Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Жеті рухани қазық»: Еңбекқорлық

muftyat.kz 09.04.2020 4046 0 пікір
«Жеті рухани қазық»: Еңбекқорлық

Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда иман келтіру мен еңбек ету, ізгі іс істеу әрдайым қатар айтылған. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым.

Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған. 

Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың жолы.

Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы», (Бұхари) – деген.

Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қоластындағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» (Бұхари, Муслим)деген. 

Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Ал харам жолмен дүние жинау, яғни ұрлық-қарлықпен, қиянат-зорлықпен, алдап-арбаумен, алаяқтықпен, өсімқорлық, жемқорлық, пара беру жолымен пайда табу – үлкен күнәға жатады. Мұндай жолдармен мал тапқан адам тәубе етіп, кісі ақысын өтемейінше, Жаратқанның рақымынан құр қалмақ. Өйткені, Алла Тағала адамдардың ақысын жеуге қатаң тыйым салған.

Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. 

Шәкәрім атамыз «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата (Алланың оған сәлемі болсын) Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек. Еңбекқорлық мынадай жеті сипатта көрініс табады:

  • Еңбексүйгіш
  • Жауапты
  • Бастамашыл
  • Іскер
  • Ұқыпты
  • Майталман
  • Талапты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру