Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шайтанның кедергі келтіруінен қорғайтын 5 амал

www.muftyat.kz 24.10.2017 13114 0 пікір

Құдіретті Алла Тағала Адам Атаны жаратқанда, барлық періштелерге сәжде жасауды бұйырады. Қасиетті Құранда бұл оқиға былай баяндалған:

«Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер! дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады» (7:11).
Иә, періштелердің арасында жүретін Ібіліс қана Алланың бұйырғанын орындамаған еді. Қанша уақыт бойы Аллаға адал қызмет еткен Ібіліс тәкаппарлыққа берілді. Сондағы Алланың үкімі қандай еді? Құран аяттары былай жалғасады: 
Алла Тағала айтты: «Одан түс. Сенің мұнда өзіңді жоғары санап, менменсуіңе орын жоқ. Шық! Сен –қор етілгендерденсің». Ол: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мерзім бер» деді. Алла: «Сен – уақыт берілгендерденсің» деді. Ол: «Сен мені адастырғаның үшін мен оларға қарсы Сенің тура жолыңда міндетті түрде (тосып) отырып аламын. Содан кейін оларға алдынан, артынан, оң жағынан және сол жағынан келемін. Сөйтіп, мен олардың көпшілігін шүкір етушілер (Раббыңның берген игіліктеріне разы болып, алғыс білдірушілер ретінде таппайсың» деді. Алла айтты: «Одан айыпталған және қуылған түрде шық! Олардан (адамдардан) кім саған ерсе, міндетті түрде сендердің барлығыңмен Жаһаннамды толтырамын» деді (7:13).

Көрдіңіз бе? Шайтан сонау Адам Ата жаралған уақыттан бастап бізді азғырумен, бізге зұлымдық жасап, арбап-алдаумен келеді.

Соның айтқанына еріп, айдауына жүргендердің күйінің қандай болатынын Алла Тағала Қасиетті Құранда ескертті емес пе? Ендеше, сол шайтанның қастандығынан, арам пиғылынан аман қалып, ақыретте оның «әскерінің» қатарында болғыңыз келмесе, онда төменде айтылатын игі амалдарды жиі орындап жүруге тырысыңыз.

Иман келтірген жанның бүткіл ғұмыры игілікке негізделіп, жақсы амалдар жасауға, Алла Тағаланың разылығын алуға ұмтылудан тұрады. Және өзін зұлымдықтан сақтап, шайтанның азғыруынан қорғануға күш жұмсайды. Шайтан бізді ақиқат жолдан тайдырып, ісімізді шатастырады, басқа жандармен қарым-қатынасымызды құртады. Сондықтан оның қастығынан, арам ойынан өзімізді, өз шаңырағымызды және істерімізді қорғап, қауіпсіздендірудің әрқайсымызға өмірлік маңызы бар. 

Келесі амалдарды ұдайы жасап жүру арқылы осыған қол жеткізе аламыз: 

1. Істің басы «Бисмиллә»

Кез келген ісіңізді – «Бисмиллә» сөзімен, яғни, Алланы еске алумен бастаңыз. Бұл шайтаннан өзіңізді, жақындарыңызды, өз ісіңізді аластатудың ең басты әрі тиімді амалы. Осы сөзді айту арқылы адам өзін Алла Тағалаға тапсырады. 

2. «Бақара» сүресі

Құран сүрелері мен аяттарын оқу шайтаннан қорғайды. Егер өз шаңырағыңызды, өз істеріңізді қара сиқырдан қорғағыңыз келсе, онда «Бақара» сүресін оқуды әдетке айналдырыңыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Бақара» сүресін оқыңдар, оны үнемі оқып отыруда береке бар, ал оқымай тастап кетсеңдер, сендер үшін — уайым, сиқыршылардың бұл сүреге әлдері жетпейді» (Ахмад, Мүслим).

Ал басқа бір хадисте былай келтірілген: «Шындығында, шайтан «Бақара» сүресі оқылатын үйден қашады» (Мүслим). 
Сондай-ақ, хадистердің біріне сай, «Бақара» сүресінің соңғы 10 аяттары жиі айтылатын үйге шайтан кіре алмайды делінген (Дарими). 

3. Азан

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазға шақырған азан үнінен шайтан қашады» дейді.(Бұхари).
Осы себепті жаңа үйге көшіп кірерде ең бірінші азан айтылғаны абзал.  

4. Нәпіл (Ерікті) намаз

Хадистердің бірінде: «Үйлеріңде нәпіл (ерікті) намаз оқыңдар, өйткені парыз намаздардан соң оқылатын ең үздік намаз — бұл үйде оқылатын намаз» (Бұхари).
Ғалымдар мұның үш себебін түсіндіреді: 
Нәпіл намаз – береке көзі; 
Шайтаннан қорғайды; 
Шынайылыққа себеп(Фатхул Бари). 
Нәпіл намаз оқуды өзінің тұрақты әдетіне айналдырған адам, міндетті түрде өмірінің берекеге толғанын байқайды.  

5. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті 

Жоғарыда айтылған барлық игі амалдарға қосымша Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кез келген сүннетінде береке және шайтаннан қорғаныс бар. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін мүмкіндігінше орындап отырсаңыз Алланың қалауымен өз үйіңіз бен істеріңізді шайтанның азғыруынан сақтап қаласыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру