Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТЫҢДАЙ БІЛЕМІЗ БЕ?

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 09.01.2019 5314 0 пікір

 

Тыңдауды үйренсең, жаман сөз сөйлейтіндерден де пайда табасың

Плутарх

Немесе тағы бір шығыс даналығы: ақиқат айтушының сөзінде емес, тыңдаушының құлағында жатыр.

Адамды тыңдаудың не қиындығы бар деп ойлауымыз мүмкін. Ақиқатында бұл оңай шаруа емес екен. Көптеген мемлекеттерде тыңдай білуді үйрететін арнайы мамандандырылған курстар ашылған. Мәселен, тыңдау мәселесінің танымал Я.Стил атты маманы бар, оның лекциясын тыңдауға АҚШ-тың сенаторлары, атақты кәсіпкерлер және түрлі кәсіптік ұйымдардың мамандары келеді.

Тыңдай білмейтін адам – тек өзінің ғана ойын бағалайды, ал өзгенің ойына мән бермейді деп танылған. Олай болса, ондай адам еш уақытта өзгелермен әңгіме-дүкен құра алмайды, тіпті қарапайым ғана қарым-қатынас жасай білмейді.

Тыңдай білу деген сөз үнсіз басты шұлғи беру немесе тұйықтанып қалу емес, жәй ғана әңгіме айтып отырған адамның сөзін бөмей тыңдау. Негізінде тыңдай білу – көрегенділік, әдептіліктің көрсеткіші. Алайда егер әңгіменің желісі көңіліңізге қонбай жатса, оны ол адамға білдірудің еш әбестігі жоқ.

Жақсы тыңдаушы өзгелерге қай кезде сөз беру керектігін жақсы білетін, қажет жерде үнсіз қалатын адам. Ұзақ сонар уақытқа созылған әңгімелесуде өзіңіздің қаншалықты тыңдап, қаншалықты сөйлегеніңізді есептеуге болады. Әңгіменің арасына қойып кетудің қажеті жоқ, сонымен қатар әңгіме арасында сөйлеушінің жағдайын талқылап, өзіңізді мысалға келтіріп дегенге ұқсас артық сөзден аулақ болған жөн. Сізге сөз кезегі берілгенше жай ғана тыңдай берген жөн.

 

Өзгелерді тыңдағаннан пайда бар ма?

 

Әйгілі психотерапевт Карл Роджерс:

«Мен өзге адамды тыңдаған кезде өзімді бай сезінемін. Тұлғалар жайлы, жеке адам туралы, тұлғалар арасындағы қарым-қатынас жайлы өзгелерді тыңдау арқылы білдім»,- деп жазады.

Сонымен қатар, ол егер ұзақ уақыт бойы өзгелерді тыңдай алатын болса екі сыныптық білімі бар адам да нағыз психотерапевт болып шыға алады деп санаған. Бұның сөзін психологтар да растайды. Тыңдай алатын адам:

Біріншіден, өз әлемін, көзқарасын жаңартып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге деген мүмкіншілікке ие болады;

Екіншіден, жағымды өзгерістердің орын алуына дайын болады әрі сәттілік серігі болады.

 

Әңгімелесу әдебі жайлы

 

Әңгімелесіп отырғанда жан-жағыңызға немесе сағатыңызға қарай бермеңіз, қажеттілік туындап жатса, білдіртпей жасаудың жолын қараңыз;

Сөйлеп отырған адамның сөзін бөлмей, өз ойын аяқтауына мүмкіндік беріңіз. Тыныштық адамды сөйлеуге ынталандырады, тыныштықты сақтаңыз.

Әңгімелесу барысында тиісінше, сәл алдыға қарай еңкейіңкіреп отырған жақсы. Орындыққа шалқайып алудың қажеті жоқ, әңгіме өте маңызды болса тіпті, сақ болған жөн.

Тыңдай білу – ең қажетті қасиет. Бұл қасиет әуелі адамның тәрбиесі жайлы сыр шертеді. Әңгіме-дүкен құрған кезде өзіңізге де қызықты болатындай етіп сөйлескен жақсы.

Есте болатын жайт, нағыз тыңдаушы өзін жақсы көретін оратордан әлдеқайда жоғары бағаланатынын ұмытпаған жөн.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру