Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадір түнінің қадірі

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 31.05.2019 5041 0 пікір

Бүкіл әлемдерді ешбір кемшіліксіз жаратқан, тағдырымыз оның қолында болған, ертеңгі күнде не боларын тек Өзі ғана білетін Алла Тағалаға барлық мақтаулар болсын. Адамзатқа үздік өмір сүру үлгісін үйреткен, үмбетіне ең жанашыр және екі дүние бақытына жету жолын нұсқаушы Мұхаммад Мұстафаға (ﷺ) салауаттармен сәлемдер болсын.

Ақиқатында Алла Тағаланың адам баласына деген мейірімі шексіз. Өзі жаратқан құлдарының екі дүниеде бақытты болуы үшін барлық мүмкіндіктерді берген. Сол ұлы нығыметтерінің бірі-қадір түні. Шынында да қадір түні мүмкіндіктері шектеулі, пенделік кемшіліктері басынан асатын, күйбің тіршілікпен ғибадатқа көп уақытын арнай алмай жүрген әлсіз пенделері үшін Алла Тағаланың шексіз мейірімі. Қадір түнінің пенделеріне деген Жаратушының ұлы сүйспеншілігі екенін Құран Кәрімдегі Қадір сүресінен анық байқай аламыз.

 إنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ 

«Анығында, Біз (Құранды) Қадір түнінде түсірдік»1,- деген.  Бұл аятта айтылғанындай бүкіл қасиетке толы, әлемнің жаратылыс болмысын айқындайтын, адамның жаратылу мақсатын толық қамтитын Алла Тағаланың сөзі осы түнде түсуінің өзі бұл түннің қандай дәрежедегі түн екенін көрсетеді. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл түнді берекелі түн деп сипаттаған.

إِنَّا أَنزلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُبَارَكَةٍ 

«Анығында, Біз Құранды берекелі түнде түсірдік...2»,- деп бұл түннің берекеге толы екендігін ескерткен.

Ибн Аббас (р.ғ) және де басқа тәфсіршілер айтқанындай Алла Тағала Құранды қадір түнінде Байтул Махфуздан Байтул Иззаға түсірген. Сонымен қатар Құран Кәрім қадір түнінен бастап, жиырма үш жыл бойы пайғамбарымызға (ﷺ) түскен. 

وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ 

«Қадір түнінің не екенін білесің бе?3»,- деген аят қадір түнінің маңызды түн екенін білдіріп тұр. Расында Алла Тағала Иеміз білдірмесе, айтпаса қадір түнінің қадір-қасиетін біз қалай білмекпіз. Қадір түнінің қасиеті - Алла Тағаланың ардақтап жаратқан жаратылысы адам болғандықтан, сол адамның тағдырына тікелей қатысты болуында. Ол туралы  Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасын айтқан.

Бірінші:  Үкім түні деген мағынаны білдіреді. Яғни, адамның тағдырын үкім ететін түні екендігін білуге болады. Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деп түсіндірген.

Екінші: абырой, бедел деген  мағынаны білдіреді. Яғни, қадір түні – ардақты, аса қадірлі түн деген мағынада. Себебі бұл түнде ізгілік істеген пенденің қадір-қасиеті артады, дәрежесі өседі.

Үшінші: сығылысу мағынасында білдіреді. Себебі  бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Періштелердің көптігінен сығылысу болады. Алланың елшісі (): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады4»,-деген. Сондай-ақ пайғамбарымызға () Жәбірәйіл періште алғашқы уахи түсіргенде, пайғамбарымыздың () жаны сығылғандығына байланысты айтылған дегенде пікірлер бар. Бұл аяттың жауабын Алла Тағала келесі аятта ашықтап:

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ 

«Қадір түні мың айдан да қайырлы5»,- деп айтқан. Мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айға тең келетін уақыт. Бір түн адамның бүкіл өміріне пара-пар. Яғни осы бір түнде жасалған кез-келген сауапты іс мың ай бойы жасалған жақсылыққа татиды. Ондай болса, бұл түн адамзат үшін ұлы мүмкіндік. Себебі адам баласы уақытының көбін отбасына, жұмыс және ұйқы сияқты тіршілікке қажеті істермен өткізеді. Пенделердің осы әлсіздігін жақсы білетін Раббымыз осы түнді сый ретінде берді. Бұл түні немқұрайлық танытудан үлкен өкініш жоқ. Себебі берілетін ізгіліктерден мақұрым қалады. Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!6», деп айтқан. Керісінше бұл түнді ұйқысыз өткізсе, Алла Тағала ол пендесін жарылқайды. Алла Елшісі (): 

مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِه 

«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,– деген.

Ибн Ражаб былай деді: «Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек7», – деп айтатын. Бұлай айту себебі Айша (р.а.) пайғамбарымыздан (): «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?»,- деп сұрағанда Ол:  

اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ كَرِيمٌ، تُحِبُّ الْعَفْوَ، فَاعْفُ عَنيِّ 

«Уа, Алла!  расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!8», – деп айтты» – деді. Қадір түнінің әр сәтін ұтымды пайдаланып, құлшылықпен өткізуге әрекет ету керек. Адам баласы бір істен жалығуы мүмкін. Сол үшін нәпіл намаздар оқу, оған көңіл тартпаса Құран оқуымыз және дұға жасауымыз, садақа беруіміз сияқты ғибадаттармен ауыстыра отырып пайдалы істермен өткізуіміз лазым. Сонымен қатар қадыр түні періштелер жерге түсіп, құлшылық етушілерге дұға етіп таң атқанға дейін бірге болады. Келесі аятта:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ 

«Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әр түрлі іс үшін түседі9». Тәпсіршілердің көзқарасы бойынша аяттағы Рух – Жәбірәйіл (ғ.с.) періште деп айтқан. Періштелердің жерге келуі пенделер үшін үлкен берекет.

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ 

«Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады10».  سَلَامٌ «Сәләм», яғни, бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Хақ Тағаланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға сол түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Әр түскен топ сәлем бергендіктен таң ағарғанға дейін сол түні сәлем берулері толастамайды. Не болмаса, аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген. Сол түні жер бетіне зиянды нәрселер түспейді. Түні бойы адамдарға пайдалы нәрселер түспек. Ол түн – амандық түні. Періштелер сол түні ешқандай жамандық пен азап түсірмейді.

هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ  «Сол түні таң бозарып атқанға дейін». Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын, адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұғамен өткізуі насихатталған.

Қадір түні кай түн

Қадір түні қай түн екені нақты белгісіз. Оның себебіде белгілі. Себебі Рамазан айының сонғы он түнінде көбірек құлшылық етуге қызықтыру еді. Нақты қай түн екенінде ғалымдардың арасында пікірталастар бар.

Әбу Саъид Әл-Худри (р.а.), Алла Елшісінің ():

الْتَمِسُوهَا فِي الْعَشْرِ الْأَوَاخِرِ مِنْ رَمَضَانَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ فِي تَاسِعَةٍ تَبْقَى ، فِي سَابِعَةٍ تَبْقَى ، فِي خَامِسَةٍ تَبْقَى 

 «Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінен іздеңдер!11»,- дегенін айтты.

Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні екендігін айтушы ғалымдар мына хабарға сүйенеді. Убай ибн Кағб:

وَاللَّهِ لَقَدْ عَلِمَ ابْنُ مَسْعُودٍ أَنَّهَا فِي رَمَضَانَ وَأَنَّهَا  فِي لَيْلَة سَبْعٍ وَعِشْرِينَ وَلَكِنْ كَرِهَ أَنْ يُخْبِرَكُمْ فَتَتَّكِلُوا 

«Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын12»,-деген.

Сондай-ақ Ибн Омардан (р.а.): 

مَنْ كَانَ مُتَحَرِّيًا فَلْيَتَحَرَّهَا فِي لَيْلَةِ سَبْعٍ وَعِشْرِينَ

«Кім оны іздесе, жиырма жетінші түні күтсін»,-дегенін де жеткізеді.

Хузайма сынды имамдар осы тақырыптағы хабарлардың барлығын жинап: «Қадір түні әр жыл сайын ауысып тұрады!13»,– деген.

Қадір түнін нақты білмегенімізбен сол түннің белгілерін айтқан. Әбу Ибн Кағб (р.а.) Пайғамбардың ():

وَأَمَارَتُهَا أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ فِي صَبِيحَةِ يَوْمِهَا بَيْضَاءَ لَا شُعَاعَ لَهَا

«Ол күннің таңында күн аппақ болып шығады және сәулелері болмайды14»,- дегенін жеткізеді.

Ғибада ибн Ас-Самит (р.а.) Пайғамбардың ():

 لَا حَرَّ فِيهَا وَ لَا بَرْدَ إِنَّهَا سَاكِنَةٌ صَاحِيَةٌ و قَمَرَهَا سَاطِع

«Ол түн ыстық та, суық та болмайды. Сондай-ақ ол тыныш әрі бұлтсыз болады. Ол түнгі ай жарық болады15»,- деді.

Қадір түнінің қадірін иманы берік жандар жақсырақ түсінеді. Мұсылман үшін одан үлкен нығмет жоқ. Екі дүние бақытына жеткізетін қадір түнінің қадіріне жетіп, қашан ол түнмен Раббымыз қауыштырса, ол түнді құлшылық, дұға-тілекпен өткізуді естен шығармағанымыз жөн.

         

Серікхан Рымханұлы

Талдықорған өңірі бойынша

өкіл имамы

 

 

[1] «Қәдір» сүресі, 1-аят.

[2] «Дұхан» сүресі, 3-аят.

[3] «Қәдір» сүресі, 2-аят.

[4] Әт-Таялиси 2545, Ибн Хузайма 2/223.

[5] «Қәдір» сүресі, 3-аят.

[6] Ибн Мәжаһ 1/289. Хадистің сенімділігін  хафиз әл-Мунзири растаған.

[7] «Ләтаифул-мә’ариф» 204.

[8] Әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким. Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким хадисті сахих деген. «Сахих әл-жәми’» 4423

[9] «Қәдір» сүресі, 4-аят.

[10] «Қәдір» сүресі, 5-аят.

[11] Имам Бұхари 2017, Имам Мүсілім 1169.

[12] Имам Бұхари, Имам Мүсілім.

[13] «Сахих Ибн Хузайма» 3/329.

[14] Ахмад, Мүсілім, Әбу Дәуд және Ат-Тирмизи жеткізді

[15] Ахмад жеткізді

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру