Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚОЛ БЕРІП АМАНДАСУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Әбу Назар muftyat.kz 19.03.2020 5853 0 пікір
ҚОЛ БЕРІП АМАНДАСУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Америкалық кинорежиссер Стивен Содерберг түсірген «Заражение» (2011) деген фильмді көріп отырғам. Фильмде Эллис Чивер атты дәрігер вирус жұқтырған балаға вакцина салып жатып: «Қол беріп амандасу дәстүрі қайдан шыққанын білесің бе?» деп сұрайды. Бала басын шайқайды. Сонда дәрігер: «Бұрындары адамдар қол беру арқылы бөтен адамдарға қолында қаруы жоғын дәлелдеген» деп жауап береді. Шынында солай ма?

Қол берісу б.з.б V ғасырда қалыптасты дейді білетіндер. Сол заманда жасалған көне грек фигураларынан қол ұсынып жатқан адамдардың кескінін көруге болады. Біздің заманымыздың І ғасырында жазылған көне рим ақыны Публий Овидий Назонның «Метаморфоз» поэмасында да қол беру рәсімі суреттеледі. Кейін рыцарлар мұны қолында қаруы жоғын білдіретін рәсімге айналдырған.

Қазіргі уақытта осы бір дәстүр бүкіл адамзаттың сәлемдесу салтына айналды. Кездескенде, қоштасқанда, біреуді құттықтағанда не болмаса бір келісімді мақұлдағанда қол беру міндет секілді қалыптасқан. Сайыс алдында қол беріп амандасуды міндеттейтін спорт түрлері де бар. Қол берісіп амандасу дәстүрі Исламда да құпталады. Мұсылмандарға бұл дәстүр йемендіктерден енген көрінеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) йемендіктердің осы салтын құп алып, қол беріп амандасқан адамдардың кінәсі кешіріліп, сауап жазылатынын айтқан.

Бізде көбіне ер азаматтар қол беріп амандасады. Әйелдер жағы іскерлік кездесулерде ғана бір біріне қол ұсынады. Кейінгі кезде ерлер мен әйелдердің де қол берісіп жатқанына куә болып қаламыз. Әсілінде шариғатымызда бөтен ер мен әйелдің қол алысуына жол берілмейді. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларынан басқа әйел затының қолын ұстамағаны дәлел бола алады.

Бұл жайлы Айша анамыз (р.а.) риуаятында: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешбір әйелдің қолын ұстамаған. Әйелдер байғат (серт) еткенде сертін сөзбен қабыл ететін» (Бұхари, Муслим) деген. Сондықтан шариғат талабы бойынша ерлер мен әйелдердің амандасу керек болған жағдайда ауызша сәлем беруі ғана құпталады. Ал жұбайлардың немесе жақсы туысқан адамдардың қол алысуы шариғатқа қайшы емес. Қыз бен жігіттің неге қол алысуға болмайтыны жайлы бұрын әріптесіміз Марфуға Шапиян жақсы жазды. Оның жазуынша, мұның мәні – ішкі тазалықты сақтауда.

«Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан оқыдым. Бауыржан Момышұлы келіні Зейнеп апайға: «Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген «қолұстатар» талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылығы дарақыланып, жүрісінен жаңылады», – деген екен. Міне, мәселе қайда!» деп жазады Марфуға Шапиян. Шынында, мұның астарында тән ғана емес, жан тазалығы жатқан жоқ па?!

Жақында ҚМДБ шариғаттағы зәрулік үкімін негізге ала отырып коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу мақсатында намаздан кейін жамағаттың қол беріп «қабыл болсын» деп амандасуын тоқтатуын талап етті. Мұндағы мақсат – індеттің таралуының алдын алу. Бұл – дұрыс қадам. Алла Тағала Құранда «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деп ескерту жасаған. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді бабаларымыз. Осы арқылы біз тазалық сақтаймыз. Біз ғана емес, бүкіл әлем қазір қол беріп амандасудың зиян екенін түсіне бастады. Әсіресе бүгінгідей дүниенің төрт тарапын коронавирус індеті жайлаған тұста қол алысудың мүлдем қажетсіз екені ескеріліп, адамдар амандасудың басқа түріне ауысты. Алыстан қол бұлғау немесе қолын жүрек тұсына қойып еңкею секілді амалдарға көшті. Себебі вирустар адамнан адамға көбіне осы қол алысу арқылы жұғатыны ғылымда дәлелденді. Сондықтан зәрулік жағдайға байланысты әзірше қол алысуды тоқтата тұрғанның айыбы жоқ секілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру