Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОЙЛЫ ЖАСТАРҒА ОН КЕҢЕС

Әділет КӨПЕН 06.04.2020 10658 0 пікір
ОЙЛЫ ЖАСТАРҒА ОН КЕҢЕС

«Заманына қарай адамы» демекші, қазіргі уақыт – құндылықтар, мақсаттар және «приоритеттер» өзгерген уақыт. Өзгергені соншалықты, қазір «приоритет» деген сөзді қолдана бастадық. Осы сөзді маған біреу осыдан 10 жыл бұрын айтса, «бұл немене?» деп күлетін едім. Қазір олай емес, қазіргі жасөспірім ақылды, алғыр әрі зерек. Бұның бәрі – жаһанданудың белгісі.

Ешкім де, ештеңе де оның әсерінен сырт қалған жоқ. Алайда, жаһанданудың өзі бәріне бірдей әсер етпейді. АҚШ, Еуропа елдері мен Азия, ТМД елдерінің жастары екі басқа. Кейбір елдер жас ұрпаққа айтарлықтай қаражат және көңіл бөлуге қабілетті болса, ал кейбірінің ондай қауқары да, ниеті де жоқ. Сондықтан әрбір елде осы аспектіні ескеретін өз жастар саясаты немесе соған ұқсас құрылымдар бар.  Әл-Фараби бабамыз: «Кез-келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген екен. Олай болса, қазақстандық жастарды олардың өмірлік талаптарына сәйкес бірқатар топтарға бөлуге мүмкіндік береді.

  • «Отбасылы жастар» – ең алдымен олар мықты отбасы құрып, жақсы балаларды тәрбиелеуім керек деп ойлайтын жастар;
  • «Еңбекқор жастар» – жақсы білім алуға, беделді және қызықты жұмыс істеуге, сүйікті ісімен айналысуға күш жұмсайтын жастардың бір бөлігі;
  • «Іскер немесе кәсіпкер жастар». Олар – өз кәсібін құруға, әлемнің түрлі еліне баруға, байлық пен материалдық молшылыққа қол жеткізуге ұмтылғандар;
  • «Гедонист жастар». Олар бос уақытты өз ләззатына жұмсауға тырысады. Ең алдымен жеке басын ойлайды, сосын барып басқаға көңіл бөледі. Бұлар әдетте туғанынан молшылықта өмір сүрген, жоқшылық көрмеген жастар.
  • «Максималист жастар» – барлық салада жетістікке жетуді ойлайтын жастар. Бұл топтың ұмтылысын «жасөспірімдік максимализм» деп атауға келмейді;
  • «Мансап қуған жастар» – атақты болуға, мансабын жасауға және билікке қол жеткізуге үміттенген жастар. Өмірдің көптеген саласында нәтижеге қол жеткізуге, бірақ өз ләззаты үшін өмір сүруге немесе өз-өзіне ие болуға ұмтылатын жастар;
  • «Тұрақтылықты сүйетін жастар» – өмірлерінде қандай да бір өзгерісті қаламайтын, дәл қазіргі жағдайына қанағат етуші жастар. Бұлар алға да, артқа да жылжымайды, бір қалыпты сақтайды. Басқаша айтқанда, тәуекелге бару олар үшін мүмкін емес нәрсе. «Жайлылық аумағынан шыға алмайтын адам» деп осы санаттағы жастарды айтуға болады. Кез келген жұмысты істеп, азды қанағат тұтады, тәуекелге баруға батылы жетпейді.
  • «Үмітсіздікке түскен жастар» – өзін-өзі дамытуға ешқандай құлшынысы жоқ, болашаққа деген үміті өшкен, тек бүгінгі күнмен өмір сүретін жастар.

Әрине, Қазақстан жастарын түгелдей бұл қалыпқа салуға келмейді. Кейбір кезде бірнеше топқа жататыны немесе ешқайсысына жатпайтыны да болуы мүмкін. Дегенмен, анықтап қарасаңыз, қазіргі заман жастары бір-біріне өте ұқсас. Жастардың өмірдің барлық саласында: экономика, саясат, руханият т.б бағыттар бойынша өз жолын тауып, табысқа жетіп жүр. Жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, рухани және физикалық дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет.

Адамның 20 жасында жасаған таңдауы оның мансабына, адамдармен қарым-қатынасына, денсаулығына және болашақ әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан, дұрыс таңдау жасап, дұрыс шешім шығара білу – алтыннан да қымбат дүние. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай атамыз бұл сөздің ақиқат екенін аңғартып тұрғандай. Сол себепті «қолын мезгілінен кеш сермеп» қалмауы үшін енді ғана қалыптасып келе жатқан 18-20 жастағы жасөспірімдерге келесі он түрлі кеңес айтқым келеді.

Біріншіден, уақытты басқаруды үйрен. Өз жұмысыңда барынша өнімді болу – тұтас ғылым. Мансабыңның басында күн тәртібін ұйымдастыру және уақытты тиімді қолдану өте қиын. Монреаль кәсіпкері Этьен Гарбугли «20 жасымда білгім келетін уақытты басқару үшін өзіме 26 кеңес» деген презентациясында ең маңызды екі ереже бар екенін түсіндіреді: дұрыс дедлайн (соңғы мерзім, шекті мерзім, тапсырма орындалуы тиіс күн немесе уақыт) орнату және бірнеше жұмысты бір уақытта атқармау.

Екіншіден, ақшаны барлық нәрседен жоғары қойма. Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу керек, бірақ ақшаны бірінші орынға қоюдың қажеті жоқ. Ақшадан да маңызды дүниелер барын түсін. Ақшаң бола тұра, жаныңда сені түсінетін жақын адамың болмаса немесе денсаулығың сыр берсе, өзіңді шынайы бай адам деп есептей аласың ба?

Үшіншіден, үнемдей біл. Ата-ананың қамқорынан шығып, ересек өмірге қадам басатын кез келеді. Сол уақытта өміріңе азық болар аздаған қорың болуы керек. 18-20 жасыңнан жинауды бастасаң, ол 10 жылда қыруар қаржыға айналады. Кәсіпкерлік тілмен айтқанда, оны «қауіпсіздік көпшігі» дейді. Немесе болашақ кәсібіңнің алғашқы капиталы ретінде де пайдалансаң болады. Бірақ ең алдымен өз-өзіңе инвестиция құюды ұмытпа.

Төртіншіден, денсаулығыңды күт. Қазір саған жастық шақ бітпейтін өмір кезеңі болып көрінуі мүмкін. Бірақ, албырт жастықтың да дәурені өтеді. Сол кезде денсаулықтың қадірін түсінесің. Жастық шақ – еліктеушілікке бейім уақыт. Ересектерше темекі тартып, шарап ішіп, ойнап-күлгің келеді. Есіңде болсын, бұлардың ләззаты – уақытша, ал залалы – өмір бойы. Бір сәттік ләззат үшін бүкіл өміріңді қор етпексің бе? Денсаулықты күтудің екі-ақ жолы бар: дұрыс тамақтану және спорт.

Бесіншіден, табандылық таныт. Тіпті ең табысты адамдар да әрдайым жетістікке жете бермейді. 20 жасыңда қанша талантты және өршіл болсаң да, ересек өмірге келгенде сені жұмыстан шығарып жіберуі, жақындарыңмен қарым-қатынасың үзілуі немесе кәсібің кенеттен дағдарысқа ұшырап, жанып кетуің мүмкін. Егер табандылық танытып, одан сабақ алып, ары қарай жылжи алсаң, бұдан да биік шыңды бағындырасың.  

Алтыншы, барлық адамға ұнауға тырыспа. Өміріңде сен ұнатпайтын немесе сені жақтырмайтын адамдарды кездестіресің. Бұл – қалыпты жағдай. Бұл сенде қандай да бір ақау бар және оны түзету керек деген сөз емес. Ең бастысы өз қалпыңнан таймай, мақсатқа жету. Шектен тыс қырсықтыққа да салынба, саған қымбат адамдардың ғана көңілін табуға тырыс.

Жетінші, ізденуді тоқтатпа. Беделді мектепті немесе жоғары оқу орнын бітіру қандай бір деңгейде ортаңда беделге ие болуға көмектесуі мүмкін. Бірақ ізденуді тоқтатсаң, мұның бәрі түкке тұрғысыз. Мүмкіндігінше пайдалы кітапты көп оқы және кез келген жағдайға тез бейімделе алуға септігін тигізетін дағдыларыңды (Soft skills – қандай да бір кәсіби салаға қатысы жоқ, өмірдің кез келген шағында жетістікке жетуге мүмкіндік беретін дағдылар жиынтығы. Дәстүрлі түрде психологияда оларды әлеуметтік дағдылар қатарына жатқызады: сендіре алу, адамдардың көңілін табу, көшбасшылық, тұлғааралық қарым-қатынас, келіссөз процестерін жүргізу, командада жұмыс істеу, жеке даму, уақытты басқару, интеллект, креативтілік және т.б) дамыт. Өйткені өмірдің қиын шағында сені құтқаратын осы дағдың. 

Сегізінші, мүмкіндіктеріңді шектеме. 61 жасында 875 км жолды 5 күнде жүгіріп шыққан супермарафоншы Клифф Янг жайлы немесе Ла-Манш бұғазын 14 сағатта жүзеп өткен отандасымыз Ержан Есімханов туралы естіген боларсың. Демек, адамның мүмкіндігі шексіз. Шектеу тек мида ғана. Кез келген мамандық иесі бола аласың, кез келген кәсіпті үйрене аласың, кез келген тілде сөйлей аласың. «Қолыңнан келмейді, істей алмайсың» дейтіндерден аулақ жүр.

Тоғызыншы, адамдармен қарым-қатынасыңды түзе (Networking)

Networking – бұл қандай да бір салада жұмыс істейтін немесе байланысы бар достар мен таныстар шеңберінің көмегімен қиын өмірлік және кәсіби мәселелерді барынша тез және тиімді шешуге бағытталған әлеуметтік қызмет. Бұл ретте нетворкингтің мәні адамдармен сенімді және ұзақ мерзімді қарым-қатынас құру және өзара көмектесу. Ортаң, араласатын адамдарың сенің өмірлік көзқарасыңа, қағидаларыңа және мақсаттарыңа әсер етеді. Бұл – табиғи заңдылық. Бүгін танысқан адам ертең саған қол ұшын беруі мүмкін. Сол үшін үйіңде тығылып отыра бергей, әртүрлі қоғамдық шараларға, семинар-тренингтерге қатысып, адамдармен көбірек таныс.

Оныншы, шындықты биік ұста. Өтірік, манипуляция және жағымпаздық – адамдармен қарым-қатынас құрудың ең нашар тәсілдері. Қанша жерден шебер өтірікші болсаң да, ол көпке созылмайды. Ақыр соңында өтірігің ашылып, өмірбақи адамдардың алдында «алаяқ» деген жаман атқа қаласың.

Жоғарыда аталған «үмітсіздікке түскен жастардың» қатарынан болғың келмесе, болашақта қандай да бір жетістікке жеткің келсе, өз ортаңа пайдалы болғың келсе, осы айтылған кеңестерге құлақ түр. Бұл менің ғана жеке ойым емес, өз замандастарымның, алдыңғы буын ағаларыңның саған берген ақылы деп біл. Бұл тізімді толықтырып, өзіңінен кейінгі келетін жас іні-қарындастарыңа өсиет ретінде қалдыруды ұмытпа. «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді» деген сөздің астарына үңілсең, бала тәрбиесі қашан да бірінші орында болған. Біреуді тәрбиелеу үшін балалы-шағалы болуды, қарттықты немесе қандай да бір атақ-даңқты күту қажет емес. Тек қана шын жанашырлықтың болуы жеткілікті. Өмірлік ұстанымың, А.Байтұрсынұлы атамыз айпақшы – «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» болуы керек. Ендеше, іске сәт, бауырым!

Әділет КӨПЕН,

ҚМДБ Жастар секторының меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру