Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕҢБЕКПЕНЕН ТАППАҒАН МАЛ ДӘУЛЕТ БОЛМАС...

Қуаныш Наржанов muftyat.kz 06.08.2020 5284 0 пікір
ЕҢБЕКПЕНЕН ТАППАҒАН МАЛ ДӘУЛЕТ БОЛМАС...

Бізді жоқтан бaр eткен, мұсылман eтіп жaрaтқaн, имaн мен ынтымaққa бөлеген, сaнсыз нығмет беріп бaйытқaн Аллa Тaғaлaғa шүкіршілік, мaдaқ-мaқтaулaр болсын! Бүкіл жaрaтылысты жaқсы көретін, соңғы демінде де «үмметім, үмметім» деп жaнaшырлықтaн елжіреп өткен, екі дүниенің шaм-шырaғы, сүйікті, aрдaқты Пaйғaмбaрымыз Мұхaммед Мұстaфaғa сaлaуaт, сәлем болсын!

Бұл дүниеге сынақ үшін келген адам баласының ең үлкен қалауы табысқа жету болса, ең үлкен қорқынышы да – тапқан табысынан айырылып қалу. Ақырет табысына жету немесе жете алмау осы өмірдегі іс-әрекетімізге қарай болмақ. Алайда, адамдардың көпшілігі сенімдеріне қарай жетістікке жету мәселесін әрқалай түсінеді.

Кей адамдардың «мына дүниеде ешкімнен артта қалмайын» деп күндіз-түні қажымай еңбек еткендерін көреміз, бірақ, өкініштісі, бұлар табыстарының халалына не харамына мән бермейді. Ал, кейбіреулер тапқан табысының көптігіне емес, оның таза жолмен келгендігіне көңіл бөледі.

Кітабымыз Құран Кәрімде табысты жақсы немесе жаман жолмен тапқандарға «кәсб» сөзін қолданса, жетістікке жеттім деген нәрсесінен түбегейлі айырылып қалғандарға «хусран» сөзін қолданады. Осыған орай Ислам ғалымдары табысқа жетудің жолдарын үшке бөліп қарастырған:

1.Тек қана дүние табысы.

2.Тек қана ақырет табысы.

3.Дүние һәм ақырет табысы.

Ұлы Алла Тағаладан және ақырет күнінен  қорыққан пенде  Оның  әмірлеріне мойынсұна отырып, әрі өмір сүрудің жүйесін Ислам дінінен үйреніп, қоғамдағы қиыншылыққа төзе отырып, тек Алланың разылығын негізге алатын болса, онда ол мәңгілік бақыттың жетістігіне жеткені. Ислaм діні – негізінен мұсылмaндaрдың дүние және aқыреті үшін aдaл еңбек етуін тaлaп етеді. Бұл жөнінде Аллa Тaғaлa қасиетті  Құран Кәрімде: 

«Әй мүминдер! Өзaрa мaлдaрыңды бұзaқылықпен жемеңдер. Бірaқ  өз  ризaлықтaрыңмен сaудaлaсу бaсқa.  Және бір-біріңді  өлтірмеңдер. Рaсындa, Aллa сендерге ерекше  мейірімді» дейді. (Ниса  сүресі 29-аят) 

«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел  көреді. Соңында оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің – Раббың» (Нәжм сүресі 39-42 аяттар) 

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кәсіптің ең қайырлысы – ықыласпен еңбек еткен жұмысшының қол еңбегі» деген (Ахмет риуаят еткен) 

Миқдад ибн Мағды Якрабтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары  Дәуіт те (Алланың оған сәлемі болсын) қол еңбегімен тамақ тауып жеген», – дейді (Бұхари риуаят еткен)

Исламда сауда-саттықпен табысқа жетудің басты шаттары  мынадай:

1. Исламда сауданың негізін туралық және қайырымдылық құрайды. Сатушы мен тұтынушының өзара ризалығы, ынсаппен  баға қою, харам мен халалға мән  беру секілді шарттарды орындау және өсім, таразыға кем тарту, нақақ пайдаға бармау, айлакерлік, жалған ант беру  сияқты харам нәрселерден аулақ болу – мұсылман саудагердің міндеті. Мұндай  адам Алла Тағаланың  сүйіспеншілігіне бөленеді.

Бір  күні таңертең  Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен  бірге  отырғанда  тепсе  темір  үзетін жас жігіт жандарынан өтеді. Сол кезде  сахабалар: «Өкінішті, мына  жас  жігіт күш-қуатын, жастық  шағын  Алланың  жолына  жұмсаса  ғой» дейді. Пайғамбарымыз бұл сөзді  есітіп: «Олай  демеңдер! Егер ол бала-шағасының  нәпақасын адал жолмен табу  үшін  жолға  шыққан  болса, онда ол Алланың жолында  болғаны. Егер (бір  нәрсені) көру  үшін  жолға  шықса, онда шайтан жолында  болғаны» деген (Табарани).

Тағы  бір  хадис шарифте: «Шыншыл, сенімді мұсылман  саудагер  қиямет  күні пайғамбарлар, турашылдар және шейіттермен  бірге  болады» делінген (Тирмизи).

2. Исламға  қайшы  әрекеттер мен харам  қылған  істерімен айналыспау. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өсімқорлық пен ішкілікке  тыйым  салынғаннан кейін: «Осыларды (өсімқорлық пен  ішімдікті) тасыған, сол жолда қызмет еткен, (осы саудаға байланысты   қағаздарды) жазған және  куәгер болған  адамдар  қарғысқа  ұшырайды» деген.

Тағы  бір  хадисте: «Алла Тағала бір  нәрсені  харам  қылғанда  оның  құнын  да  (саудаға түсуін  де  харам қылады)» деген (Әбу  Дәуіт).

3. Еселеп  табыс табу  үшін бағаның  көтерілуін күтіп, халық  мұқтаждық көрген мал-мүлікті  сатпай сақтап отыру – харамдардың ең  үлкені. Бұл адамзатқа үлкен зұлымдық істегенмен пара-пар. Пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Бір  азық-түлікті (бағаның  өсуін  күтіп) саудаға салмай, қырық күннен көп  сақтаған  адам Алладан ұзақтайды және  Алла Тағала да  одан ұзақтайды» (Ахмед  бин Ханбал).

4. Алғанда артық алып, сатқанда  таразыны кем  тарту  ұрлықтың  бір  түрі  болмақ. Мұндайлар  арзымас  пайда  табамын деп үлкен  пәлекетке ұшырайды. Бұл  жайында  Құран Кәрімде былай  баяндалады: «Өлшегенде толық  өлшеп, тура таразымен  тартыңдар! Осы қайырлы  және  нәтиже тұрғысынан да жақсы» (Исра, 35);

«Өлшеп-тартуда  кеміткендерге  нендей өкініш! Олар қашан  өлшеп  алса, толық өлшеп  алады да, қашан  олар өлшеп  немесе  тартып  беретін болса кемітеді. Олар қайта тірілетіндерін ойламай ма?» (Мұтаффифин,1-4).

5. Сатылған  мал-мүліктің  көрінетін-көрінбейтін  барлық  ақауын  айту  керек. Әйтпесе, жасалған сауда  харам іске  жатады. Өзіне  қаламаған  жаман істі өзгеге де  қаламаған  жөн. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): мұндай  алдап  сатушыларды «бізден  емес» деп  ескерткен.

6. Сауда-саттықтағы  тым  көп ант  ішу – мәкруһ. Қандай жағдай  болмасын  Алланың  атымен ант ету жөн саналмайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер  сауда-саттықта көп ант ішуден аулақ болыңдар. Себебі, ант тауардың өтуіне көмектессе  де, кейін  ақшаның берекетін  кетіреді» деп  зиянын  көрсетеді (Муслим).

Сауда-саттықта туралықтан  тайған  адамның  ісі  ешқашан алға баспайды. Садақа мал-мүлікті азайтпағаны сияқты, алдау да мал-мүлікті  көбейтпейді. Қасықтап  жиналған харам мал ойламаған  жерден  еріген мұздай ағып, соңында  күнәлары  ғана қалады.

7. Жұма намазы уақытында діни  үкімдер  жауапкершілігі  жүктелген әрбір адамның түрлі  қызметтермен  айналасуына  және қызметшілеріне  жұмыс  істетуіне  тыйым  салынған.

8. Бірнеше кісі  болып  бірігіп іс істеу мубах  амалға жатады. Алдау  мен ұрлық, зұлымдық  пен өтірік жоқ жерде  Алла  Тағала ауыз  біршілікті  нығайта  түседі. Құдси-хадисте  (мағынасы  Аллаға тән болған хадис) былай  баяндалған:

«Екі адамның бірі екіншісіне  қиянат жасамаған  кезде, олардың үшіншісіне Мен боламын. Ал егер, бірі  екіншісіне қиянат  жасай бастаса, мен олардан ұзақтай бастаймын» (Әбу Дәуіт)

 9.Мал-мүліктің  жақсысын алу – Пайғамбарымыздың  әмірі. «Аяқ киім сатып  аларда  жақсысын ал. Сырт киім  алар да  жақсысын ал» (Табарани).

10.Бір мұсылманың дүниедегі сауда-саттығы ақыреттегі есеп-қисапты ұмыттырмағаны жөн. Сауда-саттықпен айналысқан  әрбір мұсылманның  ақырет  байлығы  бұл дүние  байлығынан  мың  есе артық  екенін  ұмытпаған абзал. Дүние  табысы өмірінің соңына  дейін ғана жетеді. Ал, ақырет табысы мәңгілік  өмірінің байлығы  болып қала бермек. Бұл жайында Құран Кәрімде  Алла Тағала былай дейді: «Өздерін сауда-саттық Алланың зікірінен, намазды  орындаудан, зекет  беруден  тоспайтын  адамдар бар. Олар  жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен  қорқады. Сондықтан Алла Тағала оларға істегендерінің ең  көркем сыйлығын, тіпті өз  қасынан  артығымен береді. Алла Тағала  қалаған  құлын есепсіз несібеге бөлейді» (Нұр, 37-38 аяттар)

Қазақ халқы – ежелден еңбекқор халық. Аталарымыз адал еңбектің арқасында ұрпаққа өлшеусіз байлық қалдырды. Қазақтың ғажайып қолөнері, өнер туындылары, киіз үйі, тұрмыс-салт бұйымдарының барлығы да – ерен еңбек пен ғаламат шеберліктің жемісі. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының сөзі, ойы мен өнегесі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Абайды тани алмаған қазақ, дүниені де танып жарытпайды дегендей, заман өзгерсе де, қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап...– деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен. Осы жолда ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін маңдай түзер темірқазығы болды.

Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. Адал еңбек пен адал еңбек ететіндер қашанда бағаланатыны анық. «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық» деп ақын заман шерін ақтарған.

Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша, еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді.

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар

Болмаған соң жұмыс қып, мал табарлық...

Ниеті мен талабы, еңбегі мен өнері жоқ елде алдау, ұрлау, берекесіздік болатыны белгілі.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын, - деп азғындықтың бір жолы ол жалқаулық екенін түсіндірген.

Абай, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді.

Абай халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнады. «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады. Мұны:

Адал жүріп, адал тұр,

Есебің тура келуге.

Жаның жақса, соңынан,

Жалқауланба еруге...

 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз,.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз...

 

...Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл, - деген өлең жолдары адал еңбек еткен адамның жаны тазарып, оны өзінің кім екенін, алдына мақсат қою керектігін түсінуге жетелейді.

Қоғамда араны ашылған пайдакүнемдік, баюға деген құштарлық тойымсыздыққа әкеліп соғатынын Абай сол кездің өзінде аса қауіпті құбылыс деп көрсеткен:

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,

Еңбекпен терін сатып, түзден жимас...

...Алса қоймас, араны тағы тоймас.

Әрқашан ар, ұяттты өзіңе серік ете жүріп еңбек ізде, жалқаулықтан безін, кәсіп ізде, өнер тап дейді. Бұл ойларын ол «Сегіз аяғында» анық етіп ескертеді:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап

Адам бол – мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде - деп Абай атамыз өз өлеңдерінде еңбектің қадір қасиетін, адамгершілік қағидалармен ұштастыра айтып өтті. Яғни, еңбек етудің пайдасына жете тоқталып, еңбектің маңызын насихаттаған.

Халқымызда да еңбек туралы көптеген мақалдар мен мәтелдер даналық сөздер бар. «Еңбектің малы – тәтті», «Еңбек түбі – зейнет» деген дана халқымыз. Ұлтымыз бар байлық пен бақыт еңбекте деп түсінген. Еңбектің маңызына аса терең тоқталған. Халқымыздың бай мұрасы, руханияты мен әдебиеті, өнері еңбектің арқасында келген.

Расында әр мұсылмaн aдaл кәсіппен шұғылдaнып, aдaл тaбыспен күн көруге  көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде адал еңбек жaсaп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. 

Расулалла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы Сaғыд ибн Муaзды (Алла оған разы болсын) кезіктіреді. Екеуі қол aлысып aмaндaсқaнда, сaхaбaсының қолы күстеніп кеткені байқaлaды. Себебін сұрaғaндa, Сaғыд ибн Муaз (Алла оған разы болсын) отбaсын aсырaу үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содaн тілімденгенін aйтaды. Сондa Пaйғaмбaрымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оның жaуaбына сүйсініп: «Міне, Aллa осындaй қолдaрды ұнaтaды», – деген еді. (Әбу Дәуіт, Бұюғ 1)

Әуелі аузымызға кірген мен шыққанға назар аударайық, сонда еңбектің наны тәтті, әрі берекелі екенін білеміз. Жаратқан Ие баршамызды ісі де, сөзі де, тапқан пайдасы да адал, шынайы мұсылмандар қатарында кіршіксіз өмір сүруді жазсын! 

Қуаныш Наржанов,

ҚМДБ-ның Алматы аймағы бойынша өкілі,

«Қарасай батыр» мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру