Тәуелсіздігіміздің жариялануы тарихымыздың ең жарқын беттерінің бірі болып қалатын тағдыршешті оқиғаға айналды. Бұл–қазақ ұлтының тағдырындағы түбегейлі өзгерістермен, Қазақстан халқының шынайы бостандыққа қол жеткізуімен, сондай-ақ оның қадір-қасиеті мен рухани құндылықтарының жандануымен байланысты маңызды кезең.
Еліміз Тәуелсіздік мерейтойын қоғам өмірінің барлық салаларында ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асыратын, берік іргетасы, орасан экономикалық және гуманитарлық әлеуеті бар заманауи, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қарсы алуда.
Бүгінгі күн өткенімізге баға берудің, қол жеткізген барлық нәрсенің мәнін тарихи тұрғыдан ұғынудың, алда тұрған міндеттерді айқындаудың тамаша мүмкіндігі.
Егемендіктің 30 жылында атқарылған ең маңызды жұмыстың бірі – еліміздегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылық деп білемін.
Осы тұста Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өміріндегі бір оқиғаға назар аударғым келеді. Ислам тарихында ол «Мәдиналық келісім» деген атпен белгілі.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтқа табынушылар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мәдиналық келісім келді. Оған сәйкес Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері; ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.
Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.
Бұл мысалы, қазіргі кездегі еліміздегі діни саясаттың бірден-бір көрінісі іспеттес. Біздің мемлекетіміз де тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап түрлі ұлттар мен діни-сенім конфессиялар арасындағы татулық және бірлігімен ерекшеленіп отырған жайы бар.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында:
«Біздің осы бағыттағы саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз», деп жазады.
Шын мәнінде, қазіргі күрделі кезеңде, әлемнің геосаяси кеңістігінде орасан зор сілкіністер орын алып жатқан кезде, халқымыз сабырлығы мен төзімділігін көрсетіп қана қоймай, кез-келген жағдайда еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты көзінің қарашығындай сақтауға ұмтылуы тиіс.
Раббымыз Алла еліміздің өркендеуі мен жеріміздің көркеюі жолында ауызбіршілік танытуда баршамызға табандылық нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын. Әмин!
Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,
Қызылорда облысының бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру