Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН

www.muftyat.kz 14.03.2020 6249 0 пікір
ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН

Ислам діні тазалыққа негізделген дін. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық.

  1. Тазалықтың маңыздылығы

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Намаздың кілті тазалық, оны (намазды) қасиетті құлшылыққа айналдыратын нәрсе – такбир, ал одан шығаратын нәрсе – сәлем»[1] – деген. Тазалықтың артықшылығы туралы Алла Тағала Құран кәрімде: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді».[2] Сонымен қатар исламдағы алғашқы түскен бұйрықтардың өзі пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста»[3] – деп ескертуі де адам баласы үшін тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы»[4] – деген хадисі арқылы мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған. Мұсылманның ең абзал құлшылығы намаз екені баршамызға аян. Сол намаздың дұрыс болуы үшін, денеміз, киіміміз және намаз оқитын жеріміз нәжістен таза болуы шарт. Егер, осы аталған үшеуінің бірі таза болмаса намазымыз да дұрыс болмайды. Сондықтан да, мұсылман адам үшін ең маңызды амал – тазалық. Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін, «Тазалық – денсаулық кепілі»  деген бір ауыз сөзбен білдірген.

  1. Дененің тазалығы

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бес нәрсені адам баласы жаратылысынан қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту және сүндетке отыру»[5] – деп, тазалықтың адам баласының дене мүшелерінің барлық жеріне қатысы бар екенін аңғартқан.

Сүйікті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен бұрын қолын жусын. Өйткені, қолын түнімен қайда ұстағанын білмейді ғой»[6] - деген хадисінің де тазалық үшін мәні жоғары. Ардақты елшінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Әлиге (р.а.): «Ей, Әли, өсіп кеткен тырнақтарыңды ал, ішінде зиянды нәрселер болады»[7] - деп ескертуі де біздер үшін үлгі-өнеге. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Пияз, не сарымсақ жеген кісі бізден аулақ жүрсін немесе, намаз оқитын жерімізге жақындамасын, үйінде отырсын»[8] – деген. Себебі, көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – ислам әдебіне қайшы.

Ауыз қуысының тазалығы мен тіс тазалығына қатты мән берген Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде, әр намаздың алдында мисуәк қолдануды міндеттер едім»[9] – деу арқылы өзінің бойындағы тазалықтың, үмбетінің бойынан да көргісі келетінін байқатады. Керісінше, тіс тазалығын сақтамайтын, тән тазалығына мән бермейтіндерге, «Менің қасыма сарғайған тіспен, жағымсыз иіспен келмеңіздер»[10] – деп қатаң ескерткен. Жағымсыз иіс шыққан жерге періштелердің келмейтінін «менің пиязды жемеу себебім – маған періште келетіндігінде» деп түсіндірген.

  1. Киімнің тазалығы

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Киіміңді таза ұста. Жаман нәрселерді таста»[11] - деген. Алланың әмірін екі етпей орындаушы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ақ киім киіңіздер, ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы...» – деп, ақ киген адамның тазалыққа басқаларға қарағанда артық көңіл бөлетінін айтып кеткен. Киімінің тазалығына мән бермейтін адамды көргенде Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!» - деп реніш білдіруі киім тазалығының маңызыдылығын көрсеткендей. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, адам баласы! Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер»[12] – деген. Демек, Алла Тағалаға құлшылық жасау үшін таза киім кию құлшылықтың құнарын арттырып, біздердің жаратушы иемізге жақындай түсуімізге ықпал етеді екен.

  1. Қоршаған ортаның тазалығы

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар»[13] – деп біздерге Алла Тағаланың жақсы көретін құлдарының қатарынан көрінгіміз келсе қоршаған ортамыздың тазалығына мән беруіміз керек екенін білдіреді. Сонымен қатар, біздерді Алланың қарғысына ұшырап қалмауға шақырып: «Абайлаңыздар, қарғыс атқандардың қатарынан болып қалмаңыздар. Олар – ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластайтындар», - дейді.

Атам қазақ ұрпақтарына «Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар» – деген мақалмен, үйдің айналсында нәжістің жұғыны да болмау керектігін  үйреткен.

  1. Тамақ ішудегі тазалық

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тамақтың берекеті – тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу»[14] - деген хадисінен біздің ішіп-жеген тамағымыздың бойымызға сіңуі де тазалықпен тығыз байланысты екендігін көреміз. Келесі бір хадисінде: «Қолдарында тамақтан қалған майдың жұғындыларымен жатып ұйықтаған адам қандай да бір кеселге ұшыраса өзінен көрсін» - деп тамақтың жұғындысынан тазаланбау кеселге ұшыратуы мүмкін екенін де ескертеді.

Тамақ ішудегі тазалық пен қатар ішетін асыңның тазалығына мән беру де маңызды мәселе. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің тазасынан ғана жеңдер»[15] - деп бұйырған. Осы аяттан көріп тұрғанымыздай, Алла Тағала біздерді адал аспен тамақтануымыз керек екенін, Алла Тағала арам еткен нәрселерге жақындамауымыз керек екенін бұйырады. Тағы бір қудси хадисте, Алла Тағала біздердің дұға-тілектеріміздің қабыл болуы ішкен-жеген асымыздың адалдығына тікелей қатысты екенін айтады.

  1. Күнәдан таза болу.

Ислам дінінде тазалық ұғымы адамның денесіндегі, киіміндегі және құлшылық жасайтын жеріндегі лас, нәжіс нәрселерден тазаруымен қатар, жүректегі лас нәрселерден, яғни күнәлардан да таза болуды білдіреді. Себебі сыртқы тазалық пен ішкі тазалық бір-бірімен үйлескенде ғана адам баласының құлшылығы қабыл болады.

Жүректің тазалығы туралы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол  жүрек»[17] – деген. Ішкі жан дүниемізді таза сақтаудың бірден-бір жолы жүректі таза ұстау екенін ескерткен Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны тазалаудың жолдарын: «Әр заттың кірлегені сияқты жүрек те кірлейді. Оны тәубемен, кешірім тілеумен, тазалап отырыңдар». «Бес уақыт өтелетін намаз сендердің біреуіңнің есігіңнің алдында тоқтаусыз ағып жатқан өзен іспеттес. Егер сендердің бірің сол өзенге күн сайын бес рет жуынса, сол кісінің бойында кір дейтін бірдеңе қалмағаны сияқты, бес уақыт намаз да қателіктерді кетіреді»– деген хадистермен түсіндіреді. Яғни, біз уақтылы күнәларымыз үшін Алладан кешірім сұрап, бес уақыт намазымызды қаза қылмай оқитын болсақ, жүректің кірі тазарып жаратушымызға жақындай түседі екенбіз.

Ата-бабаларымыздың жан дүние тазалығына қатты мән бергенін: «тіл мұсылман не керек, тіл мұсылман болмаса» ұлағатты сөздерінен байқауға болады. Одан бөлек бабаларымыздың жүректің тазалығы туралы айтқан аталы сөздері жеткілікті. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп рухани тәрбиенің маңыздылығын баса айтса, Ақмолда Мұхаммедиярұлы: «Әуелі жуу керек іштің кірін, Іште толып жатпасын сасық ірің. Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын, Әйтпесе, пайда бермес құры білім» – деп алдыңғы буын аталардың аталы сөзін бір шумақ өлеңмен толықтыра түседі.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тазалықтың маңыздылығын айту мен қатар, тазалыққа мән берген адамдардың сыйы туралы айтуды да ұмытпаған. Сөз соңында айтарымыз,  Алла Тағала баршамызды лас, нәжіс нәрселерден аулақ болып, қияметте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Менің бауырларым» деп қарсы алатын қауымнан болуды нәсіп етсін. Әумин!

[1] Әбу Дәуд. «Суннән Әби Дәуд» 1/22

[2] Бақара сүресі: 222

[3] «Мудассир» сүресі: 1-4 аяттар

[4] Бухари, Муслим. Дәрет 1.

[5] Муслим. Тахарат, 49.

[6] Муслим. Дәрет,87

[7] Дәйләми. Фирдаус 3/205

[8] Сахих Бухари, 1-том 292 бет

[9] Муслим, 42

[10] Суюти, Жамиус-Сағир, 2\72

[11] Мудассир сүресі. 4-50аяттар

[12] Ағраф сүресі, 31-аят

[13] Тирмизи, әдеп, 41.

[14] Бухари, дәрет 26

[15] Бақара сүресі, 172-аят.

[16] Құдайберді Бағашар. «Тағылым тамшылары»

[17] Бұхари , Муслим.

[18] Муслим. Тахарат, 39

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру