Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАЙҒАМБАР МЕДИЦИНАСЫ: ВИРУСТАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ

Еркінбек ШОҚАЙ muftyat.kz 01.04.2020 3123 0 пікір
ПАЙҒАМБАР МЕДИЦИНАСЫ:  ВИРУСТАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ

Ислам адам өміріне қауіп төндіретін кез келген зиянкестен сақтануға, тосын, зиянды әрекеттерге бармауға үндейді. Өйткені, Алла Тағала адам баласына өмір мен денсаулықты аманат етіп берген. Ал адамның мұндай құндылықтардың қадірін біліп, оны сақтауы – шариғаттың асыл мақсаттарынан.

Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде:   «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят), «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер» («Ниса сүресі, 29-аят) деп ашық баяндайды. Сондықтан адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы аурулар мен індет-кеселдерден сақтанбау мен аурудың алдын алмау да өз басын қатерге тіккенмен тең. Осы ретте ислам дінінде келген және Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырған түрлі жұқпалы аурулардан сақтанудың бірнеше жолына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Жұқпалы ауруға шалдыққан адамға қатысты тыйымдар:

Бірінші, сырқат адам қолынан келген барлық мүмкіндікті пайдаланып, өзіне жұққан аурудан арылуға күш салуы тиіс. Егер науқас адам дертінің дауасын іздемесе, меңдеген дертінен жазылуға ұмтылмаса, ол күнәһар болып есептеледі.

Екінші, өзіне індет жұққанын білген науқас сол ауруды өзгелерге жұқтырмауы шарт. Яғни жұқпалы ауруға шалдыққан адам өзгелермен қойын-қолтық араласу, жақыннан сөйлесу, қол алып амандасу, құшақтасу секілді іс-әрекеттерге бармауы лазым.

Үшінші, науқас адам мәжбүрлі жағдайда болмаса, өзінің тұрып жатқан жерінен басқа елдімекенге қоныс аудармауы тиіс. Егер де ол басқа жерге қоныс аударатын болса, аурды басқаларға да жұқтыры сөзсіз. Бұған шариғатта қатаң тиым салынған. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қандай да бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Тұрған жерлеріңде тараған болса, ол жерден шықпаңдар» (Бұхари, Муслим) деп қатаң ескерткен.

Жұқпалы ауру меңдеген кездегі сау адамға қатысты тыйымдар:

Бірінші, сау адам науқас адамның көңіліне тимейтіндей сыпайы қарым-қатынаста болғаны дұрыс. Яғни, науқас адамның көзінше қарқылдап күлуге, көңіліне келетін ауыр сөздер айтуға, шектен тыс әзілдесуге болмайды.

Екінші, сау адам науқас адаммен қарым-қатынасқа түскенде, сөйлескенде барынша медициналық сақтық шараларын қолдандануы керек. 

Жоғарыда келген тиымдар жұқпалы ауру туындаған кездегі сау адам мен науқас адамның практикалық жадынамасы деуге болады.

Ислам дінінің қандай да бір ауру туындаған кезде адамның сеніміне қатысты үкімдері:

Бірінші, жұқпалы ауруға шалыққан адам Алланың берген тағдырына, басына салған сынағына разы болып, мол сауаптан үміт етіп, дертіне шипа сұрап, дұға етуі тиіс.

Екінші, жұқпалы ауру тараған кезде науқас емес адам ештеңеден қорықпай, барлық сақтық шарасын қарастыра отырып, бір Аллаға тәуекел етуі керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жұқпалы ауру да жоқ, ырымға сену де жоқ» десе, тағы бір хадисінде «Алапес ауруынан арыстаннан қашқандай қашыңдар» деп бұйырады. Екі хадис сырттай бір-біріне қарама-қарсы мәнде айтылғандай көрінгенімен, ақиқатында жұқпалы ауру, біріншіден, адам баласына Алланың тағдырмен жұғатынын меңзесе, екіншіден, жұқпалы аурудан сақтану керек дегенді білдіреді.

Сөзімізге тұздық болу үшін Ислам тарихындағы екінші халифа хазіреті Омардың (р.а.) жолаушылап бара жатқан қаласында жұқпалы індеттің шыққанын естігені туралы оқиғаны айтсақ жеткілікті.

Әлгіндегі суыт хабарды жолда естіген Омар (р.а.) әскербасылармен ақылдаса келе кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (р.а.) одан:

– Алланың тағдырынан қашып барасың ба? – деп сұрайды.

– Иә, Алланың тағдырынан қашып, Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба? – деген екен. 

Бұл оқиға мен жоғарыда келтірген Ислам дінінің жұқпалы ауру тараған кездегі ұстанымдары біздің күніміздегі ауыр жағдайдан жеңіл шығуға, сын-сағаттарда дұрыс шешім қабылдауға, елде орнаған төтенше жағдай мен карантин режимінде аты жаман індеттен сақтануға күш қосады деген сенімдеміз.

    

Еркінбек ШОҚАЙ,

Алматы қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі