Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЗАЛЫҚ – ДІННІҢ ТАЛАБЫ

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ muftyat.kz 28.03.2020 6350 0 пікір
ТАЗАЛЫҚ – ДІННІҢ ТАЛАБЫ

Дін исламда тазалық жолында жасалған әрбір әрекет жоғары бағаланады және оны амалға асырған пендеге мол сауаптар мен жоғары мәртебелер уағда етіледі. Мұсылман адамның ғибадат-құлшылығының қабыл болуы тазалығына байланысты. Таза емес пендеге намаз оқуға, қасиетті Кағбаны тәуап етуге және Құран кітабын қолмен ұстауына болмайды.

Бүгінде көпшілік тазалық мәселесіне медициналық және жеке гигиена ретінде қарайды. Ал дінімізде тазалық – көктен түскен иләһи тәлім, міндетті шара. Ел арасында тазалық сөзі дәрет алу деп те қолданылады. Дәреттің екі түрі бар. Үлкен дәрет – ғұсыл құйыну, яғни барлық денені жуу, толық шайыну. Кіші дәрет – үлкен дәретті қамтып, намаз оқу, тәуап жасау, қасиетті Құран кітабын қолмен ұстау сияқты құлшылықтарды атқару үшін белгілі ағзаларды жуу арқылы орындалады. Кіші дәретке бетін жуу, білегімен қосып екі қолын жуу, басына мәсіх тарту және тобығымен қосып аяғын жуу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам дәрет алып, бетін жуғанда, сумен немесе сол судың соңғы тамшысымен оның екі көзімен жасалған қателіктері бетінен төгіледі. Екі қолын жуғанда, сумен немесе судың соңғы тамшысымен екі қолымен жасалған қателіктері қолынан төгіледі. Екі аяғын жуған кезде ол екі аяғымен жүріп жасаған қателері сумен немесе соңғы судың тамшысымен төгіледі. Осылайша дәрет алу арқылы күнәдан тазарып отырады», - деген.

Дәрет – құлшылық. Құлшылық жасаумен пенде күнәдан тазарады. Алайда осы хадисте айтылған күнә төгілуінің мағынасы Алла мен құлдың қарым-қатынасына байланысты. Ол адамның жасаған барлық күнәсына емес, кішігірім күнәсының кешірілуін білдіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сіздердің біріңіз жақсылап дәрет алып, болып: «Әшһәдү әлла иләһа иллаллаһү уәхдаһү ләә шарийка лаһү», «уәшһадү әнна Мухаммадан абдуһү уә Расүлүһу», «Аллаһүмма ижалнии минат тәууабийн уә ижәлнии минәл мутатаххирин» деп дұға оқыса, оған жұмақтың сегіз қақпасы ашылады және ол қалағанынан кіреді», - деген. Сондай-ақ Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім дәрет үстіне дәрет алса, оған он жақсылық жазылады», - дейді. Демеке, дәрет үстіне дәрет алу он жақсылыққа кенелу деген сөз.

Тазалық – үлкен, кіші, көзге көрінетін, көрінбейтін барлық нәжістерден арылу. Дәрет алу, ғұсыл құйыну және тәйәммум жасау сияқты намаз оқу үшін талап етілетін тазалық түрлері сыртқы тазалыққа жатады. Бұған қоса тазалық дегенде ішкі тазалықты да ескеру керек. Бұл – жан тазалығы, рухани тазалық. Негізі сыртқы тазалық ішкі тазалықтан туындайды. Мұны бабаларымыз «Жаны саудың тәні сау» деп түйіндеген.

Дінімізде тазалық құлшылық, сауапты іс болумен қатар сенім, имандылық деңгейіне көтерілген. Мұндай көзқарас әлемде исламнан басқа ешқандай дінде болған емес. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы. «Әлхамдулилләһ» (деп айту) – амал таразысын толтыратын амал, «Субханаллаһи уәлхамдулиллаһи» (деп айту) аспан мен жер арасындағы кеңестікті сауапқа толдырады. Намаз – нұрың, садақа (қайырымдылық) – дәлелің. Сабыр – зиялылық, Құран – пайдаңа немесе зияныңа қолданылатын құжат. Күллі адамзат әрекет етіп, өз нәпсісін саудаға салады. Бірі оны құтқарады, бірі құрдымға кетіреді», - деген. Демек, тазалық – иманның жартысына тең дүние. Осы хадистегі тазалықтың мақсаты – жанын екіжүзділік, менмендік, қызғаныш сияқты рухани дерттерден және тәнін әртүрлі нәжістерден таза ұстау.

Ислам дінінде иманның құндылығы қаншалықты жоғары екені белгілі. Тазалықты иманның жартысына теңеу – исламның тазалыққа қаншалықты мән беретінінің айғағы. Бұл өз кезегінде мұсылмандар дініміздің талаптарына сай болуымыз керек дегенді білдіреді.

Мұсылман үшін сауап істеу қиын шаруа емес. Бір ауыз «Әлхамдулиллаһи» немесе «Субаналлаһи уәлхамдулиллаһи» деп айтудың өзі аса үлкен сауапқа кенелтеді. Бұл – аспан мен жер арасын сауапқа, жақсылыққа, берекеге, Қиямет қайымда амал таразын игілікке толтыратын амал. Сондықтан бос уақытты ысырап етпей, тиімді, пайдалы өткізу, жақсы амалға айналдыру қажет.

Мұсылман – бес уақыт намазына мұқият жан. Төтенше жағдайда да намазын үзбей оқып, таһажуд, нәпіл намаздарын оқуға, мінәжат жасауға, истиғфар айтуға, тәубе етуге ұмтылғаны құба құп. Әркімнің оқыған намазы – өзі үшін жарық нұр. Өлім – хақ, тіпті жақын адамдарымыз әрқайсымызды қабірге апарып, жерлеуге және жалғыз қалдыруға мәжбүр. Сол қабірдің қараңғысында әркімнің оқыған намазы қасындағы жарық нұры, жолдасы. Қала берді Қиямет күнінің қараңғысында өз иесінің басына жарық нұр болып, оны жәннатқа қарай бағыттайтын – намазы.

Садақа беру, қайырымдылық жасау – адамның сенімін, иманын растайтын құжат. Себебі екіжүзді адам садақа бермейді. Мұсылманнан Қиямет күні байлығын не мақсатқа жұмсағаны сұралады. Сонда оған бұл дүниедегі садақасы дәлел болмақ. Ислам діні бойынша, садақа беру арқылы адамның өмір жасы ұзарады, денсаулығы жақсарады, ауру-сырқат пен қайғы-қасіреттен қашықтайды.

Сабыр – зиялылық. Ел басына күн туғанда сабырлы, төзімді болу – нағыз зиялы адамның ісі. Сабыр – қиындыққа шыдау ғана емес, нәпсіні тыя білу, оны құлшылық жасауға жегу және күнә істерден сақтау. Сабырлық иман келтірген адамның жүрегіне зиялылық сәулесін төгеді. Адам өзінің сабырлығымен надандықтан және күнә қараңғылығынан құтылады.

Алла Тағала адамды жаратты, оған ризықпен қатар, денсаулық, ақыл, ең бастысы мейірімділік берді. Екі дүниеде де бақытқа жету үшін Құран түсірді. Құранды пайдасы немесе зияны үшін қолдану адамның өзіне байланысты. Егер адам өзіне берілген Құранды иләһи бағдарлама ретінде оқып, соған сай өмір сүрсе, онда Құран Қиямет күні оның пайдасына куәлік етеді. Ал аяттарға амал етпегенге, Құран қиямет күні оның зиянына куәлік етеді.

Мұсылмандардың Ислам талаптарына, тәлімдеріне жеңіл қарауы дұрыс емес. Өйткені бұл әлемде тазалық ұстанбау салдарынан түрлі проблемалар туындайды. Жоғарыдағы хадистерде мұсылманға тазалық жолындағы әрекеттері үшін көптеген сауаптар, ақыретте жоғары дәрежелер уәде етілді. Бірақ, тазалықтың пайдасы тек ақыреттік, бұл өмірлік емес дегенді білдірмейді. Тазалық, ең алдымен, адамның денсаулығына және жан дүниесіне пайдалы.

Исламдағы тазалық – құлшылық қана емес, міндетті шара. Сонымен қатар, қол мен бетті күніне кемінде бес рет жуып, денені ластанудан, микробтардан сақтап отыру. Осы орайда бір дәрігердің мақаласынан мысал келтіре кетсем. Бір елде «трахома» деп аталатын көз ауруы кең таралады. Ауру қауіпті болып, тіпті үкімет мәжбүрлі түрде шұғыл шаралар қабылдайды. Шетелден келген мамандар «трахома» кеселінің ұлттық апат деңгейіне жеткенін таңғалып, сол елдің тұрғындарына: «Біз сіздің елде трахоманың таралуын елестете де алмаймыз», - дейді. «Неге?» - деп сұрайды тұрғындардың бірі. «Сіздер мұсылмансыздар! Біздің білуімізше, Ислам мұсылмандарға дәрет алуды бұйырған. Күн сайын дәрет алу үшін беті мен қолын мұқият жуатын адам трахомадан зардап шекпеуі керек», - деп ескерткен. Иә, Алланың әміріне бағынбау күнә арқалау және ақырет азабымен шектелмейді. Сонымен қатар осы әлемдегі көптеген қолайсыздықтар, қиындықтар, аурулар мен апаттарға әкеледі.

Тзалық сақтау адам үшін, адам денсаулығы үшін, түрлі аурулардың таралуы үшін өте қажет фактор. Мұны қазіргі ғылым да дәлелдеді. Ал біздің дініміз мұны он төрт ғасыр бұрын ғибадат деңгейіне көтеріп, оны иманның жартысы деп жариялаған болатын. Сондықтан бізге тазалық туралы айтылған аят-хадистерге амал жасау шарт. Өзіміздің жан, тән тазалығымызбен, киіміміздің, баспанамыздың, қалаларымыздың, ауылдарымыздың тазалығымен ерекшеленуіміз – уақыт талабы. Өйткені, Алла Тағала бізді тазалыққа бұйырды. Тазалық арқылы әлемге үлгі болуымызды өсиет етті.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Шымкент қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру