Иманды, исламды ойламай жүрегім таза деген адам Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) мына сөзін еске алсын: «Тіл таза болмайынша  жүрек таза болмайды, жүрек таза болмайынша иман кәміл болмайды.» Сонда мұсылман адам бала-шағасына өсиет айтып, дінді үйретіп,  ақыретке артынан баратын сауаптарды да ұмытпау керек.

Дүниеден өткен адамның артынан баратын үш сауап бар. Оның бірі, бала-шағасының дұғасы, оқыған намазы, ұстаған оразасы, имандылық жолында жасаған әрбір ізгі істерінің сауабы. Екіншісі, көзі тірісінде ел игілігі үшін ағаш отырғызса, жол салып, көпір соқса, мешіт, медресе тұрғызса, құдық қаздырып кетсе. Осыларды пайдаланған адамдардың рахметінің сауабы.

Үшіншісі, жазушы болып кітап жазып, ұстаз болып бала оқытып, тәрбиелеп  имандылық жолын көрсетіп кеткеннің сауабы оның амал дәптеріне жазылып тұрады. Бүгінгі таңда медреселер мен діни жоғары оқу орындарында оқытылып жатқан кітаптардың дені XII-XIV ғасырларда және одан кейінгі уақыттарда өмір сүрген атақты дін ғалымдарының жазып қалдырған еңбектері. Қанша ғасыр өтседе ғалымның хаты өлмейтінін көріп отырмыз. Солардың еңбегін пайдаланған  қаншама мұсылмандар имандылық жолын тауып бала-шағасында да осы жолға тәрбиелеп бақытты өмір сүруде.

Бұл өмірдің соңғы аялдамасы-қабір. Дүниеге тоймаған адамның көзін де қарнында тойдырытын топырақ. Сол қабірдің бүгінгі көріністері ешкімді ойландырып отырған жоқ. Марқұмның тірі кезіндегі  тұрмысын оның қабірінен көруге болады. Қабірінің басына салынған кесене оның осы дүниедегі дәрежесін ғана көрсетсе, астында жатқан бай мен кедейде, патша мен жарлы да бір деңгейде жатыр.

Байлары тереңіректе, кедейлері бержағында жатқан жоқ. Артында қалған туыс-бауырлары, бала шағасының шығындалып салдырған кесенесінің сауабы бармайды. Сол кесенеге кеткен қаражатпен жоқ жітіктің жамауын жамағанның ғана сауабы марқұға тиеді. Бір ауылдық мешітке кететін қаражатты жұмсап үлкен кесене салдырып төбесін жапқаннан марқұмға келер пайда жоқ. Үсті жабылған қабірдің топырағына жаңбыр тиіп нәр берсе, күннің көзімен үстіне шөп өссе, сауап міне осында. Күмбез қойып марқұмнан Құдайдың күнін, жауынның суын аядың ба? Шыққан шөптің әрбірі Аллаға таспих айтып тұрса, сауабы марқұмға тимей ме? Қолыңнан келсе басына ағаш отырғызып, гүл егіп қой.

Марқұммен бірге қабірге дейін бала-шағасы, жиған-терген дүниесі және тірі кезінде жасаған сауап пен күналары ілесіп барып, оның алдыңғы екеуі (бала-шағасы мен дүниесі) кейін қайтады, ал соңғысы өзімен бірге қабірде қалады. Сонда қабірдегі сұрақ-жауапқа жиған дүниесімен емес, тапқан сауап-күналарымен жауап береді.

Бір облысқа имамдық қызметке бара жатқан жігіттен пойыздағы жолаушылар әңгіме үстінде қайда бара жатқанын сұраған екен. Имамның жауабын естіген бір қария «Балам сен тірілерінен қарағанда өлгендері бай тұратын елге имам болып бара жатыр екенсің»-депті. Қабіріне қарап кім екенін танитын жағдайғада жеткен екенбіз.  Марқұмның құрметі өлгеннен кейін басына тұрғызылған кесенемен емес, лахадын кең қылатын қабыр қазушының күрегі емес, жатқан жерін жарық қылатын, жатқан бөлмесіне қырық күн жағылған шам емес, өзінің тірі уақтында халық игілігіне жасаған сауапты істері. Алла баршамызға шынайы мүмін-мұсылман болып өмір сүріп, иманмен дүниеден өтуімізді нәсіп етсін. Ысырап қалған дүниемізбен ақыретте есеп беруімізден сақтасын. Амин.