Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЙТАЙЫҚ, ЖАРАПАЗАН ЕЛІМІЗГЕ!

muftyat.kz 16.05.2018 29824 0 пікір

Жарапазан «Жә-Рамазан», яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңке ие болады деген үміттеміз әрі ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырамыз.

Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді.

Негізінен, жарапазан айту мерзімінің өзіндік тәртібі бар. Ол Ораза айтында ғана емес, Рамазан айы туғанда да айтылады. Басында Оразаның алғашқы үш күнінде ауыз бекітер алдында, үйдің ту сыртынан айтылады. Бұл бір жағынан ауыз бекіткен адамды сәресіне ояту үшін жасалады. Алдымен жарапазан желдірмесі, сосын жарапазан сөзі, одан кейін жарапазан батасы айтылады. Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.

Жарапазан өлеңдері адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, оразаны дәріптейді. Өзіндік сарыны бар. Оған негізінен діни сенім арқау болады.

Жарапазан өлеңі он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарапазан айтқан үйден ырым алғаннан кейін міндетті түрде бата беріледі. Бата жыр түрінде болып келеді де жақсылық, ізгілік ниет білдіреді.

Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады:

«Жарапазан - Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».

 

Жарапазан желдірмесі:

 

Үйің үйің үй екен,

Үйдің көркі ши екен.

Саба көркі бие екен,

Сандық көркі түйе екен.

Ақтөбедей көрінген,

Қандай байдың үйі екен!

 

Жарапазан сөзі
 
Айтайын, "айт" дегенде Жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман!

Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,

Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,

Сәлемді қабыл көрсін, Хақ Тағалам!

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,

Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Алдыңда Нұр-Мұхаммет күліп тұрған.

Мінгені пайғамбардың жирен дейді,

Намазды он екіңде үйрен дейді.
Намазды он екіде үйренгесін,

Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,

Ораза намазыңның несі жұмыс.
Ораза, намазыңды күтіп барсаң

Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,

Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды тұтып барсаң,

Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.

Біреуі бес намаздың таң намазы,

Оқыған тал түстегі қай намазы.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.

Біреуі бес намаздың бесін біл тек,

Аллаға "оқыдым" деп қылма міндет.
Аллаға "оқыдым" деп қылсаң міндет,

Алдыңда дайын тұрар екі жендет.

Біреуі бес намаздың екінтіні,

Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.
Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,

Барғанда ахиретте өкіртеді.

Біреуі бес намаздың ақшам намаз,

Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Намазды әр уақыт қылсаң қаза,

Тартасың ахиретте өзің жаза.

Біреуі бес намаздың Жашихты,

Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Алдыңда періштелер бас иіпті.

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман.

(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады)

 

Жарапазан батасы

 

Үйіңіздің артында шатыр болсын,

Балаңыздың үлкені батыр болсын.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,

Балаңның батырлығы татыр болсын!

 

Айтайын жарапазан есігіңе,

Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.

Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,

Береді Алла бірге нәсібін де.

 

Айтайын жарапазан есігіңе,

Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.

Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,

Береді Алла бірге нәсібін де.

Аллаху әкбар,

-деп бет сипайды.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру