Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Исламдағы ұлтаралық татулық

Тілейбек қажы Соянұлы, Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мешітінің бас имамы   www.muftyat.kz 06.11.2017 5612 0 пікір

 

Халқымызда ұлтаралық татулыққа айырықша маңыз берілген. Қазақтың данасы Ұлы Абай атамыз:

"...Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" - деген өлеңі арқылы адамдар арасындағы ынтымақ пен татулықты сипаттауы да тегін емес.
Асыл дініміз ислам ұлтаралық татулыққа байланысты тағылымдарға толы. Алла Елшісі: (с.ғ.с.) «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб, араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан, тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың» деп бар адамзат баласын тең құқұыққа ие екендігін айтқан.

Сонымен қатар  «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Алла жолында сендер де соғысыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды» деп,  әр адам өз тіршілік қарекетімен күн кешіп, тыныш та бейбіт өмір сүруді уағыздаған.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с)  өз өмірінде аса мейірімді, қайырымды болғандығын байқаймыз. Алла Елшісі (с.ғ.с) исламды қабылдаған немесе қабылдамағанына қарамай барлық адамды бауыр тұтып, ауырса көңілін сұрап, қуанышына ортақтасып тұрғандығын ғибратты әңгімелерден байқай аламыз.

Қазіргі таңдағы кері ағымдағы көқарастар секілді емес дінге кіру адамның өз таңдауына байланысты. Сахабалармен әулиелер қашанда исламды даналық арқылы жаюды мақсат еткен.

Атап айтқанда қасиетті Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 256 аятында:

«Дінде зорлық жоқ» деп көрсеткен. Асыл дінімізде  дін жаю үшін соғысуды қолдамайтындығын білеміз. Ислам-ең бастысы бейбітшілік діні.

Құранда «Мұмтахина»  сүресінің 8 аятында  Алла  Тағала:

«Сендермен соғыспаған, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, оларға   әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» деп тек қана әділдік пен турашылдықты жақтайтындығын көрсеткен.

Ұлы Жаратушы адамзат баласына  «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» делінген. («Ағраф» сүресі 199 аят) Асыл дінімізде ұлтаралық түсіністік пен төзімділік туралы Құранкәрімнің:«Әнфал»  сүресі  46 аятында  «(Барлық істе) Аллаға және оның пайғамбарына бойұсыныңдар, өзара тәжікелеспеңдер, әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды» деп бұйырған.

Сондықтан еліміздегі басқа ұлттардың да мәдениеті мен дініне түсіністікпен қараудың маңызы зор.

Әуелі Алла, сосын  Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз еліміз татулық бесігінде тербелуде. Бүгінгі таңда Қазақстан ұлттар ынтымағының ұйтқысы болып, күллі жаһанға үлгі болып отыруы зор мәртебе. Бұл  сарабдал ішкі саясаттың, еліміздегі 130  ұлтқа өзінің салт -дәстүрін, тілін дінін, ұлтық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік жасағандықтың айқын нәтижесі екені анық.

Тұрақтылық бар жерде даму мен ілгерлеушілік бар десек, еліміздің тұрақты дамуының кепілі ұлттар ынтымағында! Бірлігіміз бекем болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру