Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗЕКЕТ – БЕРЕКЕТ КІЛТІ

Қатарбай ТӘЖІБАЕВ muftyat.kz 11.03.2021 5761 0 пікір
ЗЕКЕТ – БЕРЕКЕТ КІЛТІ

Мұсылмандар қоғамындағы әділет орнағанының, берекесі барының айқын көрінісі – зекет. Зекет дегеніміз – ауқатты жандардың жылына бір рет өз байлығының белгілі бір аз мөлшерін кедей-кепшіктерге көмек ретінде беруі. Алайда зекетті беретін кісінің оны беруі парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданатын негізгі қажеттіліктері мен қарыздарынан тыс, нисап мөлшеріне жететін байлығы болуы қажет.

 

Нисап дегеніміз – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгілеген байлық деңгейі. Нисаптың көлемі алтын, күміс, мал, сауда заттары, бау-бақша мен егін өнімдеріне қарай әртүрлі болып өзгереді. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:  «Және намазды (дұрыс болу шарттарына сай етіп) оқыңдар, әрі (толық) зекет беріңдер», - деп бұйырған («Бақара» сүресі, 43-аят).

Зекеттің парыз екені Құранның 82 жерінде намазға етене жақын айтылған. Бұл аяттар намаз бен зекеттің бір-бірінен еш ажырағысыз дін негізі екенін айқындайды. Негізінде Құран Кәрімнің зекет жайлы кейбір аяттары меккелік кезеңде түсе бастаған. Осы аяттарда баяндалғандай, бай мұсылмандар байлықтарының белгілі аз ғана мөлшерін кедей мұсылмандарға беруі тиіс. Өйткені сол уақытта кедей мұсылмандардың көптігі және олардың үнемі мүшріктердің жәбіріне ұшырауы сияқты жағдайлар кезінде зекет оларды қорлықтан құтқарудың бірден-бір жолы болған. 

Сондай-ақ, Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес негізге (яғни бес тірекке): Алладан басқа тәңір жоқтығына әрі Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етуге, намазды атқаруға, зекет беруге, Рамазан оразасын ұстауға және Қағбаға қажылық жасауға құрылған», - деген (Тирмизи).

Зекет – ислам діні үстіне орныққан бес негізгі тіректің бірі. Алла Тағала ислам шариғатына зекет парызын Һижраның екінші жылы шәууәл айында, рамазан оразасы мен пітір садақасынан кейін Мәдинада енгізді. Зекет беру мұсылманның жан дүниесін сараңдық пен ашкөздік дертінен құтқарады. Алла Тағала бұған қатысты келесі мына бір аятта былай дейді: «Ей, Пайғамбар! Олардың малдарынан садақа (яғни зекет садақасын) ал! Бұл –оларды күнәсынан арылтып, жан дүниесін тазарту үшін қажет» («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Мәдина кезеңінде зекет ресми түрде бекітіліп, мемлекет қазынасының негізгі тірегіне айналған. Зекет әр жылдың соңында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағайындаған қызметкерлер тарапынан жиналып, қажетті жерлерге жұмсалған. Ал бұл қажетті жерлер – Құранның белгілеуі бойынша, кедей-кепшік, түгі жоқ міскін, зекетті жинауға тағайындалған адамдар (оларға жинаған зекеттерінен айлық төленеді), жүректері жаулануы үміт етілгендер (исламды қабылдауы мүмкін болғандар), құлдарды азат ету, қарызға батқандар, Алла жолындағылар және ақшасыз жолда қалған жолаушылар.

 Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар!» - деген (Бәйһәқи). Зекет беру мал-мүлік нығметі үшін шүкір ету болып саналады. Алла Тағала Құранда шүкіршіл пенделеріне берерін арттыра түсетінін айтқан. Бұған қоса мал-мүлікті арам көзден, көре алмаушыдан, ұрыдан, ит-құстан қорғап тұрады. Оның кедейге берілуі арқылы мұсылманның барша малына береке қонады. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ешбір пенденің мал-мүлкі садақа беруден кеміген емес», - (Тирмизи) дейді. Демек осы уақытқа дейін зекетін берген пенделердің мал-мүлкі зекет беру салдарынан кемімейді. Керісінше зекет берушілердің мал-жаны берекеге кенеліп, арта түскен. Зекет пақырлар мен мұқтаждарға өз көмегін тигізеді. Өздеріне берілген зекет малымен олар шаруаларын аяғына тұрғызып алады. Қоғам қайыршылық дертінен аман болады.      

 

Қатарбай ТӘЖІБАЕВ,

«Айшабибі» мешітінің имамы.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру