Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Парасат падишасының ﷺ үш жігітке айтқан насихаты

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 23.11.2017 4424 0 пікір

 

Бұл мақаламызда хазреті пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанына жақын тартып, жақсы көрген үш бозбалаға айтқан насихаттарын үмметінің жас жігіттеріне ұсынбақпыз.

Тамырдан текті тәрбие беру негізінде ардақты елшіміздің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай мәселелерге аса мән бергенін білу үшін мына үш мысал өте маңызды. Себебі, мысалдағы үшеу кішкентайынан пайғамбарымыздың тәрбиесін көріп, пайғамбарлық мектептен нәр алған жастар болған. Біріншісі, сегіз я он жасқа толғанда анасы тарапынан Алла елшісінің қызметіне беріліп, он жыл бойы әз пайғамбарға талмастан қызмет еткен хазреті Әнас болса, екіншісі- пайғамбарымыздың сүйікті немересі Хасан, ал үшіншісі- әз елшінің ағасының ұлы Абдуллах.

Әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғибратқа толы насихаттарынан оларды бір мезгілде емес, әр түрлі кезеңдерде айтып отырғанын аңғарамыз.
Саңлақ сахаба Әнас: «Мен он жыл Алла Расулына қызмет еттім. Осы уақыт ішінде ол мені ұрмады- соқпады, балағаттамады да,  тіпті маған қабағын да шытқан емес.  Маған берген алғашқы кеңесі: «Саған айтылған сырды ешкімге ашпа, сыр аманат болып табылады»,- деген болды.

«Балам, дәретіңді ұқыппен ал, сонда дәреттің сақшылары болған періштелер сені жақсы көреді әрі өмірің берекелі болады. Уа, Әнас, ластықтан арылмақ болсаң, жақсылап тазалан, ол жерден шыққан кезде күнә мен қателіктерден арылған күйде шыққан боласың. «Уа, Алланың елшісі, жақсылап тазалану деген қалай?»,- деп сұрадым. «Шашыңның түбін сула, денеңді де жақсылап жу»,- деді.

«Ұлым! Мүмкіндігінше дәретпен жүруге тырыс, себебі кімде- кім дәретті халде жан тапсырар болса, оған Алла жолында жан тапсырған жанның саауабындай сауап жазылады. Шамаң жеткенше намазыңды қаза етпе, өйткені періштелер сен үшін кешірім тілеп тұрады.

Уа, Әнас, рукуғ жасағанда қолдарыңды тізеңе қой, саусақтарыңның арасын аш, тірсектеріңді бір-біріне жабыстырма. Рукуғтан тұрған кезіңде бүкіл денең тіктелсін, өйткені Алла Тағала Қиямет күні рүкуғ пен сәжде арасында селқостық танытып, белін тіктемеген адамға назарын салмайды. Сәждеге барған кезде де қолдарыңды дұрыс қой. Сәждеге жылдам-жылам барып, әтештің жем шоқығандағы халіне ұқсап қалма. Намаз үстінде көзіңді оңды-солға жүгіртуден сақ бол.

Балам, үйіңнен шыққан кезде қарсыңнан шыққан кез келген мұсылманмен амандас, осылай етер болсаң үйіңе күнәңнан арылған халде қайтасың. Өз үйіңе кірген кезде отбасыңдағы адамдарға да сәлем бер. Жүрегіңде ешбір жанға деген жаманшылық пен кек сақтамай таңыңды атырып, кешіңді батыруға дағдылан. Осы мәселеде озық болсаң, есебіңді де оңай бересің. Балам, өсиетімді жадыңда ұстар болсаң, саған өлімнен басқа нәрсе сүйкімді болып көрінбейтін болады.  Ұлым, үлкендерге құрмет, кішілерге мейірімділік таныт.

Көп дұға жаса. Расында, дұға басқа келген бәлелері қайтарады. Бұл менің сүннетім, кімде- кім менің сүннетімді жаңғыртар болса, мені жақсы көргені, ал мені жақсы көрген жан, жәннатта менімен бірге болады».

Ардақты елшінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті немересі Хасаннан: «Алла елшісін қалай еске аласың?»,- деп сұрағанымызда, ең алғашқы болып мына үш нәрсені есіне алды:

Бірде Алла елшісімен бірге кетіп бара жатқан едік. Жолда бойында құрмалар садақаға беріліп жатыр екен. Мен бір тал құрманы алып аузыма салдым. Сол-ақ екен пайғамбар ол құрманы аузымнан алып, жерге тастады. Қасымыздағы адамдардың бірі: «Неге олай жасадыңыз, бір тал құрма жесе не болады?»,- деп сұрады. Ардақты елші сонда: «Мұхамметтің отбасына садақа алу харам етілген»,- деп жауап берді. Және бес уақыт намаз оқуды үйреткені есімде, ал үшінші мына өсиеті:

«Өзіңе күмәнді болып көрініп тұрған нәрсеге барма, көңіліңе күдік ұялатпайтын істерді қолға алғаның дұрыс. Дұрыстық адамның ішінде сенім мен тыныштық оятса, қателік күмән мен мазасыздық тудырады».

Ағасының ұлы Абдулла болса: «Бір күні Алла Расулының жанында жүрген едім, маған:

«Ұлым, саған айтар аз насихатым бар. Алла тағаланың әмірлері мен тиымдарын қорға, сонда Раббың да сені қорғайтын болады. Алланы қорғар болсаң, Оны қашанда жаныңнан табасың. Қалағаныңды да, жәрдеміңді де Алладан сұра. Есіңде болсын, егер бүкіл үммет саған жәрдем етпек болып жиналар болса, Алланың тағдырыңа жазғанынан артық жәрдем бер алмайды, сол секілді саған зиян бермек болып жиналса да, Алланың жазғанынан артық зарар бере алмайды»,- деп есіне алады.

Жүрегі Отаным, елім, дінім деп соққан, жақсылыққа асық, жамандықтан қашық бозбалалар ардақты елшінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыдағы насихаттарына бей-жай қарамасы анық.                      

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру