. 

ҚМДБ Төрағасы бағдарлық баяндамасында: «Қазір елімізде халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобалар жүзеге асуда. Біз де мұндай игі істен қалыс қалмауымыз қажет. «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу» деген болатын. 

Осы орайда Шымкент қалалық өкілдігі жастардың рухани патриоттық сезімін ояту бағытында «Алаштану», «Тұлғатану», «Яссауи дүниесі» т.б. рухани оқыту орталықтарын ашу жұмыстарына кірісіп кеткенін ерекше атап өтуіміз керек. Бұған қоса мешіт имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында орталық мешіт жанынан көне түркі тілінде жазылған Ханафи мазһабы негізінде бабаларымыздың кітаптарын тереңдетіп оқыту курстары жұмысы басталмақ. 

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыты бойынша да жұмыстарды жетілдіре беруді тапсырды. Адамның басын ақпарат басқарған заманда тұрғындардың сеніміне селкеу түсіретін мәліметтерге тосқауыл болу маңызды. 2022 жылы Діни оңалту жұмысы аясында 704 адам оңалыпты. Бұл көрсеткіш биыл еселене түседі деген сенімдеміз. Сондай-ақ Бас мүфти осы бағытта «MUFTIYAT» баспасы мен Діни оңалту бөліміне жат діни ағымдар өкілдерінің көтеріп жүрген мәселелеріне Ханафи мәзһабы және Матуриди сенім мектебі тұрғысынан жауап беретін «Жауаптар жинағы» әдістемелік құралын шығаруды тапсырды. 

Қорыта келгенде, дін қызметкерлерінің сауапты һәм жауапты жұмысы биыл осы бес бағытта жүзеге асады. «Ең жақсы адам – адамдарға пайдалы болған мұсылман» деп хадистерде келгендей, қоғамға пайдалы, адамдар арасында сыйлы болуды баршамызға Алла Тағала нәсіп етсін!

 

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру