Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОЛАР ШЫН МӘНІНДЕГІ КҮРЕСКЕРЛЕР ЕДІ

Рахматтулла СМАНОВ "Мұнара" газеті 18.01.2021 4248 0 пікір
ОЛАР ШЫН МӘНІНДЕГІ КҮРЕСКЕРЛЕР ЕДІ

Орта Азия аумағында қоныс тепкен халықтар арасындаа Ислам руханиятын, рухани өнеге өркениетін, қалыптастыруда ишандар мен ахундар мектебі айтарлықтай үлес қосты.

Ахун – парсы тілінен енген сөз. Ұстаз және баулушы деген мағынада қолданылатын діни лауазым. Бұхар хандығындағы ең жоғарғы діни лауазым ахун деп аталған. Ахун мүфтиден кейінгі атақ болғандықтан, мүфтидің шариғат бойынша айтқан шешімі ахунның келісімімен ғана іске асырылған.

Ахундар діни қауымдастықтағы қызметтерді басқаруға жауапты болды. Олар мешіттерде намаз оқыды, діни уағыз жүргізді және туу мен жерлеу рәсімдері сияқты діни жораларды орындады. Олар сондай-ақ Иранда «хауза» деген атаумен танымал болды және басқа да елдерде медреселерде, ислам мектептерінде дәріс берді. Ахундар әдетте шариғат, фиқһ, Құран және негізгі математика сияқты әртүрлі ислами және ислами емес пәндерді оқып, бірнеше деңгейде білім алған.

Ал ишан ұғымы әулие сөзінің баламасы ретінде қолданылады. Ишан деп сопылық мектептің жетекшісін атаған. Сонымен қатар Орта Азияда ишан терминін Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардан бастау алатын әулеттің өкілдерін атау үшін қолданған.

Ишан сөзінің этимологиясына қатысты бірнеше теория бар. Сол нұсқалардың бірінде ишанның шағатай тілінен енген, қасиетті, тақуа адам деген мағынаны білдіретіні айтылады. Екінші нұсқа бойынша, бұл сөз парсы тілінен шыққан және «олар» деп аударылады. Орта ғасырларда «олар» сөзі сопылық тариқаттар көсемдері мен ақсақалдарына қатысты қолданылған. «Олар» сөзі көптік түрде қолданылуының себебі − қарапайым адамдар зайырлы және рухани жағынан артықшылығы бар, жоғарғы санаттағы адамдарға деген құрметін көрсеткен. Тариқаттар көшбасшыларының жеке есімдерін атау − тыйым салынған әрекеттің түрі еді. Өйткені сол кездегі наным-сенімдерге сәйкес ол бақытсыздыққа алып келетін. Ишандар жайлы алғашқы жазбалар Қожа Ахрардың (1404-1490 жылдар) және Бахауддин Нақшбандтың (1389 жылы қайтыс болды) өмірбаянында кездеседі.

Ишандардың негізгі қызметіне науқастарды емдеу (экзорцизм), тұмар дайындау және үлестіру, ұжымдық зікір салуды ұйымдастыру кірді. Ірі (беделді) ишандар тәуелсіз сопылық қауымдастықтың негізін қалады. Орталық Азия ишандарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрды. Сондықтан ишандықты шартты түрде «Орта Азия ауылының сопылығы» деп те атайды.

ХІХ-ХХ ғасырларда Түркістан аумағында сопылық бауырластықтар ерекше беделге ие болды. Өлкетанушы ғалымдардың пікірінше, Орта Азияның әр қаласында кемінде бір ишан мен ахун, ал үлкен шаһарларда бірнеше танымал ишан болды. Мәселен, 1900 жылы Ташкент қаласында әкімшілік тарапынан әрқайсысында екі мыңға жуық мүриді бар төрт ишан тіркелді (С.Абдулгафаров, «Мусульманские ишаны», Ташкент, 1908). Кейбір қазақ немесе басқа да түркі халықтарының (өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ) рулары мен тайпалары рухани тұрғыдан белгілі бір сопыны пір тұтты. Әдетте сопылар қожа тұқымынан шыққандар еді.

Ишандар мен ахундар діни білім мен ағарту, ахлақ тәрбиесі мен жұбату қызметін атқарды, сондай-ақ олар психология мен халық медицинасын жақсы білгендіктен, дәрігерлік көмек жасаумен де айналысты. Халық арасында оларға «әулие» деген атақ берді, сонымен қатар Алла Тағала мен қарапайым жұрт арасындағы күш деп есептелді.

Ишандар мен ахундардың арасында ауқатты, мал-мүлкі мол тұлғалар көп болды. Олар байлығының қыруар бөлігін мешіттер, медреселер мен тұрғылықты орындар құрылыстарын жүргізуге жұмсады. Алайда бірқатар зерттеушілер оларды жемқорлық пен парақорлық жасады деп айыптады. Кейбіреулері олардың арасында надандық тарады деген пікір айтады. Бұл мәселелерге қатысты зерттеулерді Е.Смирнов, Г.Арендаренко, И.Гейер, Н.Остроумов, С.Абрамзон, А.Савицкий, У.Шалекенов сияқты ғалымдар қарастырды.

Ишандар арасында өзбек этносының өкілдері басым болды. Дегенмен Түркістан даласындағы барлық халықтар арасында олардың мәртебесі жоғары еді. Әсіресе қазақтар арасында ерекше танымал болды. Оның дәлелі – болып Шымкент пен Қызылорда даласын жайлаған тырысқақ (холера) індетіне байланысты 1892 жылғы оқиға (Н.Нуртазина, «Ишаны туркестанского края», Вестник КазНУ, 2012). Бұл кезде ишандар қарапайым халыққа қол ұшын созып, жұқпалы аурудың бел ортасынан табылды.

География ғылымдарының кандидаты Қали Омаров: «Қазақ даласында ағарту ісін ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар өрістетті. Олар ел өміріндегі ықпалды әлеуметтік топ ретінде халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеген, мешіт салдырып, медреселер ашқан, Шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттаған, Ресей империясының отаршылдық саясатына өздері жүргізген діни тәлім-тәрбие, оқу-ағарту істері арқылы кедергі жасаған шын мәніндегі күрескерлерге айналды» дейді.

Мәселен, Мақтұм Cейіт баба мүсәпір жандарға көмектесіп, имандылықты насихаттаған. Ұрпақтарынан мешіттерге иелік еткен жиырма шақты ишан шыққан. Сол секілді Айқожа ишан Темірұлы мектептер мен медреселер ашып, ағартумен және имани тәрбие берумен айналысқан. Құлболды ишан да имамдық қызмет жасап, бала тәрбиелеген. Оразай ишан Бұғыбайұлы асыл дінді насихаттап, халықтың сауатын ашу бағытында біраз еңбек сіңірген. Молдашер ахун Жамұратұлы арабша, парсыша сауат ашатын мектептер қалыптастырады. Сонымен қатар Ресейдің отаршылдық саясатына қарсылық танытқан тұлғалардың бірі болды.

Сталиндік репрессия басталған кезде алдымен дін ғұламалары мен қызметкерлері қудаланады. Соның салдарынан ишандар мен ахундардың есімін атауға тыйым салынып, олардың еңбектері мен өмірі туралы мағлұматтар жойылды. Олардың куәсі болып салдырған мешіттері, жерленген бейіттері мен есімі берілген ауылдар ғана қалды. Сонымен қатар олар туралы халық арасында ауызекі әңгімелер тарады. Зерттеушілер көп жағдайда осы аңыз әңгімелерге сүйеніп келеді. Қортындылай айтқанда, ишандар мен ахундар мектебі діни білім, ағартушылық, имандылық тәрбиесі жолында қызмет істеп, Орта Азия аумағына руханият пен даналықты қалыптастыру жолында өшпес із қалдырды.

Қазіргі уақытта да руханият мәселесі өзекті. Қазақ руханияты қандай болу керек? Білімді, өнегелі қазақстандық азамат пен қоғам қандай болуы тиіс? Қазақ халқының ділі мен дүниетанымы басқа өркениеттерден қалай ерекшеленеді? Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін сан ғасыр бойы қалыптасқан халықтың тарихына үңіліп, ондағы дүниетанымның болмысы мен табиғатына әсер еткен құбылыстарды, оқиғаларды зерттеу қажет.

Руханияттың деңгейі мен сапасы қоғамдағы адамгершілік қарым-қатынастарын, өнегелік мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, жалпы мемлекеттің әлеуметтік, саяси және экономикалық дамуына әсер етеді. Сол себепті отандық әлеуметтік-гуманитарлық білім саласы үшін ишандар мен ахундар мектебін зерттеу айрықша маңызды.

 

Рахматтулла СМАНОВ,

Нұр-Мүбарак университетінің докторанты

«Мұнара» газеті, №1, 2020 жыл  

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру