Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тәкаппарлық

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 19.02.2018 24339 0 пікір

 

Тәкаппарлық – мінез- құлық пен жандүниенің көрінісі. Ол – адам баласының өзін өзгелерден әлдеқайда жақсымын деп сендіруі. Тәкаппарлық – адамға ақиқатты қабылдауға кедергі жасайтын рухани дерт.

Тәкаппарлықтың сыртқы белгілері: өзгелерден құрмет күту, ақыл- кеңеске құлақ аспау, дөрекі сөйлеу, өзгелердің берген кеңесіне ашулану және өзге адамдарды менсінбеу. Тәкаппарлық өркөкіректік, қызғаныш және зұлымдық секілді жағымсыз мінез- құлық тудыруы мүмкін.

Тарих беттері шайтанның құрдымға кетуіне осы тәкаппарлықтың себеп болғанын айғақтайды. Тәкаппарлық шайтанға: «Мен Адамнан артықпын»,- деп айтқызған. Оның бұл қылығы Ұлы Жаратушының әмірін менсінбеуге апарып  соғып, мәңгілікке лағынетке ұшырады.

Кімде- кім өзін өзгелерден жоғары ұстар болса, өзін кемел әрі өзгелерден озықпын деп санайды.

Тәкаппарлыққа жетелейтін екі түрлі себеп

Біріншісі – білім. Ғалым адам өзін өте білімді санағандықтан, өзгелерді надан көреді. Ондай адамның мінез- құлқы көбінесе нашар келеді. Білім көктен жауған жаңбыр секілді. Білім адамның табиғатындағы кез келген қабілетін арттырады. Егер жаңбыр суы ащы өсімдікке тиер болса, ол өсімдік одан әрі ащы бола түседі. Егер тәтті жеміске жауар болса, оның тәттілігі де артады.

Екіншісі – құлшылық. Құлшылық жасаған адам ғибадатын өзгелерден жақсырақ атқарудамын деп санайды.

Сонымен қатар, тегі, лауазымы, атақ, байлық және әдемілік секілді себептер тәкаппарлыққа ұрындыруы мүмкін.

Емделу жолдары

Тәкаппарлықты емдеудің екі жолы бар. Бірі жалпы болса, екіншісі  - айырықша тәсіл.

Жалпылай емдеу тәсілі теориялық және практикалық тұрғыда жүзеге асырылады. Теориялық емдеу – тәкаппарлық тек Жаратушыға тиесілі нәрсе екенін түсінуде жатыр. Сонымен қатар, ешқандай байлық пен сұлулықтың ізі қалмай, адам қабірдегі құрт-құмырсқаға жем болатыны жайлы ой жүгірту арқылы тәкаппарлықты емдей алады. Практикалық емдеу тәсілі – кез келген жағдайға разы болу. Ол үшін Алла елшісін үлгі тұтуы қажет. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жануарларды өзі қоректендіріп, үй шаруасын да өзі істейтін болған. Қызметкерлерімен қатар отырып тамақтанған. Бай мен кедей, ақ пен қара арасын ешқашан айырмаған. Өте жомарт, мейірімді әрі жанашыр адам болған.

Емделудің ерекше тәсіліне келер болсақ, ол кезде адам байлығы, әдемілігі секілді тәкаппарлыққа алып барған басты себептерді анықтайды.

Мысал келтірер болсақ, қарауыл қойылып, тас қамалмен құлыпталған сарай алдында тұрсыз делік. Ол сарайда баға жетпес қазына сақтаулы, алайда қолыңызда кілт жоқ болғандықтан ешнәрсе істей алмайсыз. Қазына қарауылы қолыңызға қақпаның кілтін беріп, қазынаны алуға мүмкіншілік жасайды. Осыдан соң әлгі қазынаны өз күшіммен алдым дейсіз бе, әлде кілтті берген адамның себебімен қол жеткіздім дейсіз бе?

Даңғазалық – адам баласының қол жеткізген барлық нығметінің Жаратушы Тағаладан екенін ұмыттырып, жоққа шығартатын жаман қасиет. Бұл – дерт, дертке шалдықтырған – надандық. Ал бұл дерттің шипасы – рухани таза білім болып табылады.

Алла Тағала баршамызды білімді тәкаппар болудан сақтасын! Әмин!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру