Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мәуліт – әз елшіні (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлықтайтын мереке

Ғалымбек Төлегенұлы ЖАПЕК, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы. 20.11.2017 3754 0 пікір

Картинки по запросу мечеть пророка

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Рамазан Аль Бути: «Адамдар Алланы мадақтау үшін жиналып, онда Алла разылығы үшін пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын, жақсы қасиеттерін, болмысын, Алланың алдындағы орнын айтып отырса болады,» – десе, осы ойды бұрынғы және бүгін таңдағы ғұламаларымыз да айтқан.

Мәуліт – көптеген Ислам ғұламаларының мойындаған меркесі. Ол алтыншы ғасырдың соңында пайда болған. Бұл жөнінде Әль Харари: «Мәуліт мерекесін атап өту сүннетте болмағаны үшін оның қайтарылуы не тыйым салынуының негізі жоқ. Шариғаттың заңында ардақты елшінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) амал жасамаған нәрселерін орындамау керек дейтін шектеулер жоқ,» – деген. Сонымен қатар мәуліттің көп жақсы жақтары бар. Пайғамбарымыздың заманында Кәғб бин Зухайр деген сахаба Алла Елшісін жақсы сөздермен мақтағанда жанында тұрған Хасан бин Сабитте соның сөзін қуаттаған. Исламда пайғамбарды еске алмасын, жақсылықтарын ұмытсын деген жері жоқ. Алла Тағала «Қалам» сүресінің 4 аятында:

«Шын мәнінде Сен ұлы ахлақтың (мінез-құлықтың) иесісің» –деген.

Алла Тағала Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жақсы қасиетті нәсіп етті. Оған берген қасиетті басқа пайғамбарлардан артық қылды. Алла Елшісі барлық пайғамбарлардың соңғысы. Соңғы болғаны үшін де бұл дүниеде оның жолында және үмметінде де ерекшелік бар. Бұл жайында Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Менің өзіме және үмметіме қиямет күніне дейін жақсылық келіп тұрады,» – деген.

Алла Тағала Мұхаммедті адам баласының болмысындағы жақсы мінез-құлықтарды, мейірімділікті қайтару үшін жіберген. Алайда адамның бойында бойсұнушылықпен қатар күнаға бой алдырып қоятын жаман қасиеті де жоқ емес. Бірақ сол жақсылық оның үмметі үшін шектеулі ғана. Үмметі Оның бойындағы кемелдіктің бәріне де толық ие бола алмайды. Біреулер кемелдіктің біреуіне ие болса, екінші бірі басқа сипатын иеленуге тырысады. Ал үшінші бірі өзіне басқа бір сипатын бойына жинағысы келеді. Осылайша, мұсылмандар Оның кемелдік сипаттарымен сипатталып басқаларға үлгі бола алады.

Қоршаған ортадағы табиғаттың өсімдіктегі, тау-тас, жануарлардағы  Аллаға деген бойсұнушылық болмысы бар. Алла Тағала адам болмысындағы бойсұнушылықты, кішіпейілділікті оның есіне салып, кеңейтіп «Хаж» сүресі 17 аятында:

«Есіңде болсын, жеті қат көктегілер, (періштелер), жер бетіндегілер (адам, жын, бар мақұлық күн, ай, жұлдыз, тау, терек, хайуанат барлығы және адамдардың көпшілігі Тәңіріне бас иеді, ал біраз адам (күпірлік жасап) қаһарға ұшырайды. Құдай қырына алған адамға құрмет көрсетуші жан болмайды. Тегінде, Алла өз қалағанын жүзеге асырады. Жер мен аспандағы барлық нәрсе Аллаға сәжде етеді. Адамдардың көбі мұны білмейді,» деген.

Табиғаттағы басқа да жаратылыстармен адамның табиғатындағы үйлесімділік сәйкес келу керек. Сонда ғана Алланың заңдылығына бойсұнған болады. Бойсұнушы пенде мен табиғаттың үйлесімділігі қатар келсе ғана айналасына махаббатпен қарайды. Қарсы шығушылық бойында болған күнаһар адам өзімен өзгенің арасын бұзады. Әлемдегі басқа да жаратылыстар сияқты Жаратушыға бойсұнушылығы болуы үшін қоршаған ортамен болатын осы үйлесімділікті Алла Тағала пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы адамзат баласына қайтарып берді. Пайғамбарлықтың сүннеті Құранның қуаттауымен бүгінге дейін жетуі мұғжиза. Кейбіреулердің күдіктері және басқаларды күманға салуы өздеріне қарсы құжат болуда. Алла Тағала «Нахыл» сүресі 44- аятында:

«Біз оларды да айқын дәлелдермен, (қасиетті) Кітаптармен жібергенбіз. (Ей Мұхаммед!) Құранды Біз саған адамзатқа қажетті заңдарды түсіндірсін, Қүранның мағынасына бойлатып, тағалым алдырсын деп жібердік» – деген.

Алла елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүктелген ең маңызды тапсырма Алланың сөзін баяндау. «Қиямет» сүресінің 16,17,19- аяттарында:

«(Ей Мұхаммед!) Өзіңе түскен уахиді бірден жаттап аламын деп жанталаспа. Оны жинау, ұқтыру – Біздің міндетіміз. Сен сол оқып берген нәрсені ғана қайталап айтып тұр.» – деген.

Пайғамбарға баяндау міндет болған нәрсе мұсылмандарға да міндет болып жүктеледі. Алла Тағала «Хашыр» сүресі 7 аятында:

«Алла Елшісі сендерге не берсе алыңдар да, ол сендерді неден тыйса содан тыйылыңдар және Алладан қорқып сақтаныңдар. Ақиқатында Алланың жазасы қатты,» деген.

Демек, соңғы пайғамбардың келуімен әлемдегі барлық жанды-жансыз нәрселердің қуанғанын түсіне білген адам Алла Тағаланы танып, ұлықтаушылардан болады. Әлемдегі барлық нәрсе Аллаға иман келтірді, куә болды, естіді, өздерінің болмысындағы дәлеледерді естіді. Біз олар жайлы «Хаж» сүресінің 17 аятынан хабар алдық, оны қуаттадық. Ақылымыз қуаттай алмаған хабарларды қабылдауды не бас тартуды да өз еркімізге берді. Барар жеріміздің айналып келген де Алланың құзыры екенін Құранмен ескертті.

Біз пайғамбарымыз арқылы хақты танып, Аллаға мойын ұсындық. Ақ пен қараны ажыратып, асыл міндетімізді біліп, бақытымызды таптық. Ендеше, әз елшінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлеі болсын) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы.

Бұл Мәуліт айында ардақты Пайғамбарымызға көп салауат айтып, Алла Елшісіне деген махаббатымызға аса мән берейік. Алла Тағала елімізге амандық, жүрегімізге тақуалық берсін! Амин

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру