Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КЕЛІСІМДЕ КЕЛЕШЕК БАР

Наурызбай қажы Тағанұлы egemen.kz 05.11.2021 5421 0 пікір
КЕЛІСІМДЕ КЕЛЕШЕК БАР

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасқан, тәлім мен тәрбиенің бастауы болған асыл дініміз Ислам бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Ислам сөзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Исі мұсылман баласы бауырына сәлем берген сәтте «Әссәламу алейкум» деп, Алладан бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады. 

Хақ Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-ая­тында: «Ей, адамдар! Негі­зінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сен­дер­ді бір-бірлеріңді танып, білу­лерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алла­ның алдындағы сендердің ең құрмет­тілерің – тақуаларың», дейді.

Біз бұл аяттан бүкіл адамзат баласының ұлттар болып бір-бірінен ерекшеленіп жаратылуы Жаратушы Жаббар Иеміздің даналығы, мейірімі мен нығметі екенін түсінеміз.

Күллі өмірі адамзат баласына өнеге болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы амалын мұсылман үмбетін бауырлас­тыру­дан, қасиетті Мәдина­да қоныс­танған ру мен тайпалар­ды татуластырудан баста­ған. Осылайша, бірлік пен бауырмал­дық сипаттың негізінде Ислам дінінің іргетасы қаланды.

Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бейбіт жолмен қасиетті Мекке қаласын алғанда басқа сенімдегі халықтың діни рәсімдеріне құр­метпен қараған. Бұл – кез келген басшы мен кез келген салаға жауапты адам үшін өшпес өнеге, сарқылмас сабақ деп атар едік. Алла Елшісінің өнегелі ісі басқару ісіндегі барлық адамға үлгі бола бермек.

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мәні мен маңызы күн санап артып келеді. Өйткені әлемдегі саяси ұстанымдар мен мемлекетаралық қарым-қатынастар күн сайын құбылған мына заманда адамзат баласын достық пен татулыққа үндеу аса маңызды істің біріне айналды. Адам баласы келісімсіз келешек болмайтынын жақсы түсінді.  

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген еді.

Аллаға шүкір, бүгінде Еура­зия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрт­күл дүниеге бітімгер, арааға­йын, ымырашыл іргелі ел ретінде таныл­ды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді.

Құдайға шүкір, елімізде дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім жоғары деңгейде көрініс тапқан. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Сарыарқа төсінде өтетін дәстүрлі съездер діндер арасындағы диалогты дамытуға сүбелі үлес қосуда. Елбасының бұл бастамасы хәкім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген сөзін ғалам­дық биікке көтерді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қара­шы­ғын­дай сақтауымыз керек. Эт­но­с­аралық және конфессияаралық қаты­нас­тың қаншалықты ма­ңыз­ды екенін барлық азаматымыз түсі­ну қажет. Біз қашанда алауыз­дыққа қарсы тұра білген елміз», деп атап өтті.

Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынты­маққа ұйыстырудан бастады. Баба­лары­мыз­дың бүгінгі ұрпағы ретінде бар­ша­мыз бірлігімізді бекем етуге үлес қосуымыз тиіс деп санаймыз.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қа­сиет­ті Мәдина қаласына қоныс аударған сәтте «Мәдина конс­титу­циясын» қабылдады. Алла елшісі осы құжатта яһуди қауы­мы­мен келісімшарт жасап: «Яһуди­лердің діні – өздеріне тән, мұсылмандардың да діні – өздеріне тән» (25 бап) деген құқықтық норма бекіткен еді. Сонымен бірге Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Йемендегі Нажран және Си­риямен шекаралас аймақ­тағы Әйла, Жарба, Әзрух елдіме­кен­деріндегі христиан діні өкілдері­мен де бір мемлекетте өмір сүру туралы келісім жасады. 

Ислам дінінде діни-сенім бос­тан­­дығы ғана емес, ұлт пен ұлыс­­тар­дың да құқығы мен еркін­дігі қам­тылған. «Араб ұлты өз­ге ұлт­тарға үстемдік ете алмай­ды, өзге ұлттар да араб ұлты­нан үстем емес», деп өсиет қалдыр­ған Алла елшісі қашан да адамзат баласын бірлік пен игілікке үндеген.

Асыл дініміздің негіздері бойынша мұсылман баласы өзге дін мен ұлт өкілдерімен адамгершілік құндылықтар аясында өмір сүруі керек. Ислам діні барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), деп бұйырған. Дана халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ», дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды. Жаратқанның жәрдемімен ынтымақтың арқасында біз қаншама сындарлы сәттер мен сынақтарды еңсеріп келеміз.

Əйгілі ғұлама-ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғын­дары өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-бірі­не көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», деген екен. Қайырымды қоғам болу үшін, ең алдымен, бізге тонның ішкі бауын­дай бірлік керек.

Алла Тағала халқымызға аман­дық, жұртымызға тыныш­тық, күллі адамзат баласына ынтымақ нәсіп еткей. Әумин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру