Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІНИ КАДР САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ muftyat.kz 02.12.2020 3899 0 пікір
ДІНИ КАДР САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

«Молда бол, балам» деп бата берген, діни тұлғаны аса құрметтеген қазақ елінің бүгінгі ахуалы қандай? Тәуелсіздік алып, мешіт саны көбейіп, оған имамдық ететін маманның білім деңгейі басты талап болып отырғаны белгілі.

Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға аса назар аударып отыр. Тіпті жұмысқа тағайындалатын мамандарды арнайы тестілеуден өткізіп, ұсыныс арқылы бекітеді. Бұл халыққа рухани көшбасшы болар имамдық қызметтің құндылығын білдіріп тұр. Дана халқымызда «шала молда – дін бұзар» деген мақал бар. Дін мәселесі – қылдан жіңішке, қылыштан өткір, шыныдан нәзік дүние. Өйткені ол адамның сеніміне байланысты нәрсе. Ал кінің сеніміне селкеу түссе, Ислам деген асыл, таза дінді қаралап шыға келеді. Осындай жағдайлар орын алмас үшін жұртшылық діни сауатты болуы қажет. Ол үшін ең алдымен жұртшылыққа бағыт-бағдар беретін имам жан-жақты білімді болуы керек.

Қазіргі уақытта бұл талап қалай орындалып жатыр? Жамбыл облысының дін мамандары жайлы нақты ақпаратты мысалға келтірейік. Бүгінде біздің Жамбыл өңірі бойынша 400 дін қызметкері қызмет етеді. Оның 88-і – бас имам, 47-сі – наиб имам, 28-і – ұстаз, 30-ы – азаншы, 207-сі – молда. Осы 400 дін қызметкерінің 103-і ғана діни жоғары білім алған. Олар шет елдегі және еліміздегі ЖОО-ын тәмамдаған. Ал жалпы мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқығандары – 37. Облыста 1 Phd докторы мен 10 магистр бар. Бұл барлық көрсеткіштің 25,8%-ын құрайды.

Орта білімді мамандардың саны – 70, ол 17,5% пайызды құрайды. Ал діни курс оқығандар – 227 адам, яғни 56,7%.  Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары білімділер 43,6%-ға, ал орта білімділер 21,4%-ға көбейген. Яғни дін саласында өсу байқалып тұр. 2019 жылы жоғары білімділер (58 адам) 15%, орта білімділер (55 адам) 14%, діни курс оқығандар саны (284 адам) 71% көрсеткішті көрсеткен болатын.

Биылғы 2020 жылы Жамбыл облысына 40 жаңа қызметкер келді. Олардың арасында 10 жоғары білімді, 1 магистр, 14 орта білімді мамандар бар. Облысымыздағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде оқыған шәкірттер, білімін тағы жетілдіріп, өз ордасына кадр есебінде қайта оралуда. Мәселен, биыл оқуын тәмамдаған 14 шәкірттің 4-еуі, біздің өңірден басқа да медреселерге барып білім алған 28 кадрдың 5-еуі өз өңірімізде жұмысқа орналасты. Жалпы облыс бойынша қызмет жасап жүрген мамандардың ішінде 16 қари бар. Сонымен қатар «Қордай Құран қарилар дайындау» орталығынан 22 қари бітіріп шықты.

Бүгінгі имамның кескін-келбеті заманауи талаптарға сай болуы керектігі мүфтият бекіткен құжаттарда да айшықтала жазылды. Бұл мешіт қызметкерінің қызметі бес уақыт намаз оқумен және діни жоралғыларды өткізумен шектелмейтінін көрсетеді. Әсіресе имамдардың халыққа жақындауы үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жүргізуі де маңызды. Сол себепті де қызмет жасап жүрген мамандарды жыл сайын оқуға жіберу, болашақ мамандарды даярлауға күш жұмсалуда.

Жыл басынан бері 6 дін қызметкері Ислам институтында білімін жетілдірсе, өңірлік білім жетілдіру курстарында 68 қызметкер оқудан өтті. Облыс бойынша 72 діни сауат ашу курсы бар. Олардың 39-ы толық жыл бойы сабақ өтетін курстар болса, қалғаны – маусымдық білім беру орындары. 

Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз қараңғы түн сияқты. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі, 1-аят) деп басталады. Жаратушы Алла бізге: «Раббым! Менің білімімді арттыр!» деп дұға жасауды да үйретті («Таһа» сүресі, 114-аят). Тағы бір аятта: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» деп білім иелерін ардақтайды («Зумар» сүресі, 9-аят).

Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы Исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені» дейді  шариғатымызда (Ибн Мәжа). Бабаларымыз «Білім инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаса керек. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп айтқанындай, қай заманда болмасын ілім алу бірінші орында тұру қажет. Қазіргі таңда дін мамандарының деңгейі мен қатарының артып келе жатқаны – бүкіл ел үшін қуаныш. Бұл мамандыққа ең мықты, үздік жастар оқуға түсіп, қызмет жасауы тиіс. Өйткені жауапкершілік бір ғана адамға емес күллі ұлтқа жүктеледі. Халқымыз «Білім тұрған жерде иман тұрады» дейді. Ал жүрегінде иманы толық әрбір адам Отан үшін қызмет қылып, елдің өркендеуіне үлес қосары сөзсіз. Дін маманы болу тек шариғи рәсімдерді сауатты орындап қою ғана дегенді білдірмейді. Ол – ұрпаққа ибалы, иманды, ұлттық тәрбиемізді үйретуші, Абай айтқан өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шақпақтар жайлаған қазіргі таңда адамзатты жақсылыққа шақырушы, жақсы өмір сүрудің Алла үйреткен жолын еске салып, рухани дамуға, толық адам болуға жол көрсетуші. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» (Мүслім) деп білім ізденушілерді жәннатпен сүйіншілеген. Кез келген адамды біліммен сусындандырушы – бір Алла. Сондықтан әрбір намазда, әрбір дұға қабыл болатын сәтте Алла Тағаладан екі дүниеге пайдалы білім сұрағанымыз абзал.

 

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

Жамбыл облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру