Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақ салты бойынша Наурыз мерекесінде істелетін ғұрыптар

Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ 20.03.2018 5667 0 пікір

 

Наурыз – қазақ күнтізбесі бойынша көктем мерекесі. Дала төсінде қой қоздап, бота боздап, тың тіршілік басталатын береке мен мерекенің айы, сондай-ақ, халықтық той күні есептеледі. Наурыз əрбір қазақ отбасы үшін ерекше қастерлі, ерекше қасиетті күн саналады. Себебі, наурыз асынан дəм татқан адам тағы бір жасқа шықты деп есептеледі. Наурыз күні адамдар арасындағы өкпе-реніш, өштік-қастық түгел кешіріліп, қам-қайғы ұмытылып, кəрі-жас шат-шадыман бейнеде барын киіп, тəтті-дəмді, жылы-жұмсағын қазанға салып пісіріп, көпшілікке дəм татқызып, барлығы мереке шаттығына бөленді. Кездескендер бір-бірімен қуана амандасып: – Жасыңыз құтты болсын, өміріңіз ұзақ болсын! Ұлыс басты болсын, төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, пəле-жала жерге енсін! – деген сияқты игі тілектер айтысып, бір-бі- рін ынайы құттықтап, ерлер қос қолдап амандасып, төс соғыстырады (қауышады), ал, əйелдер бір-бірімен құшақтасып, беттеріне-беттерін тигізеді. Сөйтіп, наурыз күні үлкен-кіші, кəрі-жас мəре-сəре шаттыққа бөленеді.

Тілеу көже

Наурыз айында жүрегі түкті Жер-ананың тоң кеудесі иіп, Самарқанның көк тасы жібіп, Жер-ана тіршілік иелерінің тілектеріне сай мол несібе, көл-көсір бақыт-байлық сыйлайды деп қараған қазақ халқы, наурыз айының тақ күндері əр отбасы кезекпен (1, 3, 5, 7, 9, 11, 13, 15, 17, 19, 21) көже жасап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, ел- жұртына тыныштық, халқына бақыт-байлық тілейді. Міне, бұл «тілеу көже» деп аталады. Ал, 22 наурыз күні бүкіл халық болып Наурыз мерекесін өткізіп, «наурыз көже» ішеді.

Наурыз көже

«Наурыз көже» – тек наурыз тойына ғана тəн, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Онда наурыз көже жасардан бір күн бұрын ауқатты адамдар қой, тіпті, бірден ірі қара сойып, оның етіне наурыз күні арпа, бидай, тары, жеміс-жидек, тұз, сүт, құрт сияқты жеті дəмді қосып, ал, қолы қысқа, əл-ауқаты төмен адамдар болса, барымен базарлап, қысқы соғымнан қалған кəрі жілік, қазы-қарта, жал-жая секілді жылы-жұмсақтарын түгел қазанға салып, қазанның төрт құлағына үлкен төрт жапырақ май қойып, бір күнге жетерлік көже жасайды. Міне, бұл «наурыз көже» делінеді. Наурыз көжені Наурыз мерекесін құттықтап, үй-үйді аралаған жұрт ішеді. Оларға үй иелері: «мынау келмеген пəлен туысыңның, мынау түген туысыңның сыбағасы» деп зорлап сый көже беріп, мереке қызығын арттыра түседі. Наурыз көже жасағанда, қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қойып пісіру – төрт түлігіміз сай, бай-бақытты болайық деген игі тілекті; жеті түрлі дəм қосу – арман-тілегімізге жетіп, қасиетті өсімдіктер секілді өсіп-өнейік, көгеріп-көктейік дегенді; ал кəрі жілік асу – өмір-жасымыз ұзақ болсын, ел-жұртқа қадірлі болайық деген арман- мақсатты білдіреді.

 

Наурыз күні істелетін ғұрыптар

Наурыз күні ел-жұрт «Ұлыстың ұлы күні» деп орындарынан ерте тұрады. Ерлер қолдарына кетпен-күрек, қыз- келіншектер əртүрлі азық-түлік, сусын алып далаға шығады да, «бастау көрсең көзін аш» деп, төңіректегі бұлақтардың көзін тазалайды. Қариялар «атаңнан мал қалғанша – тал қалсын», «бір тал кессең, Наурыз күні он тал ек» деп, өзен мен бұлақ бойларына ағаш егеді. Қазақ халқы Наурыз күнін береке мен мерекенің, қуаныш пен шаттықтың күні жəне қара жердің иіген қасиетті күні есептейтіндіктен, бұл күні ешкім түс шайысып, бет жыртыспайды. Хан мен қараның, шал мен баланың терезесі теңеліп, бір дастарқанда қатар отырып тамақтанып, күліп-ойнап көңіл көтереді. Өкпе-реніш, тіпті, өткен өш, кеткен кек кешіріледі. Суық сөз, сумақы қылық доғарылады. Ақсақалдар мен билер көк төбеге жайылған «береке дастарқаны» үстінде бас қосып: – Ал, ағайын, ақылдасайық! Арамызда жарым көңіл жесір, шер көкірек жетім жоқ па, кемдік, қорлық көріп жүрген кімдер бар? – деп, ел ішінде азып-тозып жүргендерге ақыл-көмек көрсетеді. Араздасып, бір-біріне қырын қарап жүрген адамдар мен ауылдарды бір араға бастарын қосып, береке дастарқанынан дəм татқызып татуластырады. Одан соң: «Қисыны келмей, үйлене алмай жүрген кімдер бар? Әйел-баласын аздырып, отбасын тоздырып жүргендер бар ма?» – деп сұрау салып, үйлене алмай жүргендерді үйлендіріп, берекесі кеткендерді жөнге салып, кейбір жетім-жесірлерге отау көтеріп береді. Одан кейін «бетке салық, сүйекке таңба болмасын» деп əл-ауқаты нашарлап, қайыршылық шегіне жеткен кедей, мүгедек жандарды ауқатты, бардам кісілерге жəне туыс-туғандарына бағып-қағуға тапсырып, түрлі пəле-қаза, өрт, жұт жəне нəубет, зұлыматқа ұшырағандарға жылу жиып беріп, олардың отбасы тыныш, бала-шағаларының бақытты өмір өткізуіне мүмкіндік жасап береді. Ал, сотқар-сотанақтар мен ел ішіне ірткі салған басбұзарларды көп талқысына салып тектеп, жақсы адам болу жөнінде олардың аузынан көп алдында уəде-серт алады, тіпті ант ішкізеді. Сөйтіп, наурыз күнін мереке мен қуаныштың, береке мен бірліктің, татулық пен достықтың күніне айналдырады.

Наурыз жайлы хикая

Ерте заманда, қазақ еліне қайта-қайта жау шауып, ел бірде олай, бірде бұлай ауып, мал-жандары қырылып, ел басына ауыр күн туыпты. Сондай қайғылы да қасіретті жылдың бірінде, Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап, жаудан қорғануға ыңғайлы, мал-жанға жайлы бір қорыс-қопалы аймақты қыстапты. Құдай оңдап, сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, мал-жандары қыстан аман-есен шығып, ел-жұрты мəре-сəре болыпты. Наурыз қария үлкен есепші, астроном екен. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған дəл 22 наурыз күні ерте тұрып елін аралап: – Бүгін – ұлы істің басталар күні. Күн мен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн. Жан-жануар, өсімдіктердің өсіп-өнетін, Жер-анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн. Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш, мерекемен басталар болсын! Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын! – деп əмір беріпті. Сонда қарияға кемпірі: – Ау, шал! Еліңе арықшылық уақытта той жаса дедің, қысылып əрең шыққан жұрт тойды несімен жасайды? – деген екен. Оған қарт күліп: – Той қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы есерлікпен өткізген 40 күндік сауық пен 40 жыл жиған байлықтан артық. Ал енді кемпір, отырмай сен де қабыңның түбін қақ, – депті. Қаптан бір кəрі жілік пен бірнеше кесек ет шығыпты. Оны көрген қария кемпірін мақтап: – Жарайсың, кемпірім! Тұп-тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал! Қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қой, оның біреуін пысқанда өзің же, біреуін үлкен балаңа, біреуін күйеубалаңа, біреуін немереңе бер, кəрі жілікті қарияларға тарт. Қалған еттерді турап, көжеге салып жібер жəне көжеге арпа, бидай, тұз, құрт (айран- қатық) сияқты жеті түрлі дəм қосылсын! Кəрі жілік – бабалар дəстүрін жалғасын; дəн – өсіп-өркендеуіміздің белгісі болсын; су мен тұз – ұрпақтарымыздың дəм-тұздары жарасып, мəңгі тату-тəтті өтуіне дəнекер болсын; айран-қатық – айрандай ұйып, басымыздың өмірлік бір болып, ақкөңіл, адал ниетте болатындығымыздың куəсі болсын; ал, қазан құлағына қойып пісірген төрт жапырақ май – төрт түлігі- міз сай, бай-бақытты тұрмыс кешуіміздің өмірлік бастамасы болсын. Бүгінгі осы той тамағынан дəм татқан үлкен-кіші, кəрі-жасқа түгел бір-бір жас қосылып, осы той əр жылы, дəл осы күні əрбір отбасында міндетті түрде өткізіліп отырсын! – деген екен. Сөйтіп, Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып, ұлан-асыр той жасап, жадап-жүдеген көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғыстарын жаудырып, той қызығын əлденеше күнге жалғастырыпты. Əне-міне дегенше жаз шығып, күз келіп, көзді ашып-жұмғанша қыс өтіп, тағы бір көктем келіпті. Ел-жұрт Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша, көктем тойына ерекше əзірленіпті. Қария бұл ретте жан-жаққа ат шаптырып, тойға маңайындағы алыс-жақын елдің бəрін шақырыпты. Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып: – Тақсыр, Сізді ауылымызда өтетін тойға шақырып келдім, – депті. Хан одан:-Ау, бұл қай уақытта жасалған той? Той деген жаз бен күзде жасалмаушы ма еді? Ол кімнің тойы? – деп таңдана сұрапты. Тойға шақырған жігіт не дерін білмей, сасқалақтап: – Наурыз деген қарияның тойы, Наурыздың тойы, – деген екен. Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек. Хан шапанын жамылып далаға шыққан екен, төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтіпті. Көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылыпты. Сонда хан көкірегін кере дем алып: – Бұл бір өміршең, өлмес той болып, ғасырдан-ғасырға жалғасқалы тұр екен, – деп сүйсіне тіл қатыпты.

Сөйтіп, сол той: «Наурыз тойы», жеті дəмді біріктіріп жасаған көже «Наурыз көже», той өткен ай «Наурыз айы» аталып кетіпті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру