Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚЫНЫҢА ЖАНАШЫР БОЛ!

Рауан ҚАЙДАР egemen.kz 16.06.2020 914 0 пікір
ЖАҚЫНЫҢА ЖАНАШЫР БОЛ!

Біз «жақын» деген сөзді тек туған-туыстарға қаратып айтатын болған сияқтымыз. Ал сізбен әріптес, сапарлас, пікірлес болған жандарды неге жақын деп есептемейміз. Олармен ойыңыз ортақ, мұратыңыз мүдделес болса, неге жаныңызға жақын тарт­пайсыз? Жақын деген сөз тек ара­қа­­шықтық өлшемі ме? Бәрі­міз бір аспанның астында өмір сүріп жатқандықтан, бір-бірі­мізге жақынбыз. Сондықтан да тайып бара жатқанға таяныш, сүрініп кет­кенге сүйеніш болу адами пары­зымыз емес пе?! Әсіре­се, қазір­гі індет іргемізге ұя сал­ған қиын-қыстау шақта жан-жағы­мыз­ға жана­шырлық таныту аса маңызды.

Мамыражай маусымның ортасынан бастап көптеген демалыс, ойын-сауық орны ашылады деген ақжолтай хабарды естіп, қуанып қалдық. Дегенмен бұл қуанышымыз су сепкендей басылды. Себеп – елдегі эпидемиялық жағ­дай­дың тұрақ­талмауы. Оның тұрақ­та­лып һәм каран­тиндік режімнің тезі­рек аяқ­талуында азаматтардың сақ­тық шараларды қатаң сақтауы баса назарға алы­натыны айқын. Осы ретте отан­дас­тарымыздың осалдық танытып, бетпердеге бейжай қарап, ашық-шашық жүргеніне налисың. Денсаулығына сеніп, дертті елемей жүргендер қан­шама?! Кейбір адамдардың имму­нитеті мықты болып, вирусқа қарсы тұра алғанымен, кейбірінің қарапайым тұмаудан да тұра алмай жататындарын көреміз. Бұл жердегі негізгі мәселе, сізге вирус жұққанымен, оған сіздің денсаулығыңыз шыдап, көтеруі мүмкін, ал денсаулығы осал топтағы жандар қарсы тұра алмай, кезбе дертті керісінше сізден жұқтырып алса ше?! Сіз тәжтажалды тасымалдаушы болып қалмайсыз ба? Осы жағын ойлансақ.

Мысалы, кешегі жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 490 тасымалдаушы тіркелген. Ақмола облысында – 1, Ақтөбе облысында – 22, Алматы облысында – 34, Атырау облысында – 54, Шығыс Қазақстанда – 4, Жамбыл облысында – 21, Батыс Қазақстанда – 25, Қарағанды облысында – 58, Қостанай облысында – 1, Қызылорда облысында – 14, Маңғыстау облысында – 4, Түркістан облысында – 14, Солтүстік Қазақстанда – 5, Алматы қаласында – 94, Нұр-Сұлтан қаласында – 69, Шымкент қаласында – 70. Жалпы белгілері жоқ тасымалдау­шылар Қазақстанда – 4892 адам.

Көз жұмғандардың санына көз жүгір­тетін болсақ, республика бойынша атал­ған індеттен барлығы 77 адам қайтыс бол­ды. Кеше ғана 4 науқас көз жұмды. Олар Нұр-Сұлтан қаласында – 1941 жы­лы туған әйел, Павлодар облы­сын­да – 1971 жылы туған әйел, Ақ­мола облысында – 1977 жылы дүниеге кел­ген ер және 1952 жылы туған әйел. Комиссия бұл жағдайлар­ды корона­­вирустық инфекциядан қайтыс болған деп тіркеуге шешім шығарған.

Осыған орай әртүрлі шаралар қолға алын­ды. Мәселен, кеше Нұр-Сұлтан қа­ла­сының әкімі Алтай Көлгінов елор­да­­лық­тарды қонаққа және отба­сылық мей­­рам­дарға барудан бас тартуды өтінді.

«Қонаққа барудан және отбасы­лық мерейтойлардан, сонымен қатар адамдардың көптеп топталып жиналуы­нан бас тарта тұру қажет. Тәуекел әлі де бар. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақын­дарыңызды қауіп­сіздендіресіз. Қалада отба­сылық індет ошақтары тір­­келді. Бір адам отбасының бү­­кіл мүшелеріне – қарт ата-ана­сына, балаларына, жұ­байына жұқтырып алды. Қалада ин­фек­ция­­ның тара­луына жол бермеу мақ­сатында зарарсыздандыру жұ­мыс­тарын тұрақты жүргіземіз» деді А.Көлгінов.

1

Оның сөзінше, емханалар мен ауруханалар аумағында зарар­сыздандыру тоннельдері мен теп­ло­визорлардың саны арта түседі.

«Бір өкініштісі, ін­дет жұқ­­тырғандардың бар­лы­ғы бірдей медицина қыз­меткерлерінің нұсқаула­рын сақтай бермейді. Бұған қоса, олар өздігінен ем­деу­­мен айналысып, ме­ди­ци­на­лық көмекке дер уа­қы­тын­да жү­гінбейді. Қалай бол­­ғанда да COVID-19-дың ағза үшін ауыр салдарын бағаламауға болмайды. Қала тұрғындарының санитарлық нормаларды сақтамауы әрі елемеуі бүкіл қала аумағын шарпитын ін­деттің таралуына әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Олай болмаған жағдайда қатаң карантин режіміне оралуға мәжбүр боламыз» деді елорда әкімі.

Дей тұрғанмен, ескер­тулерді естімей, нұсқауларға немқұрайлы қарап жүрген­дердің қарасы қалың. Сол се­бепті де қазіргі уақытта 15 мыңға жуық азаматтардан ви­рустың белгілері рас­тал­ған. Ой­найтын емес, ойлайтын кезеңде тұрғанымыз әр­қайсымызды алаң­датуы керек.

«Коронавирус инфек­циясының симптомсыз түрі анықталған нау­қас амбу­латориялық жағдайда меди­циналық бақылауға алынып, үйінде (үй карантині) оқшауланатынын айтып өт­кен абзал. Осы ретте ол үйден шық­пай, қолды сабындап жуып, бөлмені жиі тазалап, спирттік негіздегі ан­тисептикті пайдалану қажет. Одан бөлек, тамақ ішер ал­дында, сонымен бірге дә­ретханадан кейін қол­ды сабындап жуып, қолды сүрту үшін мүмкіндігінше бір реттік майлықты пайдаланып, жеке ыдыс­­пен тамақ іш­кені дұрыс. Денеде қызу немесе өзге де жайсыздықты сезінген жағдайда COVID-19 бо­йынша колл-орталыққа хабарласқан немесе өтінім себебін түсіндіре отырып, же­дел жәрдем шақырған дұ­рыс. Үй карантинінде бол­ған жағдайда қашықтан мони­то­ринг­теуді қамтамасыз етіп, бөгде адамдардың үйге кі­руі­не тыйым салынған абзал. Негізгі сақтық шараларын сақтап, құнарлы тамақ­тар жеп, дәрігерлердің айт­қандарын орындаса, ауырған азаматтардың саны азаяды. Ең бастысы үйден ешқайда шықпай, үйге ешкім келмеуі тиіс. Күніне екі мезгіл де­не қызуын өлшеп отыру керек» дейді Павлодар об­лыс­­тық жұқпалы ауру­лар ауру­ханасының дәрігер-ин­фек­ционисі Қымбат Каз­кенова.

Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні, қоғам саулы­ғы үшін қолдан келгенше жеке сақ­тық шараларына баса назар аударған абзал. Жалқы адамның жауапкершілігі – жалпы жұрттың саулығының негізі екенін естен шығар­майық!

Рауан ҚАЙДАР

egemen.kz

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі