Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН ИМАМДАР

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 02.08.2021 2973 0 пікір
СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН  ИМАМДАР

Қазіргі таңда спортпен шұғылданам деген адамға мүмкіндік көп. Балаңызды баулуға үйірмелер де, өзіңіз айналысам десеңіз, спорт алаңқайлары мен залдары жетерлік. Тек уақыт пен талап, тұрақты айналысу үшін тәртіп қана керек. Салауатты өмір салтын салтын ұстанып, тән саулығын қалыпта ұстау үшін кәсіби спортшы болу міндетті емес. Кез келген салада қызмет ететін әр азамат бос уақытын спортқа арнауға құқылы. Осы орайда оқырмандарымызға спортпен тұрақты айналысатын дін қызметкерлерін таныстыруды жөн санап, еліміздің төрт аймағында қызмет етіп жүрген спортшы имамдармен тілдескен едік.

 

КҮРЕС – ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІ

 

Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет 2015 жылдан бері қазақ күресі, самбо және греплингпен тұрақты айналысып келеді. Оның айтуынша, күрес түрлерінің денсаулыққа пайдасынан бөлек, күнделікті өмірде сүрініп кеткенде дұрыс құлай білуге, Құран оқығанда аяттарға демнің толығымен жетуіне септігін тигізеді.

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес нәрсе менің сүннетімнен дейді. Олар – садақ тарту, суға жүзу, жүгіру, атқа шабу және күресу. Әрі пайғамбар сүннетіне амал етіп, әрі Алланың аманаты денсаулығымызды сақтау – нығметке шүкір етудің бір жолы деп есептеймін. Спортпен айналысуда ең алдымен әурет жерінің жабық тұруын басты назарда ұстаймын. Спортпен айналысам деген әрбір ер немесе әйел адам бұған мән беруі қажет. Екіншіден, қарсыласқа деген құрмет, оның өмірі мен денсаулығына зиян тигізбеу деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті, шариғаттың талабын есте ұстаймын. Өйткені қазақ күресінде тұрып күрессе, греплингте партер бар, қылғындыру, ауырту әдістері қолданылады. Сондай әдістерді қолдануда шектен шығып кетуге, бозкілемдегі қарсыласыңды қинап жіберуге болмайды» дейді ол.

Қостанай өңірінің бас имамы күрес түрлерінен бөлек, әсіресе қыс айларында шаңғы теуіп, бассейнге жиі барады екен. Өзін әуесқой спортшы санайтын имам жаттықтырушылардың нұсқауымен самбо күресінен облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған.

«Мақсатым – спорт шебері атану немесе жарыстарда жеңімпаз болу емес, салауатты өмір салтын ұстанып, оны ізімізден ерген бауырларымызға насихаттау. Тілмен айтып қана қоймай, өзіміз де қатысып, жөн сілтесек, пайдалы болар деген ойдамын. Әсіресе ХХІ ғасырдың дін қызметкерлері білімді, зияткер, көркем мінезді болумен қатар, спортқа бейім, шымыр болғаны жөн. Балаларым да спортқа бейім болып өсіп келеді. Төртінші класты тәмамдаған қызым кішкентайынан гимнастикамен айналысса, бірінші класты бітірген ұлым кикбоксқа тұрақты қатысып жүр. Бірақ кикбокс қатаң спорт түріне жататындықтан ұлымды жарыстарға жібермеймін. Өйткені қарсыласқа қатты зиян беруге болмайтынын айттым. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамның бетінен ұруға қатаң тыйым салған. Тек келешекте өзін, отбасын, қажет болған жағдайда Отанын қорғауға, денсаулығын сақтауға қажет деген мақсатпен кикбокс үйірмесіне бердім» дейді Бахытбек Нұрғабылұлы.

Ол дұрыс жаттықпаса, дұрыс тамақтанбаған секілді кез келген спорттың денсаулыққа зияны, қаупі зор екенін айтады. Мәселен жүгірудің де жөнін білмесе, жүрекке жүк түсіп, омыртқа, тізе, буын ауруларына әкеліп соғуы мүмкін. Жекпе-жек спорттарында, әсіресе күрес түрлерінде денені қыздырып алмай бірден бозкілемге беттеу денсаулыққа өте қауіпті. Күреспен айналысуға әуестенген адам залға күн сайын емес, күнара, аптасына екі-үш рет барғаны дұрыс.

 

БОКС ШЫДАМДЫЛЫҚҚА БАУЛИДЫ

 

Алматы қалалық «Рахат» мешітінің бас имамы Кенжебек Қаленов спорттың бірнеше түрімен айналысқан, қазіргі кезде бокс залына тұрақты түрде барып жүр. Тіпті бірнеше рет жүгіру марафонына қатысқан, кәсіпқой бокстан бапкерлік сертификаты да бар.

«Спорт – бала күнімнен бергі серігім. Спорт адамды жауапкершілікке, төзімділікке, өз-өзіңе сенімді болуға тәрбиелейді. Мәселен, өмірде түрлі сынақтар, қиындықтар кездеседі. Соларды еңсеруге сабырлық, шыдам керек. Құлшылық-ғибадаттарды да орындауға тағат, төзім қажет. Жалқаулықты жеңуге, өзіңді сергек сезінуге спорттың пайдасы ұшан-теңіз. Бұрын жүгіру, жүзу, фитнес жаттығуларымен тұрақты айналыстым. 2016 жылдан бастап төрт жыл қатарынан марафонға қатыстым. ММА, яғни аралас жекпе-жек өнеріне де қызыққаным бар. Онымен 2017-2019 жылдары айналыстым. Қазір аптасына екі-үш рет бокс залында жаттығып жүрмін. Тіршілігімізде бәріміздің де жұмыстан қолымыз тие бермейді. Оның үстіне мешіт қызметін білесіз, халықпен тығыз байланыста болғандықтан, бос уақыт табу өте қиын. Аз-аздан болса да тұрақты түрде ең болмағанда дене жаттығуларын жасап тұрсақ, пайдалы болар еді» дейді Кенжебек Оразбекұлы.

Бокспен айналысып жүрген кейіпкеріміз «Жекпе-жек әдістерін өмірде қолданып көрдіңіз бе?» деген сұрағымызға «спорт әдістерін күнделікті жаттығу залында болмаса, өмірде қолданып көрмедім» деп жауап берді. Ал бокстың негізгі ерекшелігі ретінде жылдам ойлай отырып әдіс қолдана білу, шыдамдылық, қауіптің қайдан келетінін алдын ала сезе алу, жылдамдықты, техниканы арттыруды атап өтті.

«Бокс королі әйгілі Мұхаммед Әлидің егде тартқан шағында паркинсон ауруына шалдыққаны белгілі. Сол себепті бокс ең қауіпті спорт санатына жатады. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, әсіресе басты соққыдан қорғауға әбден машықтанған абзал. Одан кейін жүрекке күш түсірмейтіндей деңгейде, яғни әр адам күш-қуатына қарай айналысуы тиіс» дейді ол.

 

ДЗЮДОҒА АНАМ ӘКЕЛДІ

 

Келесі кейіпкеріміз – дзюдо спортын серік еткеніне жиырма жылға жуықтаған қари, Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Ислам Қаюпов.

«Екінші сынып оқып жүргенде дзюдо күресінің үйірмесіне анам ертіп әкелді. Содан мектеп бітіргенше кәсіби түрде айналысып, түрлі жарысқа қатыстым. Алланың қалауымен бапкерім дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанарбек Сансызбаевтың арқасында біраз жетістікке жеттік. Қазақ күресінен облыстық спартакиадада 1-орын алдым, дзюдо күресінен бірнеше жарыста жеңіс тұғырына көтерілдім. 2008 жылы 8-сынып оқып жүргенімде Ресейдің Самара қаласында өткен халықаралық жарыста 55 келі салмақта 5-орынға табан тіреп, осындай жетістіктерімізді саралай келе, «Спорт шеберіне үміткер» (КМС) дәрежесін берді» дейді дзюдошы имам.

Жастайынан діни сауатын ашып, Құран жаттай бастаған кейіпкеріміз күрестің бұл түрі адамды көркем мінезді, әдепті болуға үндейді дейді.

«Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Нағыз мұсылман бауырына тілімен де, қолымен де зиянын тигізбейді» деген өсиетін санамызға ертерек құйғаннан болар, дзюдо әдістерін күнделікті өмірде қолданып көрмедім, қолдануға итермелейтін жағдайлардан да бойымды аулақ ұстаймын. Бұл спорт түрінің негізін жапон ұлтының жекпе-жек шебері Дзигоро Кано қалаған. Тоғыз шәкіртпен басталған ғасырлық тарихы бар дзюдомен қазіргі таңда әлем бойынша миллиондаған қыз-жігіттер айналысады әрі Олимпиадалық спорт қатарына кіреді. Дзюдоның денсаулыққа пайдасынан бөлек, ерекше ұнаған тұсы – жаттығу залына кіргеннен бастап қазақтың келіндері секілді иілу, яғни бапкерге, қарсыластарға құрмет көрсетуі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді және қамқорлыққа, жанашырлыққа үйретеді. Татамиде қарсыласқа дөрекілік көрсетуге, балағат сөздер айтуға, мазақтауға тыйым салынған. Тіпті бір кездері өңір жастары топ-тобымен қатысқан ММА үйірмесіне қосымша барғаны үшін қатарымыздағы бір бала дзюдодан қуылған болатын. Сондағы бапкердің айтқаны: «Мен сендерге дзюдоны біреуді құлатып алып, тепкілеп-ұру үшін, басқаларға күш көрсету үшін үйретпеймін. Ондай мақсаттарың болса, кете беріңдер!». Тағы бір айта кетерлігі, дзюдо күресінде жарақат алмаудың да жолдары қарастырылған. Дұрыс құлай білуге, шынтақпен тіреп қалмай, арқамен түсуге дағдыланады».

 

БАПКЕРІМ «ЖЕЗКИІК» ДЕП АТАЙТЫН

 

Семей өңіріне қарасты Аягөз ауданы Жаңа ауыл мешітінің бас имамы Қуанышбек Нұрмыхан да бала күнінен спортты серік еткен. Арнайы спортзалға, алаңдарға барып жаттықпаса да, үйінде жүріп-ақ темір-терсек көтеріп, шыңдала бастаған. Кейін мектепте 6-сыныпқа келгенде күрес үйірмесіне қабылданыпты.

«Негізгі айналысқан спортым – еркін күрес. Бапкерім марқұм Мұратхан ағамыз қазақ күресіне де үйретті. Той-жиындарда болатын күрестерге жиі қатыстырды. Күресіме риза болған бапкерім мені «Жезкиік» деп атайтын. Мектепте күрестен бөлек, футбол жарыстарына қатысып, жүлделі болғанбыз. Колледжде оқып жүргенде Қобыланды деген бапкерден тәлім алып, түрлі жарыстарда топ жарып жүрдім. Үстел теннисі, кейінгі кезде шығыс жекпе-жектеріне қызығушылығым артып, соңғы жылдары кудо деген спортпен айналысып жүрмін» дейді.

Отыз жастан асқан имам Аягөз ауданының футбол құрамасы мешіт командасы сапында да өнер көрсетіп жүр. Ал күрестен үйренген әдістерді өмірде қолданып көрдіңіз бе деген сұраққа былай деп жауап берді:

«Бізге бапкерлеріміз күресті біреуді құлату үшін, мықтылығыңды дәлелдеу үйретпейміз. Ол қашу үшін де керек деп әзілдеп, 20-30 айналымға дейін жүгіртіп қоятын. Әрине бозкілемдегі әдістерді күнделікті өмірде қолданар болсақ, мұсылманшылығымызға сын болар еді. Ондайдан бойымызды аулақ ұстаймыз. Себебі мұсылманға мұсылман бауырының күш көрсетуін шариғат қолдамайды. Ал футбол, үстел теннисі сияқты ойындар бұқаралық спорт болғандықтан, көпшілікпен араласуға, дін насихатында септігі тиеді. Қазір жастармен жұмыс істеп жүрмін, осы спорттық іс-шаралардың арқасында игі жақсылармен сапарлас болдық, достарымыздың қатары көбейді. Бастысы, спорт атаулы денсаулығымызға да, қоғамға да пайдалы болып отыр».

 

Қорыта айтқанда, көпшілік Құран оқып, жаназа шығаратын, қайырымдылықпен айналысып, неке қиятын имамдардың спортпен шұғылдануға да уақыт табатынын білдік. Әрине спортшы имамдарды тізбектей берсек, арамызда спортқа бейім дін қызметкерлері аз емес. Алланың ақ жолы мен спорттың сан түрлі пайдасын насихаттап жүрген имамдарға амандық тіледік.

 

Дайындаған Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №12, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі