Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫҢ...

Төлеби ОСПАН azan.kz 20.12.2021 5096 0 пікір
ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫҢ...

Туған жерін сүю Жаратқанның адам болмысына берген қасиеті. Тексіз әрі қасиетсіз бейбақ қана туған жеріне опасыз келеді. Алланың берген бағы – осындай дархан дала топырағында туған перзенті болу. Отан – адамның кіндік қаны тамып, саналы ғұмыры өткен құтты жер. Отан – ата-бабасының жері, әулетінің терең тамыр жайған киелі мекені.

Әркім үшін Отаны оттан да ыстық. Осындай киелі мекенді жайлаған отандастарға бүгінде Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейтойын көруді нәсіп етіп отыр.

Бабалар білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттаған Отанымыз– Тәуелсіздіктің отызыншы таңын да аттырды.Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ел бірлігі мен ынтымағы үшін көптеген игі шаралар атқарылды. Халықтың әлеуметтік жағдайы оң өзгеріс алып, рухани жаңғыру аясында асыл дініміз бен дәстүріміз көркейді. Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде небәрі 68 мешіт болса, құлшылық ордасы бүгінде 2600-ге жетті. Бүгінде 9 медресе колледж мәртебесін алған діниоқу орындарынан бүгінде 2769 шәкірт түлеп ұшты. Олар еліміздің әр өңірінде діни қызмет атқаруда. 2001 жылы Н.Назарбаевтың қолдауымен Алматы қаласында тұңғыш рет жоғары білімді діни кадр даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті ашылды. Бүгінге дейін 2359 студент бітірсе, оның 254-і – ғылым магистрі, 39-ы – ғылым докторы. Қазіргі таңда 1627 студент білім алуда. Құран жаттаған қарилар саны да көбейіп, дәстүрлі дін насихатында елге қызмет жасап жүр.

Отанды сүю тек ішкі сезіммен шектелетін түсінік емес. Ол сөз және іспен көрсетілетін сезім болса, сол мақсатта дін қызметкерлері аянбай еңбек етуде.Елге, жерге деген ыстық ықылас дұға-тілекте шынайы байқалады. Өйткені, дұға – жүректегі шынайы ниетті жеткізу жолы. Ұлан байтақ жеріміздің тыныштығы үшін еліміздің әр аймағындағы мешіттерде тұрақты түрде құран хатым дұғалары жасау да назардан тыс қалған емес.

Қазақстан дербес ел болғалы біршама ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елбасы бастамасымен елімізде бірнеше рет дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі өтті. Татулық пен бірлікті ұлықтаған ұлт көшбасшысын халықаралық өзге дін өкілдері де қолдады. Н.Назарбаев  отанды сүю, еліңде өмір сүретін басқа дін өкілдеріне деген құрмет пен түсіністік екенін дәлелдеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір муғаһидке зұлымдық етсе, ар-намысына тисе, шамасы келмейтін шаруа міндеттесе қалауынсыз бір затын алып қойса, қиямет күні (муғаһидтің) қорғаушысы мен боламын» деген екен.

Мұғаһид – мұсылман елінде өмір сүретін өзге дін өкілі. Тағдырдың жазуымен елімізді отан етіп жатқан өзге дін өкілдері бар. Ол да Алланың пендесі, адам баласы. Пайғамбар өсиетін өнеге еткен президент бастамасы Тәуелсіз елдің тұтастығы мен бірлігі үшін жалғасып жатыр.

Исламда туған жерге деген сүйпеншілік жер-суының табиғатын жақсы көрумен қатар ел-жұртын жақсы көруі, отандастарымен ара-қатынасты нығайту болып табылады. Отан алдындағы азаматтық парызына адал болуды білдіреді. Отанды сүю – адамзаттың арасына жеккөру, ашу-ыза деген сияқты соғыс отын тұтандыратын нәсілшілдік емес. Хадисте: «Кімде-кім нәсілшілдікке жәрдем беріп, нәсілшілдік үшін ашуланып, соқыр тудың астында өлсе, ол надан өліммен өлген адам» делінген.

Отанды сүю – соқыр сезім емес. Керісінше, әділдік пен туралықта елмен бірге болу. Аббад бин Касир Шамиден:«Уа, Алла елшісі! Кісінің өз ел-жұртын жақсы көруі нәсілшілдік пе?-деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Жоқ, алайда кім өз жұртына зұлымдыққа жәрдем етсе міне сол нәсілшілдік»,-деген екен.

Тұрақтылық пен ынтымағы жарасқан ел ғана заман көшімен ілгерілемек. Имам Ғазали: «Адам баласы туып өскен жері елсіз шөл дала болса да оған бауыр басады. Отанды сүю адамның болмысында бар сезім. Адам туып-өскен жерінде жаны жай табады. Алыс кетсе сағынып, жау шапса қорғауға, сынаса ашулануға дайын тұрады»,-деп Отанға деген сүйіспеншілікті сипаттайды. Ел тыныштығы мен бірлігі үшін, өркендеп көркейе беруіне үлес қосу әрбір жанның азаматтық парызы.

Тәуелсіздіктің 30-шы таңы Қазақ елі үшін даму мен жаңғыруға жаңаша қадам болғай деп тілейміз. Ел іргесі берік, көк байрағымыз мәңгілік желбірей берсін. Бабадан аманат болған ұлан-ғайыр жерімізде дін мен дәстүріміз әрқашан дәріптеліп, татулықты ту еткен еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин! 

Төлеби Оспан
Алматы қаласының бас имамы
 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру