Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Күйзеліспен қалай күресеміз?

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 14.12.2017 4994 0 пікір

 

Күйзеліс- өз құрбанын ақылына, бойына немесе қалтасына қарап таңдамайды. Ол — адам талғамайтын құбылыс. Оның «құшағының» жайылуы біздің зымырап өтіп жатқан өміріміздегі қарым-қатынас қарқындылығы мен күнделікті ақпараттың молаюы салдарынан болып отыр.  Бұл жағдайға біз тітіркене, күйгелектене қараймыз, яғни күйзеліске түсеміз.

Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басына түскен қасіреттерге қалай төтеп берген?

Оның сүйікті адамдары — жұбайы Хадиша анамыз бен ағасы Әбу Тәліптің өмірден қайтқан жылдары қасірет жылына айналған еді. Жанына жақын адамдардың қазасы пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты батқан болатын. Көп ұзамай ол Тайф қаласына баруы керек болады. Ал сол жерге барғанда пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үндеуін қабылдамақ тұрмақ, Тайф қаласының тұрғындары теріс пиғыл көрсетіп, оған қастандықпен қарайды. Жуырда ғана жақындарынан айырылған ардақты пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл қатты да ауыр соққы болып тиеді. Осы кезде сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға:

«…Уа, Аллам, егер Сен маған ашулы болмасаң, маған еш нәрседен қорқудың қажеті жоқ, бірақ Сен мені осы күйден құтқарсаң, маған көп жеңіл болар еді…»,- деп дұға етеді. (Әл-Мубаракфурий С.Ар-Рахик әл махтум. 125 б.)

Бұл сынақтардың Алла Тағаладан екенін түсініп, бойұсынып, торығуға бой алдырмай, Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күш жияды.

Торығу дегеніміз не?

Торығу — мүлдем түңілу дегенді білдіреді. Бұл – мағынасыз қасірет шегу. Адамның мән-мағынасыз түрде қасірет шегуі торығуға ұласады. Бұл кез келген жанды күйретіп кететін жағдай.

Бұдан түсінетініміз «кадар» («тағдыр») түсінігі мүмін адамның сабырлылығын арттырады.

Тағдырды білетін адам — болып жатқан дүниенің бәрі өмірлік сынақ, Алла Тағаланың жазмышы екенін түсінеді. Ал адам өз қасіретінің мәнін түсінгенде ғана оны жеңген болып саналады.

Бейімделу деген не?

Бейімделу — бұл әлем картинасының кеңеюі, ал оны кеңейтетін біздің жетістіктеріміз бен тәжірибеміз. Екеуінің де пайдасы бар. Жетістік сыйлық тәрізді жағымды болғанымен, тұрақты емес. Тәжірибе (ұтылу) өмірлік ресурс ретінде оңайға түспеуі мүмкін, бірақ оның көмегі ұзаққа жетеді.

Егер адам бір жасаған қателігін қайтадан жасайтын болса, онда ол әлі өткенінен сабақ алмағаны. Кейін бұл жағдайлар қайталана беретін болады да түптің-түбінде адам өзіне жақсы сабақ алады.

Әр адамның өзіндік әлемі бар. Әлдекімге ренжімес бұрын осыны естен шығармау керек. Өйткені «лақтырған тастың бәрі маған тие бермейді ғой» деп, басқа адамдар мәселе менде емес деп жауапкершіліктен қашып жатады.

Кез келген адам үш түрлі рөлде өмір сүреді:

-  «бала» рөлі (бәрін тек өзіне және молынан қалайды);

- «ата-ана» рөлі (сынайды, жақтырмайды, дегенмен қамын жеп әрі қамқор болады);

- «ересек» рөлі (болып жатқан жағдайларға әділ баға береді).

Өкінішке орай, бізде «ересектің» рөлі өте аз. Көбінесе «мен, маған, мен үшін» деген «баланың» рөлі іске қосылып кетеді. Ал «ата-ана» рөлі де көбіне пайда бола бермейді, керісінше, кінәні өршітіп немесе сыртқы агрессияны қоздырып жібереді. Бір сөзбен айтқанда, біздің реакция ырықсыз әрі жетілмеген болып келеді. Осылайша, стресске негіз пайда болады.

Күйзелістің түрлері:

Үрей

Бұл күйзелістің бастапқы түрі. Ол қарқыны жағынан әртүрлі болады әрі қалыпты жағдай болып саналады. Бастысы – созылмалы түрге айналып кетпеуіне жол бермеу.

Күйзеліс

Үрейді баспаса, ол күйзеліске айналып шыға келеді. Ол уақытша (мысалы, кенеттен жұмыстан шығарылу, әмиянды жоғалту және т.б.) немесе ұзаққа созылған (мұны үнемі жәбірленіп, жеке басы бағаланбай жүретін бала басынан өткізеді, бұл оның өмірге бейімделуін қиындатады) болуы мүмкін.

 

Жабығу

Бұл тек жүйкелік жағдайда ғана емес, сондай-ақ, физиологиялық жағдайларда да көрінетін құбылыс. Бұл ағзаның тозуына әкеліп соғуы мүмкін (мұның салдарынан жара, демікпе, жүрек жеткіліксіздігі, семіздік сияқты аурулары пайда болады).

 

Есек пен құдық туралы мысал

Бір күні есек құдыққа түсіп кетеді де көмекке шақыра бастайды. Есектің иесі фермер болса: «Есек қартайды, ал құдықтың суы тартылып қалды. Екеуін онысыз көміп тастау керек»,- деп ойлайды.  Ол бұл екі мәселені бірден шешпек болып, құдықты есекпен бірге көміп тастамақшы болады. Көршілерін көмекке шақырып, бәрі бірге құдыққа топырақ лақтыра бастайды. Алғашында есек қатты ақырғанымен, бір мезгілде үні өшіп қалады. Біршама уақыт өткен соң неліктен тыныш болып қалды деп фермер құдыққа үңілгенде, ар жақтан есек секіріп шығады. Сөйтсе, есек құдыққа түскен топырақты аяқпен таптап, құдықтың аузына дейін жетіп, құтылып кеткен екен.

 

Жалғасы бар…

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру