Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ...»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы    www.muftyat.kz     28.12.2017 6168 0 пікір

Өнер өкілінің бейәдеп сөзі, ақша үшін тыржалаңаш шешінген қыздың әрекеті, т.б. сайт пен әлеуметтік желінің басты тақырыбына айналды.

Мұндай қасіретті жағдаймен әркім әртүрлі тәсілмен күресіп, жамандықтың бетін қолдан келгенше қайтаруға тырысуда. Қоғам белсенділері қазақ қыздарын шешіндірген түнгі клубтың жұмысын тоқтатуды талап етсе, халық қалаулылары порнографикалық және арнайы сексуалды эротикалық сипаттағы бейне материалдарға тыйым салуды қарастыруда. Құзырлы мекеме қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және этикалық нормаларды бұзған 22 жастағы бойжеткенді (есім-сойы маңызды емес шығар) айыптап, бірнеше күнге әкімшілік қамауға алыпты. Ал кейбір азаматтар қызбалықпен шектен шыққан сол қарындасымызды соққыға жығып тастапты. Ал керек болса...

Осындай жеккөрінішті оқиғаларға қатысты қоғам, оның ішінде әлеуметтік желі белсенділерінің керағар реакция білдіргені көңілге медеу. Мұның бәрі қасиетті қазақ топырағына жеткен бүліктің бетін қайтаруға қарсы қадамдар екені белгілі.

Алайда, біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жатқандаймыз. Тәнін жалаңаштап, тәртіп бұзғанды жазалау – толық шешім емес, яки өнер өкілін қанша жерден ғайбаттасақ та – бұл жақсы нәтиже бере қоймас. Тек дұшпандық пен көзқарастың қақтығысына әкеп соғады. Нәзік жанды жұдырықпен жөнге салам деу – бұл да әлсіздіктің көрінісі іспетті. Осындайда адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығарған әз пайғамбардың хадисі ойға оралады:

«Әке ұрпағына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды».
Баладан қателік кетсе – оған ең әуелі әке жауапты. Адамның тәрбиесіне оның қоршаған ортасының (бауырлары, мұғалімдері, жанашыр жақындары, достары, т.б.) ықпалы болады. Әке әкіреңдеп тұрса, ұл қайда барып оңсын?! Алма алма ағашынан алыс түспейді немесе «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді».

Біз бәрінен бұрын өз ұрпағымыздың тәрбиесін жіберіп алмауымыз қажет-ақ...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру