Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕДРЕСЕ ЖҰМЫСЫНА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ

Талғат Әсембай muftyat.kz 31.01.2023 2054 0 пікір
МЕДРЕСЕ ЖҰМЫСЫНА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төралқа мәжілісінде еліміздегі имамдар мен медресе қызметкерлеріне өзінің бағдарлық баяндамасын жолдап, бірқатар бастамаларды жариялады.

Бас мүфти төралқа мәжілісінде Діни басқарма осы жылы бес бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін айтты. Бірінші бағыт дін мен дәстүр, екінші бағыт ізгі қоғам, үшінші бағыт ихсан және насихат, төртінші бағыт діни оқу-ағарту, бесінші бағыт жат діни ағымдардан сақтандыру.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бүгінде Діни басқарманың діни білім және кадр даярлау жұмыстарына баса көңіл бөліп келеді. Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру бүгінгі заманның өзекті мәселесінің бірі екені белгілі. Білімді діни кадр даярлау үшін ең алдымен медресе шәкірттеріне жан-жақты білім беріп, олардың толыққанды білім алуына аса көңіл бөлу қажет. Өйткені, қазіргі заман заманауи білім беру жүйесін ұдайы жетілдіруді, дін қызметкерлерінің білімін ұдайы шыңдап отыруды қажет етуде.

Бас мүфти осы мәселені дер кезінде қолға алып, өзінің бағдарлық баяндамасында медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде алаштану, тұлғатану пәндері енгізілетінін атап өтті.  Төралқа мәжілісінде Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазір елімізде халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобалар жүзеге асуда. Біз де мұндай игі істен қалыс қалмауымыз қажет. «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу» деді.

Бұл – өте маңызды бастама, медресе жұмысына үлкен қолдау деп санаймыз. Шәкірттерімізді тарихымыздан сабақ алуға және әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыздың өнегелі өмірінен ғибрат алуға үйрету, сонымен қатар олардың орасан еңбектерін оқыту маңызды іс. Қазақ топырағындағы Ислам туралы айтқанда Түркістан, Сайрам, сонымен қатар алғашқы қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен сөз етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырғаны тарихымыздан белгілі.

Аталған ортағасырлық ғалымдардың шежірелік тізбегі мен олардың еңбектерін қазақ даласынан шыққан ағартушы-ғалымдарымыз, ойшылдарымыз – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен ұштастырып, сабақтастырып, халқымызға жеткізуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көп еңбек етіп келеді.

Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Шын мәнінде, дін мен дәстүрге, тағылымды тарихымызға сусындап өскен жас ұрпақ өзінің әдет-ғұрпына, асыл дініне қиянат жасамайды. Қазақ руханиятын жаңғырту жұмысында, жастарды ізгілікке тәрбиелеу ісінде игі қасиеттерді қайта түлету аса маңызды. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады.

Тарих – өткеннен үлгі, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс», – деп айтқан.

Ақпараттың толассыз тарап жатқан заманында, яғни бүгінгі жаһандану дәуірінде жамандық атаулыға төтеп беретін рухани иммунитет дін мен діл, тарих пен ұлттық құндылық екені белгілі. Бүгінде мүфтият тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын зерделеу ісінде бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Ғалымдарымыз Ислам діні ұлтымыздың басты рухани тірегі, ата-бабаларымыздың ұстанған жолы екенін қоғамға барынша насихаттауда. Осылайша, ұлттық тарихымызды жас ұрпаққа жеткізуде. Бұл ретте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының медресе шәкірттеріріне тарихымызды терең оқытсақ деген бастамасы тарихи сананы қайта түлету деп түсінеміз. Бұл бастамаға еліміздегі тарихшы ғалымдар да қолдау көрсетіп, игі іске өздерінің тілеулестік ниеттерін жеткізуде. Алла Тағала тарихтан сабақ алатын, ата діні мен дәстүріне әрқашан құрмет көрсететін жастарымыздың қатарын арттырғай. 

 

 Талғат ӘСЕМБАЙ,

«Шымкент» медресе-колледжінің директоры

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру