Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҰРҺАН АД-ДИН АХМАД ӘЛ-ФАРАБИ

Шамшәдин КЕРІМ "Мұнара" газеті 29.01.2021 1990 0 пікір
БҰРҺАН АД-ДИН АХМАД ӘЛ-ФАРАБИ

ҰҒА академигі, профессор Әбсаттар Дербісәлінің ұзақ жылдан бергі зерттеуі нәтижесінде қазақ жеріндегі тарихи қала Отырардан (Фараб) шыққан отыздан астам оқымыстының аты-жөні айқындалған. Демек аталған ғалымдар жайында мағлұматтарды барынша жинастыру, түгендеу, зерттеу жүргізу, ата жұртында таныту жұмыстарын жасау ләзім. Сондай ғалымның бірі – Бұрһан ад-дин Ахмад әл-Фараби.

Әбсаттар Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» (1991) кітабында неміс шығыстанушысы К.Брокельманға (1818-1956) сүйене отырып, ғұламаның аты-жөні, 1174  жылы қайтыс болғаны, «Заллат әр-қари» («Намазда Құран оқу кезіндегі қателіктер») атты еңбегі бар екенін, аталған еңбектің қолжазбасы қазір Петерборда сақтаулы тұрғанын айтқан болатын.

Отырарлық оқымыстының бұл туындысы намазда жіберілетін қатені түзету мәселесіне арналған. Еңбек қолжазба күйінде Петербор, Стамбұл, Каир т.б қалалардағы кітапханаларда сақталған. Осы мұраға қызығып, іздестіре бастағанда кітапты ғылым докторы Таһа Мұхаммад Фарси зерттеп, өңдеп электронды кітап етіп бастырғанын білдік. Басылымды қолға түсіріп, зерделегенімізде оның өлең түрінде, оның ішінде қасида жанрындағы ерекше еңбек екенін аңғардық. Қасида он бес тақырыптағы бөлімге жіктеліп, жетпіс сегіз бәйітпен өрілген. Арабтың «нуния» деп аталатын өлең өрімінде жол соңындағы сөздерді «нун» әрпімен аяқтау арқылы ұйқастырады. Шығармада намаздағы қырағатта, имамдықта және жамағатпен оқудағы жіберілетін ағаттықтар жырланған.

Бұл туындыға қазақ жеріндегі ежелгі қала Жендтің тумасы әл-Жендидің «Қуният әл-имам шарх «Қасида из заллат әл-қари», яғни «Заллату әр-қари» қасидасына түсінік – Имамның меншігі (қолынан тастамайтын құнды дүниесі)» жазылғанын, оның екі нұсқасының жоғалмай жетуін оқығанымыз тосын жаңалық болды. Әрі бұл қозғаусыз жатқан шығарманың кейінгі кезде   араб ғалымдарының назарына ілініп, жарыққа шыққанын естіп тағы қуандық.  Осы қолжазбаны ғылым докторы Таһа Мұхаммад Фарис 2020 жылы Дубайда «Құран Кәрімге арналған ізденістер мен зерттеу бойынша» Дубай мемлекеттік грантының иегері болып «Құранды зерттеу сериясымен» алғысөз, түсініктерімен бастырыпты. Араб елінде жарияланған бұл басылымды әуе қатынасы шектелген пандемия уақытында алдырту оңайға соққан жоқ. Таһа Мұхаммад Фарси әзірлеп айналымға қосқан екі басылымды қолға түсіріп, парақтай бастағанымызда бірқатар тың, құнды деректерге қанықтық. Енді осы бір  жаңалықтарды қалың көпшілікке жеткізіп, сүйіншілемекпіз.

Әл-Женди «Заллат әл-қари» қасидасына түсіндірмесінің соңында Бұрһан ад-дин Ахмад әл-Фарабидің туған қаласы ортағасырлық даңқты Фарабты:  «Фараб қаласы тап-таза, ауасы мұнтаздай, бау-бақшасы көп, алуан түрлі жан-жануарлар мен жемістері бар, әсіресе жүзім мен қарбызы мол, бұл екеуінің дәмділігі мен көптігі ешбір елде кездеспейді, түрлері мен сұрыптары да сансыз мол, жыл он екі ай үздіксіз болады. Қаланың ортасында өзендер ағып тұрады, суы – тұщы. Өзеннің екі жағасында ағаштар мен бақшалар өседі. Егер адам қаладан шығып төрт тараптың бірімен жүрсе, бір фарсах не одан да ұзақ алыстағанша, ағаш көлеңкесінде болады. Өзендерде балықтар бар, үйрек пен қаз секілді құстар асырайды, олардың көптігі сондай, тіпті тегін секілді. Бұл қала – әр сала шеберлерінің шоғырланған орны, әсіресе шариғат ілімінің (білгірлері), Құран жаттағандарының санында шек жоқ. Қала халқының шыншылдық және адалдықпен аты шыққан. Бүгінде қала жалпы халықтың тілімен Отырар деп аталады» деп тамсана көркем, әсерлі түрде суреттеумен бірге шаһардың өсіп-өркендеп, гүлденгені жайлы мәнді ақпараттар берген. Бұл – Қазақстандағы ежелгі тарихи қала Отырардың өткендегі байлығы шалқып, экономикасы шарықтаған, Ислам діні мен ғылымы дәуірлеген кезеңін көз алдымызға елестетуде, тарихи шынайы бейнесін қалпына келтіруде жәрдемдесетін бағалы, бұлтартпас дерек.

Ғалымның толық аты-жөні – Ахмад бин Әби Хафс бин Йусуф әл-Фараби. Лақап аты – Бұрһан ад-дин (Дін құжаты). «Бұрһан ад-дин» – Қарахан мемлекеті билігі тұсында Ислам ілімі ерекше дамыған Бұхара мен Самарқанның Ханафи мазһабындағы ғұламаларына берілген, кең таралған лақап.

Бұрһан ад-диннің туған жылы жайлы мәлімет жоқ. Жендидің айтуынша, оқымыстының әкесі де, атасы да – әл-Фараби ныспылы, нағыз фарабтық   тұрғындар. Бірақ оның бақилық болған мерзімі – һижра жыл санауымен «Заллат әр-қаридің» соңында «аяқтаған уақыты 570 жылдың шағбан айының ортасында» деп жырлағанына қарап, һижра бойынша 570 жылдан бері, яғни 1174 жылдан кейін деп шамаланады. Әл-Жендидің сөзіне қарағанда, Бұрһан ад-диннің туған шаһары Фарабтың Сопыханака махалласында (тұрағында) жерленген. Шыңғыс ханның жойқын соққысына бірінші ұшыраған Фараб шаһары екені белгілі. Басқыншылардың 1219 жылы бейбіт қаланы 6 ай қоршап, қақпасынан кірген соң тас-талқан етіп қиратқаны мәлім. Жоғарыда келтірілген әл-Жендидің шаһарды суреттеуінде осы шапқыншылыққа дейінгі жайқала гүлденген жағдайын баяндап отыр деп болжамдаймыз.

Бұрһан ад-дин білімінің тереңдігін, оның Ханафи мазһабының негіздерін және тармақтарын жетік меңгергенін «Заллат әл-қари» қасидасының аяғындағы «Ондағы нәрсеге жетуге зерек жанның ақылы қиындыққа тап болар, Сөздеріне саналының ақылы қайран қалар» деген жолдар айғақтайды.

Әл-Женди кіріспеде заманның  ұстазы (ұстаз уз-заман), шариғаттың жүрегі (садр уш-шариа), ақиқаттың сұлтаны (султан ул-хақиқа), Ислам мен тариқат шейхтарының шейхы (шейх шуйух-әл-ислам уа ат-тариқат), әлем ғұламаларының мырзасы (сайд-әл-улама фил алам), миллат пен дін құжаты (бурһан әл-миллат уа дин) деген сөздері оның шариғаттың терең білгірі, беделді оқымыстысы екенін әрі сопылық жолдағы дәрежесін көрсетіп отыр. Бұл баға әл-Фарабидің сопылықтың төрт сатысын меңгергенін, шариғатты жетік игеріп, тариқаттағы пір, мүршид, шейхтердің ұстазы, жол бастаушысы деңгейіне дейін көтерілгеніне айғақ. Осы айтылған Бұрһан ад-дин әл-Фарабидің тұлғалық қасиеттерін санамалған мадаққа, сопылықтағы ең биік мәртебесіне қатысты жоғары бағаға тағы қосымша Женди шархының соңында «Көрінетін кереметке, мол ілімге ие /сахибу карамат заһирия уа улум  уафира)» деген сөздерімен оның көл дария білімімен қатар сопылық керемет жасайтын теңдессіз ғажап қасиетін келтіріп қуаттай түскен. Бұл бағаны бір жағынан оңтүстіктегі сопылық ілімді тек Ясауимен байланыстыратын ғалымдар үшін соны дерек, жаңа байламдар жасауға  жетелейтін ойтамызық деп санаймын. Демек Ясаға жақын орналасқан Фараб сопылықтың тамырын терең жайған орталығы мен мектебі болған, оның аса ірі өкілі, рухани жетекшісі Бұрһан ад-дин болғаны айқындалады.

Екіншіден, алып Отырар шаһарында дәруіштер тұрақтайтын арнайы орынжай – ханакасы болғанын жеткізеді. Тарихи әрі діни тұрғыдан мәнді мұндай ақпаратты осыған дейін жазба деректерде ұшырастырмағанбыз әрі бұл – қала орнында ұзақ уақыттан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан мамандар тарапынан дәйектелмеген соны факт. Егер Қожа Ахмет сынды сопы өз хикметтерін халыққа ұғынықты түрік тілінде жазса, Бұрһан ад-дин поэзиялық туындыларын араб тілінде туындатқан. Тек Шыңғыс хан әскерінің шабуылында Отырардағы сандаған ғұлама сопылар қаза болып, олардың жолын, шығармашылығын куәландырар дүниелер жойылып кеткен. Шыңғыс хан шапқыншылығынан зардап шекпеген Ясада сопылық дәстүр кейін де жанданып, жалғастық тапса, зобалаңнан кейін Фарабтағы тариқат үзілген.

Бұрһан ад-диннің қасидасына арқау етілген қателіктер тажиуд һәм фиһқ ілімдеріне қатысты. Бұндай намаздағы жаңылыстарды түзетуге бағытталған «Заллат әр-қари» аттас еңбектерді Әбу Ханифа мазһабы ғалымдары көп жазып, дәстүрге айналдырған. Әбу Хасан Әли бин Жағфар ас-Саиди (400/1009 жылы қайтыс болған) «ат-Танбиһ әл-Лаһн әл-Жали уа лаһн әл-Хафи» (Анық және байқалмайтын қателіктерден сақтандыру) атты жұмысын дүниеге әкелді. Кейін бұл мәселе жайлы Әбу Мұхаммед Мекки бин Әбу Талиб (437/1045 жылы қайтыс болған) қалам тартты. Бұл тақырыпты мауераннаһрлық ғұламалар да өзекті, қажетті санаған.

«Заллат әл-қари» атты еңбек қалдырған мәшһүр ғұлама – Әбу Иуср Мұхаммед бин Мұхаммед бин әл-Хұсейн әл-Баздауи Садр әл-Ислам (493/1100 жылы қайтыс болған). Танымал шәкірті Әбу Хафс Омар бин Мұхаммед бин Ахмад бин Исмаил ан-Насафидің  (537/1142 жылы қайтыс болған) оның мол, бағалы мирасының арасында осы мәселені арқау еткен туындысы бар. Аталған ғұламалардың бұл еңбектерінің қолжазбалары бүгінгі таңда арнайы диссертациялардың өзегіне айналуда. «Заллат әл-қари» бағытын өзек еткен ғұламалар баршылық болса да, осы зәру мәселені жырмен өрнектеген мысалды таппадық. Әл-Фарабидің жаңалығы – намазда имам жіберетін ағаттықтарды жүйелеп, оны поэзия қалпына салып, өрнектеуінде. Ол Құран қырағатында жіберілетін қателіктерге жол бермеуге машықтандыруды жеңілдетуге оңтайлы тәсіл етіп өлең уәзінін пайдаланған. Осыған қарап Бұрһан ад-диннің еңбегін «Заллат әл-қари» тақырыбында поэзиялық түр формасын жаттауға қолайлы қолдануымен баламасы жоқ, айрықша ескерткіш деп есептеймін. 

Біз әл-Фарабидің бұл шығармасын таза оқытушылық, ұстаздық қызмет барысында дүниеге келген деп есептейміз. Ал араб тілі мен Ислам ілімдерінің оқытумен байланысты қиын қағидаларды үйрету барысында жаттату, жадында сақтату мақсатында өлеңге айналдырып беру тәсіл болған. Яки әл-Фарабидің шәкірттеріне сабақ жүргізгенде миында ұмытпай сақтауы үшін әдейі осындай әдіске жүгінген. Кейін мұндай өлеңдерге түсінік қажеттілігі туындаған. Мәселен, қазақ даласынан шыққан аса көрнекті ғұлама Қауам ад-дин әл-Итқани (1286-1357) араб грамматикасының, поэзия тіліндегі ауытқуларын, мирас ілімінің қиын қағида-ережелерін өлеңге айналдырған, кейін өзі осы туындыларын қара сөзбен түсіндірген.

Фарабтық Бұрһан ад-диннің біздің заманымызға аман-есен жеткен тағы бір поэзиялық туындысы «Манзума фи-л Муаннасати-с шамсия» қазір Түркиядағы Сүлеймения кітапханасының Жаруллаһ қорында тұр. Қолжазба атауын қазақшалағанда «Әйел тегі ауызшада орныққан (есімдер туралы) өлең» дегенді білдіреді. Араб тілінде сыртқы формада әйел тегіне тән «та марбутасы» болмаса да әйел тегіндей қолданыстағы сөздер тобы бар. Бұл сөздерді білу – грамматикалық қате жіберуден сақтандырады. Аталғандай сөздерді поэзия қалыбына салу машығы араб тілін оқыту барысында пайда болған. «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби – ғұлама ғалым, ақын» (2017) атты монографиямда осы тақырыпта жырлаған өте танымал дін ғұламалары,  лингвисттер Әбу Омар ибн әл-Хажиб (1249 жылы қайтыс болған), Әбу Бәкір ар-Рази (1267), Ибн Малик (1273), Қауам ад-дин Итқани (1357),  Жалал ад-дин ас-Суйути (1505) болғанын, сол қатарда Бұрһан ад-дин әл-Фараби де бар екенін тілге тиек еткенмін. Ал әл-Фарабидің аталған оқымыстылардан бұрын қайтыс болғанына қарап, осы жанрда ертерек, алғашқылардың бірі болып қалам тартқан деп ой түюге болады. Сонымен ғалымның сақталған екі еңбегі де араб тіліндегі поэзиялық шығарма екенін ескерсек, оқымыстының араб тілін өте жетік білгенін әрі өз ақындық қабілет-дарынын оқытушылықта, дәріс жүргізу барысында имамдарды намазда жаңылыс басудан, араб тілі грамматикасын игеруге баулуға жұмсағаны анық байқалады.

Әл-Женди кіріспесінде шархын жазуға Бұрһан ад-дин қасидасына байланысты ханафилердің, кейбір дос-жаран, құрдастарының сұрақтарының түрткі болғанын айтып өтеді. Осылайша шархта Бұрһан ад-диннің «Заллат әл-қариіндегі» жырланған қағидаттарды, қысқа қайырған өлең жолдарын  қасиетті Құран, хадис мәтіндерімен, ғұламалар пікірлерімен ұштастыра тарата тәптіштейді.

Әл-Жендидің «Қуният әл-имамның» құндылығы – біріншіден, Бұрһан ад-диннің «Заллат әл-қариіне» имамдардың әрдайым жанынан табылатындай көмекші ретінде жазылуы, екіншіден, осы шығарма авторы туралы аз болса да аса маңызды мәліметтер хабардар етуі, үшіншіден, Фараб (Отырар) қаласының қаншалықты молшылықты, берекелі әрі әсем көркін   сипаттауында, төртіншіден, қалада сопылардың тұрақ орны болғаны, Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін сопылықтың қанаттанғаны әрі тариқаттың кәмил жетекші ұстазы болғаны хақында мағұлматтың шетін ұстатады.

«Қуният әл-имам шарх «Қасида уз-заллат әр-қари» кіріспесінде авторы әл-Женди екені анық таңбалаған. Бірақ автордың тек ныспысы көрсетіліп, одан әрі толық-аты жөнін келтірілмеген. Таһа Мұхаммед Фарис болса, «Женди» деген ныспысына, Ханафи мазһабын ұстайтынына қарап, ханафи табақат (саты), таражим (өмірбаяндық) кітаптарына енген, араб грамматикасына арналған кітаптарымен мәшһүр Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди деп, шығарманы танымал оқымыстыға толық сеніммен телиді. Шынында, Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди кім? Ол –араб тілі бойынша бағалы еңбектер жазған ғұлама имам, лингвист-ғалым. Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы байырғы Женд кентінде дүниеге келген. Ғылым қуған Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди өмірінің біраз бөлігін Бұхарада өткізген. Жерлесі Хұсам ад-дин ас-Сығанақи (1314) де оқымыстымен көзі тірісінде кездескенін айтқан. 1300 жылы көз жұмған. Ғалымның «әл-Иқлид», «әл-Мақалид» атты кітаптары сақталған. Бұл ғалымның өмірдеректері мен еңбектері, «әл-Иқлид», «әл-Мақалид» кітаптары жайында «Қазақстан исламтануының аса көрнекті өкілдері» (2018) атты зерттеу кітабымдағы арнайы бөлімде кеңірек баяндаған едім.

Қалай болғанда, «Қуният ул-имам шарх «Қасида аз-заллат әл-қари»   авторының әл-Женди екені даусыз. Бірақ Женд кентінен шыққан ғалымдар аз болмаған. Олар туралы жеткен мәліметтер тым тапшы, көпшілігі ұмытылған. Әбсаттар қажы Дербісәлі ізденістерінде «әл-Женди» ныспысын иеленген 18 оқымысты, діндар, қаламгердің есімдерін келтірген (Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Руханият және өркениет», Зерттеулер мен мақалалар, А, 2016, 191-234-беттер). Бұл тізім келешекте толыға түспек. Алайда бұл шығарманың авторы Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди болды ма, басқа Женди болды ма, кесіп айту қиын. Кітап авторы Фараб қаласын өте жақсы білгені анық көзге ұрады. Ал жоғарыда берілген көрініс Фараб шаһарының шарықтап-дамыған суреті, шапқыншылыққа дейінгі бейнесі деуге болады. Өйткені Шыңғыс хан әскерінің сойқанынан отқа оранып, аяусыз қираған шаһар араға біршама уақыт сала есін жиса да, бұрынғы қалпына келе алмаған. Әрі Тадж ад-дин әл-Жендиге қатысты қолға түскен мәліметтерді саралағанымда мұндай шығармасы бар екені ешбір жерде айтылмайды. Осыған қарағанда бұл кітаптың авторы Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Жендиден басқа шапқыншылықтан бұрын ғұмыр кешкен Жендтің бөгде перзенті, бұрын беймәлім болып келген оқымысты ғой деп топшылаймын.

«Қуният әл-имамның» Мысырдың «Дару әл-кутуб» кітапханасында сақталған нұсқасы Сарай қаласында һижра бойынша 749 жылы, яғни біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 1349 жылы Садр ад-дин ибн Мұхаммед бин Әлиден көшірілуі де кездесоқтық емес. Бұл кезде Сарай Алтын орданың астанасы болған. Мұхаммед Сұлтан Өзбек хан билік құрған 1313-1341 жылдары Алтын Орда нағыз өрлеу кезеңін бастан кешті. Саяси-әскери өрлеумен бірге Исламның ресми дін болып, шариғат заңдары бойынша елдегі сот ісі жүргізілгендіктен, оның маңыздылығының артқаны, қалада көптеген ислам кітаптарының дүниеге келгені мәлім.

Қорыта айтқанда, бұл екі кітап та – мәдени мұра ғана емес, имамдар үшін аса керекті көмекші құрал, дінтанушы, исламтанушыларға пайдалы әдебиет.  Әрі еліміздің тарихы мен ортағасырлық қала өркениетін зерттеушілер үшін деректанушылық мәні бар. Әзірше осындай қымбат қос жәдігерді жұртшылықты құлағдар етумен тоқталдық. Ал екі шығарманы тақырыптық, мазмұндық жағынан, әдіснамалық қырларын таразылап, кеңірек таныстыруға кейін ораламыз деген ниеттеміз.

 

Шамшәдин КЕРІМ,

профессор, Нұр-Мүбарак университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры

«Мұнара» газеті, №2, 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі